Сайдаққожа Жүсіпұлы мақаласынан әрі қарай: «Сол бір дін уағыздаушы Гирамад Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ Баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар. …Ысқақтың мешіт-сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр. Оның ұрпақтары Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Яссауи де тарихқа белгілі адамдар. Саид тобына қазіргі қожа рулары Сеид, қожа, Аққожа, Диуана қожа, Қылышты қожа, Қырық садақтар кіреді» ,– деген шежіре жолдарын тауып оқуға да болады. Мұнда сонымен қатар қожалардың пайғамбар әулеті болып саналатын Қорасан тобы, төрелермен қаны араласқан Бақсайыс тобы, Жүсіп қожа, Түрікпен қожалар жайлы мағлұматтар беріледі.
Ал төрелер туралы айтар болсақ, Дешті-Қыпшақ пен қазақ даласына билік етіп, ұлыс хандығын құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары халық арасында әлі күнге дейін өздерін төрелерміз деп атайтындықтары белгілі. Қазақтар қарадан ешқасан хан сайламаған. Тарихымыздағы қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен кемеңгер әз-Жәнібек, елдің іргесін созып, кеңейткен қасқа жолды Қасым мен данышпан Тәуке, олардан кейінгі, аттары алты алашқа аян қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоң-ғарлармен жан аямай соғысқан сайыпқыран Әбілқайыр мен ұлы Абылай, ақ патшаның бодандық саясатына қарсы он жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген оның жүрек жұтқан немерелері Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, кіші жүздің соңғы Жәңгір ханы, қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов, Алаш-Орданың үкілі жетекшілерінің бірі Әлихан Бөкейханов, оның жанқияр, тынбас күрескерлері Сыздық, Әзімхан Кенесариндер, халық арасына аты кең тараған, әйгілі күйші, сазгер, домбырашы Дәулеткерей, ұлттық медицина университетіне есімі берілген атақты ғалым Санжар Асфендияров, қазақтың үлкен гидролог ғалымы, Мәскеу митрополитенін салуға атсалысып, сіңірген еңбегі үшін оның тас қабырғасына аты өшпестей болып қашап жазылып қалған Натай Әзімханұлы Кенесарин, Республикамыздың мемлекеттік елтаңбасын жасап берген, сырт жұртшылыққа да есімі кең танымал сәулетші Шота-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханов, бәрі, бәрі Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары екендігі баршамызға мәлім.
Төрелерміз деп өздерін тек бұлар ғана емес, Шыңғысханның өзге ұлттар құрамындағы ұрпақтары да «бабамыз нұрдан жаралған» деп өздерін дала ақсүйектері санатына жатқызады (Д-р. Эренжен Хара-Даван–Чингис-хан как полководец и его наследие. Алматы. Из-во "КРАМДС–Ахмед Яссауи. 1992 г.) Ал төлеңгіттер жайлы айтар болсақ, Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресінде» бұл туралы: «Қазақ сұлтандары мен хандарының көрші-қолаңы, малайлары мен шабармандарынан тараған ру. Бұлардың көпшілігі ертедегі жаугершілікте қолға түскен әр түрлі ұлттардың адамдары. Солар өз ара бір-біріне қыз беріп, қыз алысып Төлеңгіт руымыз деп өздерінше аталып кеткен. Төлеңгіт руы қазаққа не үш жүзге жатпайды. Төлеңгіттер Орал облысының Орда ауданын мекендейді» ,-деп жазған (Төлеңгіт руы. 8 б.).
Ал Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресінде» бұл жөнінде былай делінген: «…Төлеңгіттер Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз ру-тайпалары орналасқан жерлердің бәрінде де кездеседі. Сан жағынан аса көп болмағанымен, қауымдасып өмір сүріп, қай жерде кездессе де бір-бірін қандас, қарындас санап, қыз алыспай жүретін Төлеңгіттердің шығуы жайлы керағар пікірлер көп. Біреулер «Төлеңгіт» деген ханның төңірегіне жиналған қызметкері, ру емес деп бұра тартса, енді біреулері ол ертеде қалыптасқан, «Мерген» деген атадан руға айналған дейді». Ал шымкенттік зерттеуші Даниярбек Дүйсенбайұлы төлеңгіттердің тегін Үйсін бабамен байланыстырады. Оларды Үйсіннің қытайлық келіншегі Ля Руннан туған Төлеңгіт атты баланың ұрпақтары дегісі келеді. Сөйтіп оларды: төре-төлеңгіт, қалмақ-төлеңгіт, моңғол-төлеңгіт, сосын тағы біреуін келтіріп, төрт тармаққа бөліп жіктейді. Х.Мадановтың айтуынша төре-төлеңгіттер Көкшетау, Талдықорған, Шығыс-Қазақстан облыстарында қоныс тепкен.
Көне көз шежіреші қарияларға жүгінер болсақ, олар төлеңгіттерді сонау Шыңғыс ханның кезінде, соның төңірегінде топтасып, қалыптасқан дербес руға жатқызады. Біздер осы байламды қабылдауға бейімбіз.
Әйткенмен жүзге кірмейтін тайпалар саны бұл үшеуімен шектеліп қалмайды. Олардың қатарында көбіміз біле бермейтін өзге де біраз ру, жұрттар тобы бар. Мәселен, Ноғайлы (Ноғайты) руы. Олар XVII ғасырда Ноғай ұлысының соңғы ордасы Аштархан хандығы құлағаннан кейін қазақ жеріне келген. Сөйтіп тілі мен діні ұқсас қазақ руларымен араласып кеткен. Ал Алтай-Қарпық руы Алтай бөктерін мекендеген қарлұқтардың бір сынығы. Бұлай деп XVIII ғасырда қазақтар арасына сіңе бастағанда аталған. Бұлардан өзге қазақтармен етене аралас-құралас болып кеткендердің бірі– Қалпақ руы. Ол XVIII ғасырдың соңында Хиуа жерінен келген қарақалпақтардан құралған. Ырғыз, Шалқар өзендерінің маңын мекендейтін көрінеді. Ендігі бір топ– Қырғызәлілер . Олар XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығынан ығып, қазақ жеріне келген қырғыздар. Бұлардан басқа қоныс аударушылардың ішінде– Қараша руы бар. Бұлар XVII ғасырдың соңында Цин (қытай) патшалығы жоңғарларды ойсырата талқандағаннан кейін солардың қазақ жерін паналаған Қарашың батыр (Гуранты Доржи) бастап келген тобынан құралған. Кейін соның атымен Қараша руы деп аталып кеткен.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу