– Әйтеуір, ренжімесеңіз болды.
Іштей азырқанып тұрса да Шоң көңілі үшін айтқан, аз емес деді.
Ертеңінде Файзулла, қасында баласы бар, Телқозы берген жиырма жылқыны айдап алып кетті. Ел арасында әңгіме тарады, «Шоң жүз жылқы беріп пәуеске жасатыпты». Мына сөзді естіп ел таңқалды. Әртүрлі болжамдар айтылды. Ол елден түсіп жатқан байлықтар ғой деді кейбіреулері. Телқозы сөзі тіпті оларды қоздырып қоятын. Екі жүз жылқы бердім. Сендер де сонша жылқы беріп жасатып алыңдар дейді әңгіме бола қалғанда. Бұл сөз мақтаныштан туғанын ел білмейтін. Алайда, көкейде тұрған сөздерін болыстың әкесіне айта алмайтын. Ертең бір пәлесіне қаламыз деп қаймығатын ел.
Телқозы Шоңның пәуеске мінеріне той жасады, айналадағы елдерді шақырды. Ел құр қол келмейді, көрімдігін ала келеді. Телқозы ел әкеп жатқан малдарды Шоңға білдіртпей, сездіртпей ала беретін. Бұл жолы да көрімдікке бірталай мал келген. Әкесі ол туралы жақ ашып Шоңға айтпаған. Тек жақын туыстарының әкелгенін ғана жеткізетін. Басқалар да әкелгенін Шоң естісе үлкен реніш болатынын білетін. Сондықтан Телқозы елдің әкелгенін сездірмейтін. Әлсен би екі ақ боз ат әкелген. Ол әкесіне бермей тура Шоңның өзіне алып келген. Өйткені, ол Телқозы мінезін жаттап алған. Оған берсе босқа кеткенмен бірдей. Билікке өткенде үш жылқыны азырқанып тағы сұраған еді. Содан көңілі ептеп қалып қойған. Шоң мұндай пәуеске жасатып отыр. Үндемей қалуға және болмайды. Содан кейін Шоңның өзіне бірден әкелген, көзіне көрсетпекші болған. Есік алдына алып келіп атты бір балаға ұстатып қойды да, өзі ішке еніп кеткен. Шоңды сыртқа ертіп шыққан. Ол екі атты көріп айтқан:
– Бұл екі атты маған не үшін әкелдің? – деп сұрады Шоң.
– Бұл сенің пәуескеңе әкелген көрімдігім. Мына пәуескеге екі ақ боз атты парлап жексең қандай жарасады!
– Бұл сенің маған билікке өткізгенім үшін берген параң болып табылады. Алмаймын.
– Менің би болғаныма бірталай уақыт өтті. Енді би болғаным үшін саған пара емес. Ол өткен шаруа. Сен, Шоң, оны ойлама, сен мені билікке өтікізбесең да әкелемін. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.
Шоңның басына Әлсеннің мына айтқаны қонбады… Қазақ не болса да есептеп әкелетінін білетін. Мына Тілен бір есеппен әкеп отырғанын болжаған. Ақыры алмай қойған. Әлсен ыза болып, екі бозын үйіне алып қайтып бара жатқанда, оған Телқозы қарсы жолықты жолдан.
Бұл кезде Телқозы Шоңның Қызылағаштағы қысқы қонысынан он шақырымдай жерде бөлек тұратын. Шоң үйіне күн құрғатпай келіп жүретін. Бүгін де келе жатып екі ақ боз ат жетегінде бар Әлсенге қарсы жолықты. Ол Шоңның пәуескесіне мұның көрімдік әкелмегеніне ренжіп жүрген болатын. Көрімдікке әкелгенін біле қалды да, сонда да әдейі сұраған:
– Мына аттарың не?
– Шоңның пәуескесіне көрімдік әкеп едім, пара деп алмай қойды. Содан кейін қайтып әкетіп барамын, – деп шынын айтқан Әлсен.
Телқозы екі бозды көріп қызығып кеткендей болды. Шөміштің боздарының көбісі жорға болатын. Жібергісі келмеді.
– Ол алмаса, мен аламын. Маған тастап кет.
– Телеке, ол ненің ақысы? – деді Әлсен.
– Білесің бе, баяғыда сені шақырып алып, би болуға мен өткізгем. Ол пара алмаса, болыс болып ала алмай отыр. Әлі үйренген жоқ. Біртіндеп үйренеді. Кейін мен оған ретін тауып айтамын. Әкелдің екен, енді аттарды тастап кет. Қайта алып кетуің ұят болады…
Әлсен Телқозыға бергісі келмей тұрса да, Шоңға сыртынан бірдеңе айтып араздастырып қояр ма деп қауіптеніп амалсыздан тастап кеткен болатын. Кешкісін тысқа шыққан Шоң есік алдында байлаулы тұрған екі ақбоз атты көрді.
– Әлгі Әлсен аттарын тастап кеткен бе? Апарып беріңдер. Мұның арты жақсылыққа апармайды. – Шоң қандай шаруаны болмасын ойлағанда бір қырынан емес, сан қырынан ойлайтын. Қазір де сонысына салып тұр еді. Ел естісе Шоң Әлсеннен би болуға өткізгені үшін пара алыпты деп айтып, сан саққа жүгіртетінін білетін. – Қажет емес өзіне қайтарып беріңдер! Өзінің әдетімен екі рет қайталап айтқан. Шоңның екі рет қайталап айтуы өз сөзінен қайтпайтындығының белгісі еді. Телқозы баласының мұндай сөзінен кейін қайтуы қиын екенін білді. Телқозы екі бозды қимай тұр еді. Содан кейін:
– Бұл аттарды маған әкелген.
– Әлсен сізге атты не үшін әкеледі?
– Әкесі Шөміш баяғыда жылқысына қосылып кеткен үш жылқымды қайтармаған. Сол үшін саған әкелген осы екі атты мен алдым.
Шоң әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:
– Олай болса Шөміштің өзінен даулап алмайсыз ба? Маған әкелген атты неге аласыз?
– Сен не айтып тұрсың, баласынан алайын, өзінен алайын, оның қандай айырмашылығы бар? Бос сөз сөйлеме! Жарайды, ол жағын кейін сөйлесемін. – Телқозы екі бозды алып кеткен. Осымен сөз біткендей болды.
Читать дальше