Бұлардын арасында көбіне өздеріне ағайындас Айтқожа, Сатыпалды, Барғана рулары адамдарынан би болуға үміті бар адамдар жиі келетін. Олар бірден Шоңға бармайды, ескі көз туыстары Телқозыға баратын. Жай келмейді, бірдеңелерін ала келеді. Мынау Шоңның болыс болуына байланысты әкелген сыйлығымыз, көрімдігіміз деп жүйрік аттардын үстіне күміс ер тоқымдарын жауып ала келеді. Телқозы қайтармайды, ала береді. Сөз соңында әлгі адамдар бәріне біріне-бірі ұқсас сөз айтады. «Телеке, басқа рулардан би болғандар көбейіп барады. Біз де Шоңның осы қызметін пайдаланып өтіп қалсақ» дейді.
Телқозының да қулығы мол еді. Болады, болмайды деп бірден айтпайтын. Келгендерге тек үміт арқалатып жіберетін. Сөз аяғын көбіне Шоңмен сөйлесіп көрейінмен бітіретін. Келген адамдардың бәрі туралы Шоңға айтпайтын әкесі. Талғап-тандап айтатын. Телқозы кімнің кім екенін жақсы білетін. Өз көнілінен өткізіп лайықты дегендері туралы ғана Шоңға айтатын.
Шоң олардың неге келіп жүргенін білсе де, ауыздарынан сөз шықпаған соң сезбеген болып жүре беретін. Шоң оларға үлкен бір ауыл болып отырайық деген сөзін қолдамағаны үшін көбін ұнатпайтын. Соны түсіне ме, байлар бірден Шоңға тікелей келіп айтуға батылдары бармай, көбіне Телқозы арқалы айтатын. Ал оның жасайтыны жоғарыдағыдай еді. Содан тікелей келіп Шоңның өзіне айтқандары да болатын. Шоң оларды көрейін, әуелі оязбен ақылдасып алайынмен шығарып салма сөз айтып жіберетін. Шоң өйткені көбінің би болып жұмыс істеу үшін емес, би атану үшін келгендерін білетін. Сондықтан ондайларға ашып ештеңе айтпайтын. Бұл шаруа менің қолымдағы ғана емес, анау ояз бен өздеріңнің ауылдарыңдағы билердің шаруасы деп сөзін біретін. Оның үстіне тілек еткендер тым көп еді. Шоң сондықтан олардың байлығына, атасының мықтылығына қарай емес, колынан іс келетіндерді, ауылында беделі бар адамдарды ғана алғысы келетін. Содан сол адамдар туралы айлар бойы толғанып жүретін. Бұл ойлануы ұзаққа кетіп қалатын. Талай адамдардың тілектері жиналып қалған. Ақыры бір күні отырып әкесі сөз бастады:
– Анау Қабай кезінде өзіне жақын адамдарды билікке тартқан. Өткен сайлауда оны қалай қолдағанын білесің. Сен де мына ағайын-туыстарыңның арасынан би сайлап ал. Ертеңгі күні сөзіңді тындап, сені қолдайтын адамдар керек. Сондай адамдарды таңдап алмайсың ба? – Реті келгенде Телқозы ыңғай қайрағандай, осындай сөз айтатын.
Шоң әкесінің бұл сөзінде шындық жатқанын, Шоң әкесінің қандай адамдарды өткізгісі келетінін білетін. Ол ыңғай өзіне қолы ашық адамдарды таңдайтын. Ал Шоң болса ондай адамдар көңілінен шыға қоймайтын. Содан кейін әкесіне де, басқаларға да: «Билерді сайлауды қазір анау Ақмолада отырған ояз шешеді. Менің, осындағы билердің айтқаны емес, соның айтқаны болады» – деп, әкесіне: «Сіз көрінгенге уәде беруді қойыңыз» дегенді айтып, ескертіп қоятын.
Телқозы Шоңның бұл айтқандарын жақтырмайды. Бидің қалай сайланатынын жақсы білетін еді. Соған орай:
– Ол бұл жақтағы қазақтарды қайдан біледі. Сенімен ақылдасатын шығар…
Әбден маза бермеген соң Шоң әкесіне сіз осы жұмысқа араласпай-ақ қойсаңыз қайтеді деді. Шоңның бұл сөзін ол жақтырмай қалды. Өйткені, оның көкейінде не тұрғанын білетін. Егер Телқозы айтқанын қолдаса Жанкелді тұқымдарының, анау пара беріп жүрген адамдардың бәрі би болатынын Шоңның іші сезетін. Соған орай, әкесінің айтқанын жүре тыңдап сыртқа шығып кететін. Телқозы байқағыш, аңғарғыш адам еді, Шоңның ренжіп қалғанын бірден сезіп, үндемей қала береді. Шоңның көнілі-күйі түзелген шаманы байқап жүріп, өзінің үйреншікті сөзін бастайтын қайтадан.
Шоңның өзі де биге бірнеше адамды өткізіп алуды ойлап жүрген. Көңілінен шығып жүрген бірнеше адам бар еді. Бірақ бәрін бірден өткізуге болмайды. Шама-шарқынша екшеп, байқап өткізу керек. Көп адамды алып келгенді ояз да жақтырмайтынын білетін. Соған орай Шоңның өз ойы бар еді, бірақ бұл туралы тіс жарып әкесіне де айтпаған. Ондай адамдар ішінде жүретін. Бүгін әкесінің үйреншікті әдетіне айналған сөзінен кейін ойланып қалды да:
– Казір қазақта не көп, би көп. Көпшілігі ақылымен емес, байлықтың арқасында би болып алған. Сіз көрінгенді әкеп маған тықпалай бермеңіз, – деді.
Телқозы баласының мына сөзін ұнатпай, ренжіген рай танытып, дастархан басынан тұрып кеткен. Әкесі кетіп, дастархан басында жалғыз қалған. Шоңның Телқозы айтқан адамдардың көпшілігінің би болуын көңілі қаламайтын. Айтып жүрген адамдары ел арасында сыйлы болса да, көбісі Шоң ойынан шықпайтын. Содан кейінге сырғыта беретін. Айтар ойы бар адамдарды сайлатып алғысы келеді. Болыс болып келгелі бірталай уақыт өтсе де әлі билікке бір адамды да өткізбеген. Әзірге әлі де ойда жүрген еді.
Читать дальше