Қарсақбай және қарсақбайлықтар
Сағындық Қожамсейітов
Мұхтар Сейтжанов
© Сағындық Қожамсейітов, 2021
© Мұхтар Сейтжанов, 2021
ISBN 978-5-0051-0508-0
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Қарсақбай және қарсақбайлықтар
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында шығып отырған «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» кітабы Қарсақбай мыс қорыту зауытын салу, өндірістік қуатын игеру және одан әрі дамыту тарихына арналған. Бұл – кеңестік шығыстағы қазан төңкерісінен кейін салынған тұңғыш металлургиялық кәсіпорын. Мұнда мыс кенін байыту, мысты балқыту өз заманындағы ең озық технология бойынша атқарылды. Қарсақбай зауытының тәжірибесі Балқаш, Жезқазған және Кеңес Одағының басқа ірі түсті металлургия кәсіпорындарын жобалағанда ескерілді.
Қарсақбайда қазақ ұлттық тұңғыш жұмысшыларының үлкен қауымы қалыптасып шыңдалды. Талай металлургтер әулеті «Қазақмыс» корпорациясында, оның ішінде Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбегін жалғастыруда. Жұмысшылар, инженер-техниктер ортасынан аты бүкіл елімізге мәшһүр ғалымдар, ірі өндіріс ұйымдастырушылары, мәдениет және өнер саңлақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты.
Қарсақбай зауыты Қазақ елінің, Арқаның, Ұлытау өңірінің экономикалық және әлеуметтік дамуына игі ықпал жасады. Зауыт ұжымы жіберген жұмысшылар ауылда сауатсыздықты жоюға, ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп дамытуға, шаруалардың тұрмыс жағдайы мен мәдениетін көтеруге қатынасты.
Бүгінде Қарсақбай мыс қорыту зауыты негізінде құрылған металлургиялық зауыт ырғақты жұмыс істеп тұр.
Қарсақбайлықтардың 90 жылдық даңқты жолы, ұйымшылдығы мен жаңашылдығы, жоғары өндірістік мәдениеті мен тәжірибесі бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін құнды мәдени-рухани қазына болып табылады.
Кітап жалпы оқырманға арналған.
«Қазақмыс» корпорациясының еңбек ұжымына
Қымбатты достар!
Қазақстанда тұңғыш қара мыс балқымасы алынғанына 70 жыл толған атаулы күнге байланысты шын жүректен жолдаған кұттықтауымды қабыл алыңыздар. Қарсақбай мыс қорыту зауытында болған бұл оқиға еліміздің кен-металлургия кешенінің негізі қаланғанын айғақтайтын мемлекетіміздің тарихындағы маңызды белес болды.
Осы жылдары Жезқазғанның металлургтері мен кеншілері еліміздің еңбек өмірбаянына даңқты беттер жазды, ал сіздердің кәсіпорындарыңыз Қазақстан индустрияның флагманы болып отыр.
Мұны Сіздердің жасампаздық жемісті еңбектеріңіз дәлелдейді. Күрделі экономикалық өзгерістер кезеңінде «Қазақмыс» корпорациясы шаруашылық жүргізудің нарықтық тетіктерін нәтижелі меңгеруде, өндіріске осы заманғы озық технологияларды еңгізіп жатыр, шетелдік әріптестерімен белсенді жұмыс жасап, ірі инвестицияларды тартуда.
Менің Сіздің кәсіпорында бірнеше рет болуына тура келді. Мен жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің жоғары іскерлік және творчестволық көңіл-күйіне, өндірісті жетілдіруге, жоғары нәтижелерге жетудің жолдарын іздеуге үнемі құлшыныста екеніне әрдайым көзім жетіп келеді.
Шын көңілден мерейтоймен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жеңістер, амандық, барлық ұжым мүшелеріне денсаулық тілеймін.
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев.
«Подробности» газеті, 1998 жыл 27 қазан.
Құрметті оқырман! Алдыңыздағы «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» атты кітап Қазақ елінің кітапхана қорына тағы бір кірпіш болып орынын толтырып отыр.
Қазақ кең даласының жүрегінде орналасқан, талай тарихи оқиғалар мен ерекше дала мәдениетінің дамыған замандарға куә болған Ұлытау аумағында ежелден дамыған тіршіліктің бірі түсті металлургия болды. ХХ ғасырдың басында кен өндіріп мыс балқытудың жаңа ірі көлемдегі даму процессі басталды. Ол процесс Қумола өзенінің бойында Қарсақбайда басталып, жалғасы Үлкен Жезқазған кен-металлургиялық комбинат болып жалғасты.
Сіздің назарыңызға ағылшын инвесторларының мыс өндірісі іргесін қалаған кезең, Кеңес үкіметінің индустрияландыру науқаны, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі өзгерістер мен түсті металлургияны соғыстан кейін әрі қарай дамыту процесстері ұсынылады. Кітаптын басты кейіпкерлері атақты металлургтер, жоғары дәрежеге жеткен жұмысшылар, құрметке бөлеңген инженерлер, техниктер, т.б. мамандықтардың иелері.
Читать дальше