Алеппо мен Дамаскіні алуға Құлағу қан өзінің барлық әскерінің әр ондығынан екі адамнан іріктеп алып, бөлек қарулы күш жасақтап, Кетбұқаға бұйырды. Алеппоны алып, Кетбұқа күллі тұрғындардың көбін өлім жазасына кесіп, қалған еңбекке жарамды, қолдарынан іс келетіндерді елге құлдыққа айдады. Алеппода болған жағдайды естіген Дамаск тұрғындары Кетбұқаның ізімен келе жатқан Құлағуға өздері беріліп, қаланың кілтін салтанатты түрде тапсырып, аман қалады. Одан кейін, Кетбұқаны Дамаскінің әмірі етіп, Құлағу Иерусәлімді алып, христиандардың қуанышына орай, мұсылмандардан «азат» ете алмай жүрген «Құдайдың» (Иса пайғамбардың) табытын босатып береді. 18 18 Инок Магакия. История народа стрелков (монголов). 1871.
1259 жылы Мөнке қайтыс болғанын естіген Құлагу Карақорымға аттанады, ал Кетбұқа өзінің әскерімен Сирияда қалады. Келесі 1260 жылдың 3-қырқұйегінде Кеті Мәмлүк елінің қолбасшысы Құтіздің қолына түсіп қаза болады. Оның өлімі туралы тарихшылар көп мәлімет қалдырған. Бір мәліметтер бойынша Кетбұқа шайқас кезінде қаза болса, басқа деректер ғо уаң Құтіздің қолынан қаза болғанын келтіреді.
Кетбұқа ғо уаңның өлімімен бірге Шыңғыс империясында ыдырау процесі басталды. Өйткені, ол Ұлы әміршінің сенімді 95 нояндарының ішіндегі мемлекетті қалыптастыру және тұтастығын сақтау үшін тер төккендердің соңғысы еді. Сөйтіп, 1269 жылы Талас құрылтайы ұйымдастырылып, ұлыстар өз егемендіктерін жария етуге келіседі. Шыңғыс қаһанның империясы бытыраңқылық кезеңіне қадам жасайды.
Жоғарыда тәмамдаған оқиғалардан кейін Бағаналы-Балталы руының тағдыры бастапқы кезде Құлағудың Беркеге қарсы жүргізген соғысы аясында өрбігенге ұқсайды. Одан кейін, тек XV ғасырда ғана Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрген наймандар туралы мәліметтерді сол замандағы дереккөздерден табуға болады. Мысалы, Өтеміс қажының «Шыңғыс-нама» кітабында Жошы ұлысының ордасындағы беделі жоғары, билікке зор ықпалды Құтлық-бұқа туралы жазылады. Сол мәліметтің өзі наймандардың ордадағы саясатқа тікелей араласып, маңызды шешімдер қабылдауға себепкер болғандарын көрсетеді. Сонымен қатар, олардың тіпті қандарды таққа отырғызғандарын да байқауға болады.
Әртүрлі саяси өзгерістер мен мемлекеттік аусымдарына қарамастан Бағаналы-Балталы елі өзінің ХІІІ ғасырда Ұлытау мен Сырдарияны ойып алып орныққан жұртынан айныған емес. Оны біз тек Шыңғыс қаһанның аманат етіп кеткен «Жасағын» сақтау міндетін атқару деп түсіндіре аламыз. Жошы қан іргесін қалаған мемлекеттілік кең далаға тарап, орданың жұмысын, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырды. Ол міндет Қазақ қандығының іргесі қаланған кезде де дәстүр болып жалғасты. Сол дәстүрлі міндетімен Бағаналы-Балтылы елі Қазақ қандығының құрамындағы тайпалардың бірі болып өз орнын тапты.
Бірақ, қай міндеттемелерді атқарса да, өр-найманнан дербес ой-найман болып ХІІІ ғасырдан бастап орданың қызметін атқарса да, Бағаналы-Балталы елі өзінің тегі, ірі қазақ тайпасы Найманнан тарайтынын ешқашанда ұмытқан емес. Оған дәлел ретінде сол ғасырда жазылған деректер куә.
Наймандардың 1428 жылы Әбілқайыр қанды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызуға қатысқаны туралы ортағасырлық жылнамашы Кухистани жазады. Ұлық Ұлыс әмір Темірдің шапқыншылығының кесірінен құлдырап, бытыраңқы кезеңіне тап болғалы, елде өткен заманның өркендеуіне, қойдың үстіне торғай жұмыртқалаған заманды қайта оралтуына әрекеттер жасап, төрелердің арасынан соған лайықты қан табыла ма деген сұраққа жауып ізделінді. Шыңғыс қаһан ұрпақтарының арасынан сол кезде тек 16-жасар шейбандық Әбілқайыр шықты.
Кухистани «Тарихи Абулхаирхани» атты еңбегінде қан сайлауға Шайқ-сопы Найман, Ақ-сопы Найман, Қара Оспан Найман, Сары оспан Найман, Жүсіп-қожа Өкіреш-Найман, Әбубәкір Өкіреш-Найман, Түнқашық Төле-қожа Найман, Омар Найман және Төлен-қожа Найман қатысқандарын жазады. Ел шежіресінде белгілі «Тоғыз таңбалы» Найман деген ұғым осы саяси оқиғадан кейін пайда болғанға ұқсайды.
Кухистанидің атап кеткен қан сайлауын сараптай отырып, кейбір зерттеушілер наймандарды Шейбанның үлесіне апарып кіргізеді. Ия, наймандар қай ордада болсын өздерін беделді және билікке жақын болғанын біз жоққа шығара алмаймыз. Бірақ біздің қояр сұрағымыз – Жошымен келген Кетбұқа мен оның мыңдығы Жошы қайтыс болғаннан кейін Орда Еженнің бе, әлде Шейбанның үлесіне еңді ме? Осы жерде дискуссия туындайды.
Бұл сұраққа жауапты жалпы ортағасырлық дереккөздерінде, оның ішінде Әбілғазыдан таба аламыз. Бір ғана кесіп айталатын пікіріміз – ол Шейбанның ордасы Ұлытауда емес Торғай алқабы мен Сібір аумағында болғаны. Тіпті, Батыс жорығынан кейін Шейбанға Қырым мен Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы дала беріліп, Шығыс Дашты Қыпшақтағы жерлері Орда Еженнің үлесіне қосылғаны мәлім. 1240-жылдары Орда Ежен Сығанақты қалпына келтіріп, 1251/1253 жылдары сол қалада қайтыс болғаны белгілі. Сол кезден бастап сығанақ қазақ тайпаларының елордасына айналады.
Читать дальше