– Әуелгі келісім солай. Телқозы, онымыз ұят болады. Сен тиесілі қойды бермесең, мен ақылай беремін.
– Сонда қанша ақша бересің?
– Айына бес рубль береді ояз. Ал бір қой үшін өз қалтамнан айына екі сом беремін.
Мына сөзді естіп Телқозы жаман ашуланды.
– Сенің айтып тұрғаның не?
– Тәртіп солай, басында мұнымен екі сомға келіскенмін. Оны бұза алмаймын. Ұят болады. Оның үстіне менің мініп жүрген атымды баптап отырады. Бір жерге барарда ерттеп дайын етіп қояды.
Телқозы бұдан кейін тиісті қойын беріп тұрды. Шоң Жойқынбектен берген қойы арық па, семіз де бе деп сұрап жүретін. Шоң мен Телқозы арасында шатақ шығып кетпесін деген оймен, Жойқынбек берген қойлары ыңғай арықтау болса да семіз дейтін. Сөйтіп жүргенде Ақтау бекінісі жабылатын болып, енді пошта сонау Аягөзден Қарқаралы арқылы Ақмолаға қатынайтын болды. Оны орыстардың өздері жүргізетін еді. Ілуде-шалуда болмаса Ақтаудан Ақмолаға пошта тасылмайтын еді. Енді көбіне Жойқынбек Шоңнын ат-арбасын жегіп беріп жүрді. Шоң әуеліде оны жұмыстан қысқартуды ойлаған еді, бірақ Жойқынбектің мінезі де, ісі де ұнап қалған болатын. Телқозыға да тіл алғыш Елгелді ұнаған еді. Телқозы бір жерге барайын десе атын жегіп дайындап қояды. Баяғыдай ояздың беретін бес сомы жоқ. Жойқынбек бір қойға жалданып жүре берді. Арасында Шоң ақша да беріп қоятын.
Әйімкүл Ақмолада жатыр. Енді Шоңның қалаға баруы жиіледі. Оның үстіне Карбышев те тапсырма беріп, Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруасына жұмсап қоятын. Әуеліде келісім солай болған соң, Шоң бармаймын деп айта алмады. Мұндай жүрісте де арбамен, салт жүрсе де Жойқынбекті қалдырмайды. Өйткені, барған жерде атына қарайтын адам керек. Келген жерінде басқа болыстар тәрізді сол ауылдың адамын жұмсауды ұнатпайтын. Сондықтан қасына Жойқынбекті алып жүретін. Бірде Шоң Ақмолаға барғанда Карбышев айтқан:
– Шоң Телкозинович, сіз ел арасында үлкен ауыл болып отыру туралы үгіт жүргізетін көрінесіз. Оның қажет жоқ, қазақтар бұрынғы қалпынша отырып өмір сүре берсін. Мұны жеткізіп отырған Қабай маңайындағы адамдар екенін білді Шоң.
– Ана казак-орыстар тәрізді отырғанның несі жаман? – деп жауап берді Шоң.
– Әр халықтың үйренген өз әдеті бар. Сонымен тұрсын.
Карбышев Шоңның Темештерге Қорғалжын көлінің жағасынан жер бергенінен қорқып қалған. Нұра бойынан да соны жасай ма деп ойлап тұр еді.
– Шоң, оны жасасаң, екеуміз бірге жұмыс істей алмаймыз.
– Семен Иванович, одан қорықпай-ақ қойыңыз. Басқа түгілі, менің әкем де отырған жерінен қозғалғысы келмейді.
– Ол сөзді айтпастан бұрын менімен ақылдасуың керек, ал мен губернатормен ақылдасып отырамын.
Шоң бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Егер Нұра бойына қазақтар қоныстанып алса оған ояздың да, губернатордың да қарсы шыға алмайтынын білетін. Содан кейін ояз сөзіне бас ауыртудың қажеті жоқ екенін білді. Бәрі жергілікті адамдарға байланысты екенін түсінген. Ал олардың жасап отырғаны анандай. Бұдан кейін ояз да жер туралы әңгімені қозғаған жоқ. Шоң әкесінің де, басқалардың айтқанына көнбейтінін білген еді. Дегенмен, реті келгенде үлкен ауыл болып тұру жайында айтып жүретін.
Дуанның уезге көшуіне байланысты қазақ өмірінде де көптеген өзгерістер кіре бастады. Орыстар қазақ өмірінде билердің алатын орыны айрықша екенін жақсы білетін. Қай ауыл болмасын, ең алдымен бидің айтқанын екі етпей орындайтынын түсінетін орыс шенеуніктері. Билердің өздеріне тәуелді болуын ойластырған еді. Содан кейін жаңа сайланған билерді ояз алдынан өткізіп отыруды әдетке айналдырған. Ыбырай кезінде аузы күйіп қалған Карбышев билерді тек өз алдынан өткізіп отыратын болды. Ол шаруаны болыстарға да тапсырып қойған. Орыстар саясатына онша тереңдеп бара бермейтін Ыбырай мен Карбышев арасында билерге байланысты дау шығып қалатын. «Билер шетінен мұсылман, қалай сенің алдыңда ант береді» деп те айтқан бірде. «Мемлекет орыстікі, сондықтан олар менің алдымда ант беруге тиісті» дейтін Карбышев те ондайда. Ал заңда кез-келген би ояздың өзіне болмаса, орынбасарының алдынан өтуі керек деп жазылған болатын. Карбышев соны өзгертті. Жаңа сайланған билер орынбасарларым алдынан емес, тек менің алдымнан өту керек деген еді. Билер жергілікті жерден сайланбастан бұрын ояздың алдынан өтуіне Карбышев жоғары жақпен келісіп осындай нұсқау берді. Бұл жұмысты басқаратын жергілікті болыстар тапсырған ояздар. Болыстарға байлар мен билердің тәуелділігі арта түскендей еді. Бұл орыс саясатына орай әдейі жасалып отырғанын Шоң жақсы білетін. «Сарыарқа» болысына Шоң сайлануына байланысты Тоқалар арасында би сайлануға үміт ететіндер саны көбейді. Соған орай, Телқозы үйінің есігін ашушылар қатары молайды.
Читать дальше