ЖЫЛКЕЛДІ РУЫНЫҢ ТАРИХЫ
Бағаналы Орда, басты Орда.
Байсал Орда қонған жұрт…
Бұқар жырау. 1 1 Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989, 82-бет.
Аллаһ Адамды жаратты, кейін оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Екеуін Жұмаққа орналастырып, талда өсіп тұрған жемісті «алма» деп атап, сенімсіздердің қатарынан көрінбеу үшін, оған таянуға тиым салды. Бірақ, сайтан келіп алманы алып жеуге азғырды. Сол үшін Адам Алланың ашуына тап болды. 2 2 Бұқара сүресі, 33 (35) аят.
«Болашақ ұрпақтарың бір-біріне қас болып, Ақырет күніне дейін жер бетіне орналассын» – деп үкім етеді.
Сол күндерден бастап Аллаһ Адам мен Хауа үшін алты күнде, мамық болсын деп жеті қабатты жерді және ғимарат болсын деп жеті қабатты аспанды жаратты. Адам баласы көбейіп, бірі Аллаға сеніп, бірі сенбей әлі күнге дейін бір-бірімен қырқысып, жауласып келеді. Аллаһ жерге өз сөзін жеткізу үшін 120 мыңнан астам пайғамбар жіберді. Солардың бірі – Нұһ пайғамбардың кезінде, Аллаһ сенімсіздерді топан суға батырып, жерден аластап, Адам баласының тарихындағы жаңа кезеңге жол ашты.
Ол кезең туралы Әбілғазы баһадүр өзінің «Түрк шежіресінде» былай тарқатады: «…Кемеден жерге түскендердің бәрі ауырып қалады. Нұһ пайғамбар, оның үш ұлы мен үш келіні жазылып, қалғандары өледі. Содан кейін Нұһ үш баласын үш жаққа жібереді. Хам есімді баласын ол Хиндустанға, Самды – Иранға, ал Яфесті – теріскейге қарай аттандырады.» 3 3 Абу-л-Гази. Родословная туркмен. АН СССР, М. 1958.
Яфес әкесінің жұртынан жолға шығып, Еділ мен Жайықтың жағасына жетіп, сол жерде 250 жыл өмір сүріп өледі. Одан сегіз ұл бала тарайды. Олардың есімдері: Түрк, Хазар, Сақлаб, Рус, Минг, Шын, Кемер, Тарық. Өлер алдында Яфес балаларына:
– Түркті өздеріңнің патшаларың деп санаңдар және оған бағыныңдар, – деп аманат етеді.
Әбілғазының жазуы бойынша Түркте төрт ұл болған екен: Түтек, Жекел (Жақал), Берсежар, Емлақ. «Өлер алдында Түрк патша қылып Түтекті таққа отырғызып кетеді. Түтек ақылды және кемеңгер патша болды. Ол Иран падишаһы Кеюмерстің замандасы еді. Бір күні аңға шығып, жабайы ешкіні атып алып, кебап пісіріп, оны жеп отырғанда, еттің бір бөлігі жерге түсіп кетеді. Жерге түскен етті көтеріп, аузына салса, ет өте дәмді болып сезіледі. Сөйтсе, ол жер тұзды екен. Сол кезден бастап Түтек етке тұз қосуды бұйырады.
Түтек өлер алдында таққа ұлын Абұлжа қанды отырғызып, «барса келмеске» кетеді. Абұлжа елді көп жыл басқарып, орнына Бақүй Діп қанды отырғызады. Бақүй әлсірегенде, таққа Алынша (Алаша) қанды қояды. Алынша қанның уалаяттары мен ел ұлыстары көбейіп көркейіп, күшті ел болады. Оның екі егіз ұлдары болады: біріншісі – Татар, екіншісі – Моғұл. Алынша қан қартайғанда өзінің жұртын екіге бөліп, екі ұлының еншісіне береді.
Моғұл қанда төрт ұл болады: үлкені – Қара қан, екіншісі – Гүр қан, үшіншісі – Қыр қан, төртіншісі – Ұр қан. Моғұл қан билік тізгінін Қара қанға беріп, өзі мәңгілікке аттанады. Қара қан Ортақ пен Кертақты жайлаған. Бүгін ол тауларды Ұлытау және Кішітау деп атайды. Қысты ол Сыр бойында, Қарақұмда және Борсықта өткізген». 4 4 Абу-л-Гази. Родословная туркмен. АН СССР, М. 1958.
Кейін Қара қаннан Оғыз туады. Оғыз қанның кезінде Ұйғыр, Қанлы, Қыпшақ, Қарлық, Қалаш, т.б. тайпалар қалыптасады.
Әбілғазының жылнамасына сілтеме жасап отырсақ, Жылкелді бабамыздың шыққан тегі – Найман елі қайдан шыққаны туралы мәліметтерді біз таба алмаймыз. Наймандар Татардан тарады ма, Моғұлдан тарады ма – бемәлім.
Көптеген зерттеушілер наймандарды Алтайдан Орхон өзеніне дейін б. з. д. ІІІ ғ. – б. з. ІІІ ғ. уақыт аралығында көшіп жүрген күнділердің (ғұндардың) ұрпақтарына жатқызады. ІІІ-V ғасырлары Ұлы даланы шөл басып, күнділердің конфедерациясы екіге бөлінді. Бірі Қытайға, екіншілері батысқа аттанып, көптеген елдердің Ұлы көшін бастайды.
VI ғасырда Түрк қаһанаты орнығып жатқан кезде наймандардың бабалары Телес (Теглек) бірлестігінің құрамына енді. VII-Х ғасырлары бабаларымыз Сегіз оғуш (Сегіз байырқу) атты одақ құрып, Найман қандығының мемлекеттілік негізі қалана бастады.
Сегіз оғыз термині соңғы кезде тарихшылардың арасында кең талқыланып кетті. Қай еңбектерде екенін іздеп тізіп уақытымызды жоғалтпай-ақ, біз «сегіз оғыз» бен «найман» этнонимдері бір елді атайтынын нақты шегелеп қоюымыз қажет. Оның дәлелін Ғ. Айдаровтың «Арқон-Енісей және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» атты еңбегінен табамыз. Бұл кітапта көне түрк жазбасы толық сарапталып, тарихи оқиғалардың мағынасын ашатын сөздері қазақ тіліне аударылған. Соның ішінде «Секіз-сегіз», «Оғузғару-оғызға», «Оғушым-менің тайпам», «Оғуш-тайпа» терминдері келтіріледі. Соған қарағанда бүгінгі біз айтып, жазып жүрген Сегіз Оғызымыз «Секіз Оғуш», немесе қарақытайша «Найман» болып шыға келеді.
Читать дальше