Осы ретте, қайран шежірешілер жазған кезде Алты ата Әлімнің өз сандарын кемітіп алмау үшін саптарына Айнықтың орнына Тегінболаттың ұлы Шіңгірді, ал Тайқожаның орнына оның ұлы Қарашты кіргізгендерін жұмбақтамай, неге бірден басын ашып, кесіп, ескертіп айтпайды екен деп толғанасыз. Сондықтан біз Алты ата Әлім кестесінің жоғарыда келтірген алғашқы ұстамын да, оның өмір ағымына сай өзгеріп кеткен кейінгі балама ұстамын да қатеге санамай, басшылыққа алу керектігін ескерткіміз келеді.
« Әлімұлы» туралы әңгімемізді әрі қарай осы ру-тайпалар бірлестігіне аты берілген Әлімбаба мен оның ата-тегі кімдер деген сауалмен жалғастырғымыз келеді. Бұған жауапты ақын, сыншы, аудармашы, шежіре зерттеуші Мақсұт Неталиевтің 2002жылдың 8 наурызында «Атамекен» газетінің 5-бетінде жарияланған «Кіші жүздің шежіресі» атты мақаласынан табамыз. Онда: «Кіші жүздің Әлім атасы жайлы айтылып та, жазылып та жүрген аңыз-әңгімелер, болжамдар аз емес. Олардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, түп төркіні бірдейге жуық болып басталады да, талдана, тармақтала келе бір-бірінен алшақтап, әр қияға тартып кетеді…Дұрысы былай: Алшыннан – Қыдуар. Бұдан екі бала: Қайырбай (лақап аты Қаракесек) және Қыдырбай (лақап аты Байұлы). Көптеген шежірелерде Қайырбайдың жарлы болғандығынан ел оны Қаракесек деп атап кеткен дейтін сөз бар. Сол жарлы Қайырбай-Қаракесектің Тоқсұлу атты бәйбішесінен Байсары туады. Тоқсұлу қайтыс болған соң қайын атасы оған екінші қызын ( Қағазды , авт.) қосқан көрінеді. Одан – Әлім, Шөмен туады…» ,-дейді.
Реті келіп тұрғасын айта кеткіміз келеді. Біз мұндағы Қаракесек жарлы болған деген ұстаммен онша келіскіміз келмейді. Біздіңше, егер Қаракесек жарлы болса қайын атасы оған екінші қызын қоспас еді деп ойлаймыз. Сосын Қыдуардың екінші ұлы Қыдырбай әкесі бақуатты адам болмаса лақап атпен Байұлы деп аталмас еді. Ал егер әкесі бай, інісі бай, ал өзі қарашаңырақ иесі бола тұра Қайырбай неге жарлы болмақ дегіміз келеді. Сөзіміз қисынды емес пе. Мәселен біз еш жерден Қыдырбай қарашаңырақ иесі дейтін деректі кездестірген емеспіз, ал Қайырбай жөнінде мұндай деректер бар. Мысалы, алшын Серік өзінің аталмыш еңбегінде бұл жөнінде былай дейді: «Қазір халық санасынан бірте-бірте байқаусыз өшіп бара жатқан бір шындық – Кіші жүз руларының ішінде Қаракесек руының билік айтуға ерекше құқы болғандығы. …Бір қызығы, қазіргі ұрпақ бұл ерекшелікті қазіргі ділдік тұрғыдан қабылдаса, бұрынғы ұрпақ бұған заңды түрдегі көзқараспен қараған. …Қаракесек руының ұрпағына билік айтқызу дәстүрі мойындалған, ешбір талқылауға жатпайтын жайттай қабылданған. …Әйтпесе өздерінің көптігіне, жауынгерлігіне қарамай, Байлы («Байұлы» емес) рулары «Әлім – аға баласы» деп Қаракесекті құрметтеуі несі? Осыған қарағанда, көшпенділер о бастан «жол ұстау» (заңға бойұсыну) билігіне тәнті болған. Әйтпесе өмірде қаншама аға-іні өтпей жатыр?!».
Бұдан шығатыны, егер Қайырбай жарлы емес, қарашаңырақ иесі болса онда оған таңылған Қаракесек ныспысының сыры неде жатыр деген сауал туары анық. Біздіңше бұл атау кедейлік түсінігімен негізделмеуі керек. Мұны біз біреулердің кезінде үстірт ойлап, жаза салған ұшқары байламынан туған ұғым деп санаймыз. Бұған жауапты біз өмір, тұрмысымыздың басқа бір құбылыс, жайттарынан іздестіріп көруіміз керек тәрізді. Мәселен, лингвист ретінде мен Қаракесек атауын қысқартылып алынып, ауыспалы мағынада берілген сөз деп санаймын. Тілімізде осыған ұқсас – кесек дүние, – кесек денелі, – кесекті образ, – кесек бітімді, кесекті толғау секілді ежелден қолданылып келе жатқан толып жатқан метафоралық, теңеу сөз тіркестері бар. Кесек сөзі кедей сөзінің баламасы екен деп, жоғарыда келтірген ұғымдарды, өзіңіз ойлап қараңыз, енді – кедей дүние, – кедей денелі, – кедей образ, тағысын тағы солай деп қабылдай алмаймыз ғой. Бұл білімсіздік, ағаттық болар еді.
Біздіңше, кесек мағынасы түптеп келгенде жердің қара кесегін емес, толыққанды , нағыз, құраушы, сомдаушы деген ауыспалы түсініктерді береді. Осыған орай мұндағы қаракесек сөзін қара+шаңырақ+кесегі , яғни оны көтеруші, тіреуші материал, қысқасы оның иесі деп түсінген жөн. Тек айтуға жеңіл болу үшін жүре келе ауызекі тілде шаңырақ сөзі түсіп, қысқартылып қалған дер едік. Қисынсыз дей алмайсыз, өйткені тілімізде мұндай қысқартылған формада берілген ауыспала сөз тіркестері баршылық. Әрине мұның бәрін біздерге әлі де жеткізе зерттеп, зерделеп берер арамыздан әлі талай зерттеушілер шығарына сенім мол.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу