Еліміз тәуелсіз индустриалды республика болып қалыптасуына түрткі болған түсті металлургия Қарсақбайда шыңдалып оңдалды. Зауытта жиналған өндірістік тәжірибе, мамандыққа шыңдалған жұмысшы тобы Қазақ елі мен Кеңес аумақтарында индустрияның дамуына өз үлестерін қосты.
Кітапта Қарсақбайда болған тарихи оқиғалар, өндірістік даму жолдарындағы қиыншылықтар мен жетістіктер, қазақ жұмысшылар тобының қалыптасуы, түсті металлургияға еңбек сіңірген металлургтер мен стахановшылардың еңбектегі ерліктері баяндалған.
Қарсақбай Жезқазған мыс кенін игеру кезінде сынақ алаңына айналды. Мұнда өндіріске қажетті инфрақұрылымның дұрыс пайдалануы, тұрғын-үй құрылысының тиымдылығы, жол қатынасының дамуы, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік өзгерістердің қатан-қысты табиғи ерекшеліктеріне сіндірілуі нешетүрлі жолдармен дамыды.
Ақпарат жинақталған кезде кітап авторлары елімізде болған тарихи оқиғалардың Қарсақбай зауытының жұмысына тигізген әсерлерді мүмкіндігінше тақырып түрде ашып, барлық оқырманның назарына қызықты және түсінікті етіп жеткізуге тырысты.
Сағындық Қожамсейітов.
І бөлім. Қарсақбай. Энциклопедиялық анықтамалығы
Айтбаев Әбдіхалық(1937, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) 1956 жылы мемлекеттік Қарсақбай мыс зауытының байыту фабрикасына сусорғыш машинисі болып жұмысқа қабылданады, келесі жылы қарашада металлургиялық цехқа шихтшы болып ауысады. Өз мамандығының қыры-сырын зерттеп, жұмысының құпияларына қаныға береді. Шеберлік санаты өсіп, көп ұзамай аға шихтовшы болады. Қарсақбай мыс қорыту зауыты жұмысының тоқтауына байланысты жаңадан салыңған Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа шақырылды. Мұнда шихтовшы, түсті металлдарды құюшы, газ қондырғысын тазалаушы, жоғары санаттағы мыс балқытушы болған. Мыс өндірісіндегі 35 жылдық жұмысында өнімді, сапалы, берекелі еңбегі үшін оған 8 рет алғыс жарияланған. Коммунистік еңбектің екпіндісі. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен марапатталған. «Социалистік жарыстың үздігі» төс белгісінің иегере.
Айтқұлов Әубекзауыттың күрделі құрылыс бөлімінде 1939 жылдан слесарь болып жұмыс істеген. Технологиялық құрал-жабдықтарды, механизмдерді құрастырудың күрделі жұмыстарын атқарады. Өндірістік тапсырманы жоғары сапада 160 пайыздан асыра орындауды әдетке айналдырған. Бірге еңбек ететін жас құрылысшыларға білгенін айтып, еңбек тәсілдерін іс үстінде көрсетіп отырады. Көпшілігі Қарсақбайдың алақаны алтын атақты құрылысшылар қатарына қосылған. Айтқұлов «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбек үшін» медалімен марапатталған.
Айтмұқанов Жұмабек(03.1937, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) жалпы орта білімімен үздіксіз ізденуі нәтижесінде Қарсақбай мыс қорыту зауытында ұзақ жыл инженерлік қызметті абыройлы атқарған азамат. 1953 жылы Қарсақбай кентінде орталау мектепті бітірген соң темір жол цехына жөндеуші болып орналасады. Өндірістен қол үзбей сол кездегі өзінің замандастары кешкі мектепте орта білім алады. Кеңес әскері қатарында әскери міндетін өтеп қайтады. Металлургиялық цехта жөндеуші, дәнекерлеуші, механик болып еңбек етті. 1973 жылдан зауыттың конструкторлық бюросының бастығы. 1979 жылдың басынан механикалық цехтың телім бастығы болып тағайындалған. Мыс қорыту зауыты өндірістік бағытын түбірінен өзгертіп, шойын балқытып, ірі қосалқы бөлшектерге дайындауға көшіп жатқан шақта құю-механикалық телімнің бастығы қызметіне келді. Қиын ауқыт еді. ҚазКСР түсті металлургия министрлігінің, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттарының, ауыл шаруашылығы құрылыс кәсіпорындарының тапсырыстарымен қосалқы бөлшектер, темір торлар, басқа да өндіріске қажетті жабдықтарды құйды, механикалық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Металлургия зауыт өнімдері «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен, металлургия, құрылыс салаларының қажетіне сай келіп, сұраныс көбейіп отыр. Айтмұқанов коммунистік еңбек екпінді. Бірнеше жыл қатарынан түсті металлургия саласындағы социалистік жарыс үздігі төс белгісіне ие болды.
Айтмұқанов Жұмабек
Академик Қ. И.Сәтбаевтың музей-үйі1969 жылы сәуірде академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай Қарсақбайда ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мемориалдық музей болып ашылды. Осылайша бүкіл қарсақбайлықтар үлкен шаңырақ санайтын киелі орын мәдениет ошағына айналды. Қ.И.Сәтбаевтың жеке мұрағатынан алынған, оның ұрпақтары жинақтап өткізген жәдігерлер мұражай қорының басты құндылығы. Музей экспозиясын құруға ғалымның қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз Қанышқыздары көп еңбек сіңірген. Көрмелерде Қ. И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа материалдары жинақталған. Кішігірім 5 залды қамтитын музей экспонаттары құндылығы, мазмұны жағынан ерекше бағалы. Ұлы академиктің киім-кешектері, күнделікті қолданған, тұтынған заттарына дейін қаз-қалпында сақталған. Ғалымның зайыбы Таисия Алексеевна Кошкина-Сәтбаева қысылған сәтте нан тақтай ретінде қамыр жаятын геологтың сызба столын көргенде уақыт тоқтап қалғандай, осы үйдің иесі қазір кіріп келетіндей әсер қалдырады. Негізгі қорды құрайтын 3 мыңға жуық жәдігерлердің барлығы дерлік түпнұсқа ретінде бағаланады.
Читать дальше