Карпов Шоңның айтқандарының бәрін қағаз бетіне түсіріп алып отырды. Біраздан соң ол Шоңнан сұрады.
– Сіздерде халық саны жүре ме?
– Менің үлкен бабам әр рудың қанша адамы бар екенін есептеп, содан жалпы қазақтың санының қанша екенін біліп отыратын.
– Мынау ғажап шаруа ғой. Осы байтақ жатқан қазақ жеріндегі адамдардың санын қалай біледі? Адам сенбейтін сөз тәрізді.
– Әр ауылда өз руының өсуін жазып отыратын адам бар. Қазақша айтқанда оны шежіреші дейді. Мен де өзімнің руым Тоқалардың санын есептем отырамын. Қазір Тоқада тоғыз болыс ел бар. Соның ең үлкенін мен басқарып отырмын. Әр болыста бірнеше ру бар. Олардың өз шежірешісі бар. Солар адам санын алып отырады. Тоқалардың саны бес мыңнан баяғыда асып кеткен. Мен сияқты қазақ жерінде мындаған шежіресі бар. Бұл әкеден балаға берілетін шаруаға айналды.
– Ал, сонда қазақ саны қанша?
– Шамамен жеті милиондай болып қалар. Қазақ өсімтал халық. Сонау қалмақтармен соғыс кезінде өсу сәл тоқтап қалды. Әйтпесе, қазір сол он бес миллионға шығып кететін еді. Екінші, бір жағдай қазақта жас балалардың өлімі көп. Қызылша, шешек дей ме, толып жатқан аурулар бар.
– Орыстарда да сондай. Бір жасқа келмей жатып өліп қалатып балалар көп.
– Мен осы біздің уезге қоныстанған орыстардың бала өлімін де зерттеп жүрмін. Оларда жас балалардың өлімі қазақтардікімен салыстырғанда әлде қайда аз.
– Оның себебі неде деп білесіз?
– Ана сүтінде екені сөзсіз. Орыстар огородтарда өскен түрлі жер өсімдігін жейді. Ал қазақтар жазы-қысында тек етпен, қымызбен күн көреді. Дегенмен әртүрлі тамақ жемеген соң, денсаулыққа керекті заттар жетіспейді. Сіздерше айтқанда, тамақтарында витаминдер аз, содан барып әртүрлі ауыруға ұшырайды.
Карпов таңқалғандай рай көрсетіп, басын шайқай берді. Шоңның білгірлігіне таң қалды. Бұл айтып отырған кейбір жайларды өзі де білмейтін. Мына аз ғана білімім бар деп отырған адамның жан-жақты білімділігіне ден қойды. Сірә, білгірлік бұл адамның қанында бар шығар деп ойлады.
Карпов Шоңға бір қызық сұрақ қойды:
– Сізге осы қасиеттер қай атаңыздан келді деп ойлайсыз?
– Арғы атамды көргем жоқ. Мен әкемнің әкесі Жанкелді деген бабамды көрдім. Кейінгі балаларының ойлау қасиеті оның ақыл-парасатының ширегіне келмейді. Менің байқағаным, менен өзімнен әкем Телқозы ақылдырақ қой деймін.
– Менің білуімше, сіз әкеңізден әлдеқайда ақылды сияқтысыз.
– Менің одан бір артықшылығым бар, орысша білемін. Сол арқылы білімімді жетілдірдім. Ол өз тұрғысынан ойлайды. Сондықтан өзімді одан ақылдымын деп айта алмаймын. Ол егер орысша оқығанда басқаша ойлап, менен жоғары болуы мүмкін еді. Менен тәуірлеу ойлауы ғажап емес.
Карпов Шоңның мына сөзінде бір тағылым, тәрбие жатқанын аңғарып үндемей қалды. Шоң да орыс арасында тұңғыш рет осындай кісіні кездестіріп отырғанына өзін бақытты сезінген еді. Ешбір орыс қазақ тарихы туралы тыңдауға ыңғай танытпайтын. Сіздерде қалыптасқан тарих жоқ деген сөзді де талай естіген. Сонда сол орыспен сөзге де келіп қалған. «Біз онда көктен түстік пе?». Сонда орыс айтқан: «Сіздер жүз жыл бұрын, мың жыл бұрын да осылай өмір сүргенсіздер. Сондықтан сіздерде тарих жоқ» – деген Шоңға.
Шоң мына сөзге шыдай алмай кетті де, сонда «Алтын Орданы» қайда қоясың деп сұраған. «Алтын Орда» ол – монғолдар. Сіздердің оған ешқандай қатынастарың жоқ!».
Шоң түбінде қазақ тарихын сондай орыстар шатасыратынын ойлап қауіптенетін. Карповпен кездескеннен бастап орыстарға көзқарасы өзгере бастағандай еді. Көңілдегі мұңын да айтқан болатын оған.
– Орыстар қазақтардың тарихын былай қойғанда, бізді дұрыс атымен атамайды. Сіз өзіңіз естіп отырсыз, бізді киргиз-қайсақ деді. Бұл халықты кемсіту болады. Соған қарсы патша үкіметі заң шығармай ма?
– Асықпаңыз, ол да болады. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл алғашқы қадам ғой. Сіздерден сіз тәрізді талай білгірлер шығады. Соларды түбінде орыс шовинистері де мойындайды. Амалсыздан соны жасайды олар.
Шоң парасат-пайымы жоғары адамның аузынан шыққан мынадай сөзге қуанып қалды.
– Қазақ тарихын орыстардың зерттеуі енді басталады. Шындыққа кейін көздері жетеді. Солардың бірі мен деп біліңіз.
Күн сайын Карповпен осылай жарасымды әңгімелер болып жүрді. Бір күні ол:
– Бірінші Петрден бері қарай бізде шовинистік көзқарас қалыптаса бастады. Өздері немістерден, француздардан үйрене отырып, әлі де өздерін солардан артық санайтындар бар. Шығысқа көзқарас өзгерді. Іргесінде жатқан шығыс халықтарын адамға санамайды. Бір кезде Шыңғысхан балалары басып алып, тас-талқанын шығарғанын ұмытты. Қазір орыстардың жоғары дәрежелі адамдарында неміс, француз, ағылшындардың қаны бар. Орыстардың өмірге өзіндік көзқарасы өзгерді. Мұның ақыры не болатынын келешек көрсетеді.
Читать дальше