Найман қаһандығының шығыс жағында сол кезде айтарлықтай қозғалыстар орын алды. Есүкей баһадүрдің Темүжіні айналасына Барулас, Маңғыт, Арулат, Ұранқай, Бесуыт, Сүлдіс, Жалайыр, Олқұноуыт, Торлыс, Дүрбөт, Икіріс, Найықын, Ораңар, Бәрін, т.б. тайпаларының нойондарын біріктіріп, қарақорым ел жасақтай бастады. Сол кезден-ақ Найман елінің болашақ қарсыласы айқындалды.
Мұхаметжан Тынышбаевтың жазуы бойынша, 1190 жылы Найманның Білге қаны қайтыс болған соң, одан қалған өгей шешелері үшін таласқан Бұйрық және Бәйбек деген балалары ұрысып, қандықты екіге қақ айырады. Найман елінде орын алған саяси күйзеліс кезінде Бұйрық қанның Жамұқаның тобына қосылғаны туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» былай деп жазады: «141. Бұдан кейін, тауық жылы (1201 жыл) Қатаған-салжуыт қостаған, Бақу-шорық бастаған қатағандар, Шіркітай батыр бастаған салжуыттыр, төрт татармен достасқан Қашуын бек бастаған дөрбіндер, Алшы Жали бұқа бастаған татарлар, Түгемақы бастаған екірістер, Қоныраттың Теркік, Емел алхұйлері, Ақ Шойық бастаған горлыстар, Найманның Гүшіті мен Бұйрық қаны, Меркіттің Тоқта бегі, тайшуыттардың Тарғұдай қырылдағы, Қодун оршаны, Аушу батырлары және басқа тайшуыттар Алқұй бұлақ деген жерге жиналып, Жажірадай әулетінің Жамұқасын қан қоюды сөйлесіп, айғыр-биелер сойып, ант етіп, Ергіне өзеніне қарай көшіп, Ергіне құятын Қан дариясының қабағында Жамұқаны гүр қан болғызып, ұлық тұтады. Жамұқаны қан етіп, Шыңғыс қаһан мен Уаң қанға соғысқа аттанайық деседі.» 10 10 М.Қ.Ш., 2009. 73-бет.
Сол кезде шығыстан Темүжін мен Уан қан (Тоғырыл) екеуі Найман еліне соғыс жариялап, екі жақ Күйтін деген жерде соғысады. Сол шайқаста Бұйрық қан өзі білетін жай түсіру әдісін қолданады. Бірақ, оның шақырған мол жауын өздерінің қимылдауына кедергі жасап, «бізге Тәңір қаһарын төкті» деп, жан-жаққа қашады.
Бұйрық қан одақтастарынан бөлініп, «Алтайдың күнгей бетіндегі Ұлықтақ (Ұлытау) деген жерге қарай беттейді». Қытай деректерінде Тай-Ванга есіммен белгілі Байбек Қанғай тауының бауырында 1204 жылы соғыста қаза болады. Оның ұлы Күшлік Алтай асып кеткен Бұйрық ағасына келіп қосылады. 1206 жылы Тарбағатайдың шығыс жағында орын алған шешуші шайқаста Бұйрық қан қаза болып, Күшлік Ертіске қашады.
Қызылбас көлінің жағасында Бұйрық қанды жеңіп қайтып келе жатқан кезде, Темүжіннің әскері Найманның Көксеу Сабырық батырына тап болады. Ол Бәйдірік өзенінің бойында әскерін сапқа тұрғызып соғыспақ болып дайын тұр екен. Күн кеш болып қалғанның салдарынан екі жақ шайқасты таң атқанда бастамақ болып келіседі. Сол түні Темүжінге еріп жүрген одақтасы Керейдің Уаң қаны «түскен жеріне көп от жағып қойып, Қарасуіл өзенін ерлеп кетіп қалыпты».
Темүжін Сабырық батырға қарсы шығуға бата алмай Адыр Алтайдың құйғанынан өтіп, Сарыгер деген жерге барып түседі. Ал, Сабырық Уаң қанның артынан қуып отырып, Телетінің ауызы деген жерде соғысып, халқы мен мал-мүлкісінің жартысын тартып алады.
Көксеу Сабырық батыр Таян қанның ордасындағы беделді кісілердің бірі болғанын «Моңғолдың құпия шежіресінен» білуге болады. Таян қан мен Гүрбесі өгей шешесі Уаң қанның басын алдыртып «сыйынып, бас иіп жүргенде, әлгі бас «күлді» деп Таян қан ыза болып, аяққа басқызып, быт-шыт етеді» . Сол кезде Сабырық батыр: «Өлген қанның басын кесіп әкеліп, быт-шыт қып тастауға бола ма? Біздің итіміз жаман ұлып үретін болды. Ертеде Инаншы Білге қан:
Әйелім жас кезінде,
Әбден кәрі шағымда,
Таян туып, ұл сүйдім,
Тәңір берген бағында.
Тал шыбықтай денелі,
Өңшең мына тобырға,
Өткізер ме екен бұйрығын, —
деп отырушы еді. Енді міне:
Қара ит арсылдап үретін болды,
Қара кемпір Гүрбесү билейтін болды.
Тақта отырған Таян-ау,
Тұрлаусыз ісің аян-ау!
Аң аулаудан басқаны сүймейсің,
Ғылымнан хабар да білмейсің».
Сабырықтың сол өткір сөздері Таян қанның намысына тиіп, өзінің беделін көрсетпек болып, «күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды, енді соларды иеленіп алайқ» деп Темүжінге соғыс жария етеді. Оның үстіне Гүрбесу шешей «сасық моңғолды қайтесін? Оданда тек сұлу қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғыңды жуғызып, қой мен сиыр сауғызсақ болар» деп қоздырып жібереді. Сол кезде, моңғолдардың күштілігін көрген Сабырық батыр: «Сіздер тым астам сөйлеп тұрсыздар » деп бәйек болса да Таян қан оны тындамай, оңқұт аймағының Алақұсқа елші аттандырып, «моңғолдарға бірге шабайық» дейді. Бірақ, әлгі «мен сенің оң қолың бола алмаймын» деп, Темүжінге соғыс туралы хабар жібереді.
Читать дальше