1 ...6 7 8 10 11 12 ...35
Әлменов Болат
Әлібеков Әкбай(1931, Қызылорда облысы, Қарсақбай ауданы, Айыртау ауылы – 2015, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) 1944 жылы 13 жасында Қарсақбай темір жолына көмекші жұмыстарға қабылданды. Уақыт өте келе токарь мамандығын меңгеріп алады. Ол кезде тар табанды жолға лайықталған паровоздар мен вагондар кеңес жағында шығарылмайтын болған. Істен шыққан тораптар мен бөлшектерді жергілікті жерде қолдан жасап шығаруға тура келді. Осындай жағдайда жөндеушілермен токарьлар бөлшектерді жасауда оңтайландыру әдісін қолданып, берік және алмастыруға ыңғайлы бұйымдар шығаруды игеріп алды. Осының нәтижесінде ХХ ғасырдың басында ағылшындар, кейін кеңес инженерлері алдырған паровоздар мен вагондар ұзақ жылдар қолданыста болды. Әлібеков зауытта қолы алтын, ойұшқыр аты танымал рационализатор да болды. Қарсақбай зауытының жабылуына байланысты Әлібеков 1975 жылдан Жезқазған мыс қорыту зауытында балқытушы болып істеді.
Әлібеков Әкбай
Әміралин Әбілқасен(1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы – 1991, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) – Ұлытау өңірінен шыққан тұңғыш журналист. Қарсақбай ауданы «Қызыл Кенші», Ұлытау ауданы «Коммунизм туы» газеттерінде редактор, Қарағанды облысы «Советтік Қарағанды» газетінің бөлім менгерушісі болған. Жезқазған облыстық телерадиохабарларын тарату комитетінде бас редактор болып істеген. «Жамалым – жаным, амалым – наным», «Жөкей сот», «Май сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» атты және басқа мақалалары мен фельетондары танымал болған. 1943 жылы Шашубай мен Болманның айтысын ұйымдастырған, өзі ақын Иманжан Жылқайдаровпен айтысқан. 1985 жылы Қарсақбай-Жезқазған өңірі өнеркәсібінің дамуы жайлы «Арқада туған алып» атты публицистикалық кітабын жазған. Қазақстан Журналистер одағынын алғашқы мүшелерінің бірі. Бірнеше медальдармен марапатталған.
Әміралин Әбілқасен
Әубәкіров Мұханбетқали Смағұлұлы(19.12.1956, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай орта мектебін бітірген соң еңбек жолын Қарсақбай металлургиялық зауыттың темір жол орталығында слесарь болып бастаған. 1980 жылы қаңтарда АТС-ке электромонтер болып жұмысқа қабылданды. 1980 жылдан 1998 жылға дейін зауыттың электр-қосалқы шаруашылығында көлік жүргізуші, кейін механик болды. 1999 жылдан осы күнге дейін көлік телімінде шебер болып еңбек етеді. Әубәкіров ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, зауыттың 85-жылдығына орай «Нива» автокөлігімен және басқа да зауыт әкімшілігі мен кент әкімдігінің бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Әубәкіров Мұханбетқали
Бабасов Әлихан Гайнуллаұлы(1983, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Мәскеу қаласындағы тау-кен университетін (2008) бітірген. Экономика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) (2014), экономика ғылымдарының кандидаты (2012). Тау-кен инженері Бабасов еңбек жолын «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі жер асты кеніштерінде ауысым шеберлігінен бастады. Жас маман өндірісте бастамашылдығымен, іскерлігімен көзге түсті. Ауысым шеберлігінен жерасты телімінің техникалық жетекшісі, содан кейін «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің техникалық және инвестиция жобалау бөлімінің экономика жөніндегі маманы болып тағайындалды. 2014 жылдың қаңтарынан «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бас жобалау институты техникалық-экономикалық бөлімінің бас маманы. 2012 жылы «Қазақмыс» Тобы конкурстік таңдау негізінде ұйымдастырған «Таланттарды дамыту» бағдарламасы бойынша «Үздік бизнестік жоба дайындау» номинациясынан жеңімпаз болды.
«Мысты өңір», 2015 ж. 16 қазан, Серік Қуанышбайұлы.
Багреев Иван Григорьевич(1899, Ресей, Курск облысы, Щебек ауданы, Нещеголь селосы – ө.ж.б.) – 1935 жылы Москва түсті металдар институтын бітірген инженер-металлург. Жастайынан кеңес өкіметін қорғауға белсене қатысқан. Институт бітіргеннен кейін Москва облысындағы қалайы зауытында инженер (1935), Кыштым электролит зауытының директоры (1937), Пермь облысындағы Медногорск комбинатының директоры (1939), Орск никель комбинаты №2 цехының бастығы (1946). 1947 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалған. Багреев директор болып істеген 1947—1955 жылдары зауыттың өндірістік қуаты 3 есе артты. Қарсақбай кентінде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Көшелер абаттандырылды, жаңадан скверлер пайда болды. Багреев Отан алдындағы қызметі үшін Ленин (1939), «Құрмет белгісі» (1942) ордендерімен, «Үздік еңбегі үшін» (1949) медалімен марапатталған.
Читать дальше