С. Қожамсейітов.
Ванюков Владимир Андреевич(17.06.1880, Ресей, Пермь губерниясы, Галицкое селосы – 31.05.1957) – ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер, ғалым – металлург, профессор. Пермь осалды училищесін бітірген. 1900 жылы Томск технологиялық институтының (ТТИ) химия бөліміне түсті. Бөлімге 1900 жылы түскен 58 студенттің ішінен 1906 жылы жалғыз Ванюков инженер – химиктің дипломын алып шықты.
Ванюков Владимир
1909 жылға дейін Ванюков ТТИ металлургия кафедрасының аспиранты. 1910 жылы күзде институт кеңесінің қаулысымен Ванюков екі жылға шетелге іссапарға жіберілді. Бірінші жылы ол Аахенде профессор В. Борхаста жұмыс істеді, ал 1911 жылы жазда Германияның мыс, қорғасын және мырыш зауыттарында тәжірибе жинақтады. Кейін Америкада Бостон технологиялық институтында профессорлар Г. Гофман мен Р. Ричардтың қарамағында жұмыс жасады. 1911 жылы жазда АҚШ-тың мыс, никель, қорғасын және мырыш зауыттарында, байыту және алтын айыру фабрикаларында оқу-тәжірибелік жұмыстарда болды. Осы уақытта Ванюков жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жаңа қыздыру (термикалық) сараптау әдісі ашылып, әзірленді.
1920 жылдың наурызынан бастап Ванюков өндірісті қалпына келтіру бойынша құрылған Орал – Сібір комиссиясының құрамында жұмыс істеді. 1922 жылғы мамырдан 1926 жылғы 19 ақпанға дейін асыл металдар бойынша ғылыми кеңесші ретінде КСРО Қаржы халық комиссариатының валюталық басқармасымен серіктестік орнатты. Осы мерзімде ол хлормен алтынды тазалау жаңа тәсілдерін әзірлеп, оның қатысуымен қалқымалы – аффинажды лаборатория құрылып, іске қосылды.
Ванюков 1926 жылы Москваның тау—кен академиясының профессоры болып сайланды және түсті металлдар факультетін құруға бастамашы болды. 1930 жылы осы факультеттің негізінде дүние жүзінде ең бірінші Москва түсті металл және алтын Институты құрылды. Ванюков 1930-жылдары Қарсақбайда тұрып, іс үстінде Жезқазған кентасы концентратты қорытудың технологиясын жетілдіру жөнінде ұсыныстар беріп отырды. ІІ дүниежүзілік соғысы жылдары мыс қорыту зауыттарында тотыққан мыс кендері мен концентраттарын қорытудың жаңа әдісін әзірлеп қолданысқа еңгізді. Нәтижесінде, аса бай штейндер мен жоғары кремний шлактары бар мыс кендерін балқыту проблемасын шешті.
Еңбек Қызыл Ту (1939), В.И.Ленин (1950) ордендерімен марапатталған, Сталиндік (Мемлекеттік) сыйлықтың (1946), ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер (1945) атағының иегері.
Дерек көзі: Профессор Ванюков. Қазақстанның мыс кені мен концентратын балқыту жолы. Металлургиздат. 1947. Москва. 184 бет. М. Сейтжанов.
Волошин Дмитрий Антонович(т.ж.б. – 1938, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай қалашығы) Спасскі зауытының қолынан өнері тамған токарі, қоғам белсендісі. 1919 жылы Қарағанды көмір ошағы ревкомының төрағасы болып сайланған. 1920 жылы 3 маусымда Сібір халық шаруасы кеңесінің Сібір тау-кен кеңесі Спасскі комбинатының басқарма төрағасы етіп сайлаған. 1926 жылы «Атбастүстімет» тресінің қарауына берілген Спасскі зауытының жұмысы тоқтатылып, консервацияға қойылды. Сол жылы жазда үйреншікті кәсібіне қайта оралғысы келген Спаскінің жұмысшылары үлкен көш-керуенмен Қарсақбайға келді. Күзге дейін алты пәтерлік алты шағын үй салып алды. Қалашықтағы шағын оралым ХХ ғасырдың 30—40 жылдары Спасскі көшесі деп аталатын.
Д. Волошин механикалық цехтың бастығы болып тағайындалды. Бұл цех жаңа құрылыстың аса маңызды телімі болды. Зауытта шетел машиналарының механизмдері және құрал-жабдықтарына қажет бөлшектер табылмайтын. Қосалқы бөлшектерді жасау, технологиялық агрегаттарды жөндеу «Волошин цехының» басты үлесі болды. 1930 жылы шілдеде зауытта болған «Советстепь» газетінің тілшісі Алдан Семенов мақаласында Дмитрий Волошинді, Өсербай Үдербаевты, Тихон Қазазаевты өндірістік майданның батырлары деп жазды. Цех тұңғыш рет Марси диірменінің үлкен шестерналарын қалыпқа келтіруді игерді, болттарды пресстеп шығарды, қажетке қарай құрамы әртүрлі металдан құймалар жасады. Цехта 5—6 жылда 50 астам қазақ жігіттері металл өндеуші мамандығын алды, еңбектің озық әдістеріне көзі қанық меңгерді. Д.А.Волошинді 1938 жылы 21 ақпанда цехтын ішінде «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындап, үйіне айдап әкелді. ІІХК-ының тергеушілері үйдегі барлық бағалы заттарды, неке жүзіктерін, сырғаларды, тіпті бүкілодақтық староста М.И.Калинин сыйлаған алтын шынжыр баулы қалта сағатты алып кетті. Осы жолы Д.А.Волошинмен бірге Спасскілік сегіз жұмысшы үштіктің шешімімен кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық және зиянкестік бүлдіру әрекеті үшін деген жалған айыппен Қарсақбайда атылды. Сталин өлгеннен кейін атылғандардың бәрі ақталды.
Читать дальше