Ахметов Мақпұл, Сәтжан
Ахметов Смайыл(1896, кәзіргі Қарсақбай кенттік округі – ө.ж.б.) – атақты мыс балқытушы-металлург. Еңбек жолын 1926 жылы Қарсақбай темір жолының құрылысында жер қазушы болып бастаған. 1928 жылы металлургиялық цехте тиеуші. 1930 жылы сол цехте горновой. 1932 жылы аға горновой. 1937 жылы бастап балқытушы, кейін шебер болды. 1939 жылы сталиндік қуғын—сүргіннің уысына ілініп, ІІХК әскери трибуналының тергеуі кезінде ақталып, тұтқыннан босатылып шықты. 1939—1951 жылдары 5 разрядты шихташы, мыс балқытушы. Зауытта жыл сайын жұмыс нормасын 105—108% орындап отырған. Әсіресе ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде аянбай тер төккені жоғары жақтан бағалаңған. «Социалистік жарыстың үздігі» (1943) төсбелгісінің иегері. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен (1946), Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949) марапатталған.
Ахметов Смайыл
Ашаршылық нәубеті.1931—1932 жылдары төңірек тұрғындарының назары Қарсақбайға ауды, ағайын-ауыл болып зауыт жұмыс істеп тұрған өндірісті мекенге шұбырды. Бірақ, Қарсақбайдың өз жағдайы онша емес болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шиленков атап көрсеткендей, «қазірдің өзінде кедейлердің бір бөлегінің жағдайы өте ауыр. Соның салдарынан аштықтан бірқатар кісі өлімі болды». Бұл жағдайды аудан прокуроры Мычиннің аудандық партия комитетіне 1932 жылы 5 қазанда жолдаған хаты айқындай түсті. «Азық-түліктің жоқтығынан түрмеде отырғандардың апатты жағдайын сіздерге хабарлаймын. Соңғы уақытта кісі өлімі көбейді. Түрмедегілердің барлығы төсек тартып жатыр. Құр сүлделері қалды. Келешекте жағдайдың оңалатынына үміт жоқ», – әңгімені көңілсіз аяқтаған ол. Бұның үстіне шыбын жанына дауа іздеп әртараптан келгендер бар. Тек Батпаққарадан аш-жалаңаш 6000-дай адам жеткен. Аудандық партия, атқару комитеттері аш тобырларды сақтап қалу үшін ауданның қорынан мүмкіндігінше азық берді, ағайын туыстары да аянып қалған жоқ. Сонымен қатар 1000 отбасын сұраған Мақтаарал ауданына баруға келіскен 572 кісі 1932 жылғы жазда комбинаттың автокөліктерімен Жосалы станциясына жеткізілді. Мұндай автокөлік керуені жалғаса берді.
Көшелерде ата-анасыз, туған-туыссыз қалған балалардың тағдыры қарсақбайлықтар үшін сын болды. Балалар колониясы, балалар үйі, балалар коммунасы, аналар мен балалар үйі, балаларды қабылдау үйлері ашылып, 600-дей панасыз балалар мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымшарлардың қамқорлығына алынды. Олардың жартысынан астамы Қарсақбайдың өзінде орналасты. Әрине, панасыз балаларды түгелдей қамқорлыққа алуға жағдай болмады. 1930—1932 жылдары жетімдер үйлеріне орналастыру үшін бірнеше жүздеген бала Қызылорда қаласына жеткізілді.
С. Қожамсеиітов.
Әбдірахманов Сираж(1915, Орал облысы, Казталовка ауданы – 1981) – ұстаз. Орал пед. институтын (1939) бітірген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1938—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің директорының міндетін, ал 1940—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі және аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы міндеттерін қоса атқарған. 1966 жылы өзінің еңбек жолын бастаған №1 Қарсақбай орта мектебінің директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жауапты міндетті ойдағыдай атқарды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі (1980). Әбдірахманов өнегелі өмірі мен азаматтық ұстанымы ұстаздық кәсіпті таңдаған бірнеше буын ұрпақ үшін мектеп болып қалды.
Әбдірахманов Сираж
Әбдірахманов Төлеген Мұсаұлы(1933) – инженер-металлург, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген металлургі (1973). Қазақ кен-металлургия институтын (1955) бітірген. 1955—1963 жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы, ауысым шебері, металлургия цехы бастығының орынбасары, кәсіподақ комитететінің төрағасы, партбюро хатшысы болып істеді. 1963 жылы мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалды. 1973 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысы болып сайланды. 1973—1983 жылдары Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженері, зауыт директоры, 1990 жылдан «Қазақмыс» корпорациясы президентінің кеңесшісі. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986), Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Читать дальше