Жуков Борис Степанович(1913, Украина, Киев қаласы – ө.ж.б.) – электр станцияларының ІІ-рангалы директоры жеке атағы бар. Лохвицкі механикалық техникумын бітірген. 1934—1949 жылдары Кузнецкі жылу-электр орталығының құрылысында, Кузнецкі металлургиялық комбинатында қазандық шебері, конструктор, инженер, қазандықта от жағушы болып істеген. Жуков 1949 жылы білікті маман ретінде Қарсақбай мыс қорыту зауытына жұмысқа жіберілді. Зауыттың орталық электр станциясында қазандық цехының бастығы, станцияның бас инженері, 1957 жылғы 20-қарашадан станцияның бастығы болып тағайындалды. Оның келуімен станцияның техникалық-экономикалық көрсеткіштері жақсарды. «1941—45 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Қара металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері.
Жұмабаев Ахмет(1905, Жамбыл облысы, Байқадам ауылы – 1978, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) 1930 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Химия пәнінің мұғалімі. Қарсақбайдағы №1 орта мектепте химия, биология пәнінің оқытушысы. 1969 жылы Қарсақбайда ашылған академик Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінің алғашқы меңгерушісі. Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты Алматы, Томск, Баянауыл, ғалымның туған жері Ақкелін ауылына арнайы сапарлармен барып жинақтаған деректері бүгінде мұражайдың негізгі қорын құрайды. Мұражай-үйі ғимаратының екінші жартысында отбасымен тұрған А. Жұмабаев өмірінің соңына дейін осы мәдениет ошағының меңгерушісі, қор сақтаушысы, күзетшісі, бағбаны, әрі экскурсия жүргізушісі қызметтерін бір өзі атқарды.
Жұмағұлов Сәрсембек(1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кішітау ауылы – 1982, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) – кенші. 1928 жылы Қарсақбай комбинатының Байқоңыр көмір ошағында еңбек ете бастаған. 1937—1942 жылдары бұрғылаушы, 1942—1950 жылдары ауысым бастығы. 1950 жылы аудандық партия комитеті тәжірибелі жұмысшы ретінде Жезді марганец кен басқармасына жібереді. Шахтада бекітуші болып өндіріс астында екінші топтағы мүгедектік алғанша 1954 жылғы қазанға дейін еңбек еткен. Еңбектегі ерлігі және жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Жүсіпов Мүзафар(1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы – 1980, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) – Қарсақбай мыс қорыту зауытының озат металлургі. Қарсақбайға 1925 жылдың жазында келген. Жаңа салынып жатқан тар табанды темір жолдың жерін қазып тегістеп, топырағын үйіп көтерген. Негізгі құрал-сайманы – кетпен мен күрек, қайла, аға тәшке. «Бізбен бірге көптеген орыстар да қоса істеді. Жұмыстың бәрін осылардан көріп біліп істесіп жүрдік. Олар бізден гөрі ықшам, пысық, ыңғайлылық сияқты» – дейді естелігінде. Жүсіпов 1928 жылы 28 тамызда зауыттық металлургия цехына жұмысқа ауысқан. Онда шлак тасушы, тиеуші, шихтовшы, дабылшы, соңынан конверторшы, ауысым шебері, аға ауысым шебері болып істеді. 1938 жылы шала сауаттылар мектебін бітірген. Ташкент политехникалық институтында жеңілдетілген бағдарлама бойынша оқыды. Мысты тез балқытудың шебері атанды. 1941 жылы қазанда шарпу пешінің көмейі күлге толып, тартуы төмендеп, шихта қорытылуы құлдырап кетті. Бірақ пешті тоқтатуға болмайды, мадан тапсырмасы орындалмай қалады. Ал, жұмысы 120—150 градус ыстықта пештің көмейін бітеген қатып қалған күл сынықтарын сүйменмен, ауыр балғамен сындырып алу керек еді. Көмейге сәл су себелеп, сәл ыстық басылғанда бірінші болып ауысым шебері Мұзафар Жүсіпов, конверторшы Қаржан Бәйжіков енді. Небәрі 5 минутте олар қатқан күлді сүйменмен, балғамен сындырып, сыртқа шығарды. Бұдан артық жұмыс істеу мүмкін емес еді. Егер қабырғаға денең тисе, күлің қалатыны, балғаң тисе, бірің майып болатының анық еді. Осылай жұмыс жалғасты, металлургтер бірін-бірі ауыстырды. 26 сағатқа созылған теңдесі жоқ ерлік пеш жұмысының тоқтаусыз істеуді қамтамасыз етті.
Жүсіпов Мүзафар
Жүсіпов өндірісте жоғарғы көрсеткішке жеткені, Отан алдындағы қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол бұл жоғарғы марапатты Кремль сарайында Одақтың құрметті ақсақалы М.И.Калининнің қолынан алды. Бұл салтанатқа И.В.Сталин, К.Е.Ворошилов, т.б. партия, үкімет басшылары қатысқан.
Читать дальше