1932 жылы ақпан айынан бастап ақпарат таратушы құрал ретінде Қарсақбай радиостанциясы жұмысын бастады. Сол жылы тамыз айында радиостанцияға ауданның 9 ауылы қосылды. Бұл жұмыс аудан халқын бір ақпараттық кеңістікке жұмылдыруға жол ашты.
Радиостанцияның негізінде 1934 жылы жұмысшылар мен шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Қарсақбай аудандық радио комитеті құрылды. Комитетке төменгі міндеттер жүктелді: а) орталық, өлкелік және жергілікті газет материалдарынан саяси ақпарат тарату; б) өндіріс және ауыл өмірінің жетістіктерін жарыққа шығару; в) өндірістік-техникалық рационализациялау мен жоспарлауды насихаттау; г) цехтағы жұмысты көрсету; д) көркем бағдарламаларды тарату. Радио комитет құрамына Хангелдин, Дәулетшин, Әміралин, Малчанов және Суляев кірді.
Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Сейтжанов
Ақындар айтысы.Мыс қорыту зауытының 80 жылдығына байланысты 2008 жылы наурызда Жезқазғанда «Мыс бұлағын ағызған» деген тақырыпта екікүндік республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа елімізге аты танымал, ақтаңгер айтыс ақындары Айнұр Тұрсынбаева, Айтақын Бұлғақов, Бекарыс Шөйбеков, Айбек Қалиев, Ринат Зайытовтар мен қатар сахнаға жаңа шыққан жас айтыскер ұл-қыздарымыздың үлкен шоғыры келді. Ақындар Қарсақбайдың кешегісін, бүгінгісін, ертенгісін, өткен ғасырда мыс бұлағын ағызған еңбек батырларын, өндіріс жаңашылдарын, ғылым, мәдениет, өнердің жұлдызы жаңған майталмандарын жырға қосты. Қарсақбайды қайта түлету де өлең арқауына айналды. Айтыстың бас демеушісі «Қазақмыс» корпорациясы басқа сый-сияпаттарды айтпағанда жүлдегерлерге үш автокөлік тігуі ұлттық өнерімізге қолдау білдірудың жарқын үлгісі болды. Қазылар алқасы бас жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Маржан Есжанова лайық деп шешті.
«Мыс бұлағын ағызған» деген тақырыпта екікүндік республикалық ақындар айтысы
Алтыаяқов Байман(т.ж.б.-ө.ж.б.) – ұста, зергер. Қарсақбай кентінде туып-өскен. Алтын, күмістен әртүрлі әшекей бұйымдар жасаған. 1916 жылы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде үлкен ұстахана басқарып, сарбаздарға арнап қылыш, найза, қанжар, мылтық, т.б. қару түрлерін соққан. Алтыаяқов Аманкелді батырдың өзі және сарбаздары ұстаған қарулардың түпнұсқасын жаңадан жасап Қазақ ССР Ғылым Академиясына жіберген. Осыған байланысты Қ. Сәтбаев «бұл қару-жарақтар белгілі бір тарихи дәуірдегі қазақ халқының жауынгерлік мәдениет үлгісін бейнелейді. Мұның қазіргі ҰОС кезіндегі маңызы да үлкен» деп жазды. Байекеңнен «Байман ұста емес, сайман – ұста» деген ұлағатты сөз қалған.
Алтыаяқов Байман
Аманқұлов Серік Айдарбекұлы(20.04.1955, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) – «Қазақмыс» корпорациясының филиалы Қарсақбай металлургиялық зауытының токарі. Еңбек жолын 1973 жылы зауыттың темір жол цехында машинист көмекшісі болып бастаған. 1976 жылы Кеңес әскер қатарында борышын өтеп келгеннен кейін зауытқа қайтып келіп, құю-механикалық теліміне токарь шәкірті болып жұмысқа қабылданды. Осы күнге дейін орнын суытпай тәжірибелі жұмыс атқарып токарьлардың бригадирі ретінде зауттың қарқынды жұмыс істеуіне мол үлесін қосуда. Аманқұловтың адал және қажырлы еңбегін «Қазақмыс» корпорациясы жоғары бағалады. Ол «Қазақстанның бірінші мысы» төсбелгісі және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Аманқұлов Серік
Асанбеков Қазыбай(10.04.1932, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшар – 19.02.2009, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) соғыс жылдары бала кезінен ұжымшардың шаруасына араласқан. Еңбек жолын 1949 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы болып бастаған. 1958 жылдан ұнтақтау-транспорттық цехында ұнтақтаушы, 1962 жылдан сол цехта өндіріс телімінің шебері, 1970 жылдан метеллургиялық цехта горновой, 1974 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында балқытушы болып жемісті еңбек етті. Қ. Асанбеков Еңбек Даңқы орденінің, «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970) және басқа медальдар мен төсбелгілерінің иегері.
Читать дальше