– Менің ойымша қазақ қана емес, жалпы, мұсылман халықтарын кейін тартып келе жатқан дін болуға тиісті. Мұхаммед пайғамбардан кейін келген хазіреттер діннің дамуына жағдай жасай алмады. Дін сан ғасыр бір қалыпта тұрып қалды. Қазақтарға дін көп жыл басшылық жасады. Сауатсыз молдалар өз ойларынан неше түрліні тауып, халықты шатастырды. Бұл кезде христиан діні дамып, алға кетті. Христиан дінін зерттеушілер бар. Ол орыс мемлекетінің дамуына да әсер етті. Мұсылман дінінде сурет салудың өзін күнә дейді. Ол өнер емес пе? Босқа өнердің дамуына керегар жағдайлар болды ғой. Бұл білместіктен туған жағдай. Дін де уақытымен таласып дамып отыруы керек. Жаратушы әуелінен солай жасап қойған болуы керек. Біздің хазіреттер оны түсінбейді. Шариғат туралы заң сонау пайғамдар заманындай болып тұрып қалған. Құранды зер салып оқыса, бұл туралы айтылатынын татар молдасының аузынан естідім. Бірақ соны түсініп, алға дамытқан мұсылман оқымыстылары болмады. Олар ел басшыларынан қорқып, діннің дамуына жағдай жасамайды. Дін бір кезде қозғаушы күш болған. Кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары оған мән бермеді. Дін үлкен ұйымдастырушы күш екенін түсінбеді.
– Дұрыс айтасыз, Шоң Телкозинович. Дін басшыларында да оң мен солын айыра алмайтындар бар. Бір кезде жер күнді айналады дегені үшін дін сол адамды өлтіріп жіберді. Енді соған өздерінің көзі жетіп отыр. Жаратушы адамдардың көзі соған біртіндеп жетсін деп жасап қойған. Кейбір ғалымдар айтқандай дін догма емес, ол өмірдің өзі тәрізді дамып отыруға тиісті.
– Дұрыс айтасыз. Кейбір дін оқымыстылары өзінше ешқандай ақылға келмейтін діңді ойлап тауып, елді соған бағындырғысы келеді. Ондай адамдар христиан діні, мұсылман діні арасында бар. Солар діндерді біріне біріне қарсы қойып, адамдар санасын жаулап алғысы келеді. Шыңнғысхан табынған Құдай бар ма?
– Ол көктегі Құдайға сыйынған дейді. Қандай Құдай екенін білмеймін. Соның табынған Құдайы күшті болып, сіздерді басып алды ғой.
– Ол кісіде ақыл көп болды. Соның арқасында қазақ жерін басып алды ғой, кезінде. Содан кейін олар орыс жерін басып алды. Мұның бәрі ақылдың күші!
– Жер бетіне келген адамға Жараушы әртүрлі тағдыр берген. Оған жақсы тағдыр берген сияқты.
– Шоң Телкозинович, сіз тағдырға сенесіз ғой.
– Сөзсіз сенемін. Жаратушы әрбір адамға әртүрлі тағдыр берген. Кейбір қолынан іс келмейтіндер ел басқарады. Оның әуелінде Құдай берген тағдыры сондай.
– Мен сіздің бұл айтқаныңызға әбден қосыламын. Мен таңқалатын бір жағдай бар. Рас, Шыңғысхан ақылының молдығымен келіп сіздерді, оның балалары біздерді басып алды. Ал әлсіз арабтар сіздерді қалай басып алды.
– Олар келіп басып алған жоқ. Олардың басып алуға шамалары келмейтін еді. Түрік халқы күшті болды ол уақытта. Түріктерден қорқып Қытайлар айналасына қорған салғызды. Қазіргі өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр, әзірбайжанды, жалпы түріктерді жаулап алған арабтардың жүргізген дұрыс саясаты. Біздің жерімізге араб әміршілері келіп коныстанбаған. Олар дін таратушыларын жіберді бізге. Бізде қазір Қожа деген ру бар. Солар арамызға кіріп алып, елдің бәрін мұсылман етті. Мұсылман дінінің кезінде күшті болғаны сонша, олар мемлекетке де өз билігін жүргізді. Ел басында отырғандар солардың айтқанын жасады. Мен қазір ойлаймын, тіпті олар кезінде төрелерден де күшті болды. Алайда, қожалар сол ел алдындағы беделін әрі қарай дамыта алмады. Шыңғысхан ұрпақтары кезінде қожалардың беделі бұрынғыдай болмай қалды. Содан барып туысқан халықтар арасында байланыс азайды. Міне, енді көріп отырсыз, өзбек, қырғыз, қазақтар, ұйғырлар, түркімендер, әзірбайжандар өз бетімен кетті. Осыларды байланыстырып отырған дін еді. Монғол хандары келді де олардың әрқайсысын өздеріне бөліп алды. Сонымен қатар бірлік де кетті. Тағдыр деген міне, осы.
– Сонда мұсылман дінінде бір ұйымдастырушы күш болған дейсіз бе?
– Сөзсіз сондай күш болды. Соны бұзған Шыңғысханның ұрпақтары екені де даусыз. Олар халықты тек соғыста пайдаланды. Одан басқа халыққа ешқандай пайдасы болған жоқ. Сол мұсылман дінінің қағидасымен жүре бергенде түрік халықтарынын мұндай бөлектенуі болмас еді. Бәрінде бір-ақ тіл болатын еді. Анау Қытай тәрізді үлкен мемлекет болатын едік, онда ешкімнің тісі батпас еді. Монғолдардан шыққан хандарға қарсы орыстар дұрыс саясат жүргізді. Бөлектеніп кеткен түріктерді бірден басып алып жатыр. Күшті күштілігін жасайды, оған да қарсы емеспін. Ең жаманы қазақтардың жерін тартып алып жатыр. Ана хан тұқымы Кенесарыны өз жерінен айдап шығып өлтірді. Бұл күштіліктің белгісі. Ешқашан бір халық бір халықты күшпен бағындыра алмайды. Бұл арада тепе-теңдік туғызатын саясат керек. Сыйласу керек. Керісінше патша өкіметі күш пайдаланып отыр. Жергілікті халықтан сұрамай, орыстарды қоныстандыруы елдің ашу-ызасын тудырып, іштей қарсылығын күшейтуде.
Читать дальше