Бүгінгі күні анықталып отырған деректерге қарасақ Кеті есімді тарихи тұлға ең бірінші рет «Моңғолдың құпия шежіресінде» кездеседі. Темүжін Найман елін бодан қылып, 1206 жылы оларды өз әскер құрамына еңгізгеннен кейін, жасақты жүздік-мыңдық тәртіппен ру-тайпалық сапты бұзбай 95 мыңдық әскерін құрайды. Сол 95 мыңқол нояндардың 51-шісі болып Кеті көрсетілген. «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» Кеті біздің Кетбұқа бабамыз екеніне күмән жоқ. Оның дәлелін төменде келтіреміз.
Кетбұқа шамамен 1180-жылдары Найман қандығында дүниеге келген болу керек. Тарихи деректерде бабамыз жырау, күйші, аңыз кейіпкер, Шыңғыс қаһанның әскери мыңдық нояны болып көрсетілген. Кейбір шығармаларға қарасақ, бабамызды көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы деп те жазып жатады.
Кетбұқа туралы тарихи жазбалар «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Рашит ад-Диннің «Жылнама жинағы» секілді еңбектерде кездеседі. ХХ ғасырдағы тарихнамада өз еңбектерінде тарихтағы Кетбұқаның рөліне көп көңіл бөлген жарықтық евразист-түрктанушы, пассионарлық теориясының түп атасы, тарихи георафия пәнінің негізін қалаушы Лев Гумилев.
Халық арасында кең тараған шежіре-аңыздарда да бабамыздың аты жырланады. Мәселен, ХV-ХVӀ ғасырлар шегінде өмір сүрген Доспамбет жырау бір толғауында: «Кетбұқадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!» – деп жырлайды. Солай ол кісі оның сөздерімен таныс екендігін білдіреді.
Халық Кетбұқаны «Ұлы жыршы» деп те атаған. Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Бағаналы тармағынан шыққанын да шежірелер шегелеп тұрып айтады. Халық аңыздары мен өлеңдерінде ол халық қамқоршысы мен даланың дана биі бейнесінде сипатталған. Кетбұқа жырау туралы аңыздар қырғыз фольклорында да кездеседі.
Жоғарыда атап өтілген тарихи деректер Кетбұканы жыршы ретінде ғана емес, ең бастысы қолбасшы ретінде сипаттаған. Ортағасырлық деректерде Шыңғыс қаһан, оның үлкен ұлы Жошы қан және Кеті үшеуі бірге аталады. Бұл тарихи тұлғалардың тағдырлары тығыз байланысты екені мәлім. Шыңғыс қаһанға Жошы қайтыс болғаны туралы қара хабарды жеткізу Кетіге міндеттелді. Оның себебін біз «Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихи көзінен табамыз.
1204 жылы Найман қандығы Темүжін әскерінен жеңіліп, бір бөлігі Күшлік қанмен Жетісуға қашып, бір бөлігі Темүжіннің әскерінің құрамына енеді. Далада шашылып жүрген тайпаларды бір тоғыз сирақты ту астына жиып, барыс (1206) жылы Темүжінді Шыңғыс қаһан қылып сайлаған Құрылтайда әскерді жасақтау кезінде мыңдық нояндар тағайындалды. Сол құрылтайда Шыңғыс қаһан жұртшылықтың алдында: «Ел-жұртты ұйымдастырысқан ежелгі ер достарды мыңдық нояны болғызып, уәлі сөзімді айтайын» – деп, әскерін 95 мыңдықтан жасақтап, 95 мыңқол нойондарға басқартты. Сол жиында Жалайырдың Мұқылайына ғо уаң атағын беріп, әскерге басшылық еткізді.
Барлығы 95 кісі болған нояндардың 51-шісі болып Найман елінің бір бөлік руларын басқарған Кеті (Хэтэ) көрсетіледі. Өкінішке орай біз ноянның жасы нешеде екенін нақты белгілей алмаймыз, демек ол Темүжіннің емес Жошының замандасы болуы әбден мүмкін.
Осы жерде туындайтын тағы бір сұрақ – Кеті екі жылдың ішінде қалай сенімді мыңқол болып шыға келді? Әлде жас ноян қияттардың арасынан шығып, Жошының үзеңгілес жауынгері болды ма? Бұл сұрақтарға біз төменде, Бағаналының таңбалары туралы жазғанда өз ойымызды келтірдік.
Кеті ноян бұқа лауазымын қашан алғанын да біз кесіп айта алмаймыз. Құлағу қанның Таяу Шығысқа ұйымдастырған жорығы кезінде Кеті бұқа лауазымын алып, Кетбұқа есіммен тарихнамада қалғаны белгілі. Ал, «Моңғолдың құпия шежіресінде» бабамыз Кеті, немесе «Алтын шежіреде» Кете, моңғол тілінде Хэтэ есіммен аталған.
Келесі мәлімет «Моңғол құпия шежіресіндегі» 243-ші тармақта кездеседі. Бұл жерде былай деліңген: «Мен шешей мен Отшы екуіне түмен адам және Күші, Көкеш, Жүнсо, Арғысын деген төрт ноянды бұйырып бердім. Жошыға Құнан Мөңке, Мүңгуірт, Кеті үшеуін бұйырып бердім» – деп әмір етеді Шыңғыс қаһан. Осыған қарағанда, бұл үш ноян Жошының қауіпсіздігіне бастарымен жауап беретін болған. Сонымен қатар, үш ноян Жошы үлесіндегі мемлекеттік басқару және әскери іс-қимылдарды ұйымдастыратын жауапты тұлғалар болғанын аңғарамыз. Сондықтан, Жошы қаза тапқанын «Дүние әміріне» хабарлау жауапты адамдардың біріне, яғни Кетбұқаға жүктелгені, тарихи логикаға сай болып келеді.
1216 жылы Қытайға қарсы соғысын аяқтаған соң, Шыңғыс қаһан Жошыға батысқа қашқан меркіттерді тас талқандау ісін аяғына дейін жеткізуді бұйырады. Бұл шара Жошының адалдығын тексеруғе бағытталған болуы тиіс. Өйткені оны меркіттің қоқсығы деп, әсіресе Шағатай мойынсынбайтын.
Читать дальше