Жанбосынов Жүсіп – Қарсақбай зауытын ұлттандыруға қатысқан жергілікті коммунистік топ мүшесі. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада қаңтардың қақаған үскірігі мен аласапыран дүлей боранына кезіккен фельдшер Деев пен оның жолбасшысы Жұмабай қанды ауыз аш бөрілердің қамауында қалады, бір түйесінен айырылып, ажал тұзағынан әрең дегенде құтылады. Деевті ажал аузынан, дала қорқауларының қанды шеңгелінен құтқарып қалушы қарапайым қазақ жігіті Жанбосынов болатын. Ұяла езу тартып, сенімді шыраймен сәлемдескен қазақтың қолын қатты қысып тұрып Деев оның жүзінен ізет – бауырластықтың, кіршіксіз достықтың нышанын таниды. Жүсіптің лашық үйіне келген Деевті ауылдың меймандос кәрі-жасы таза көңіл, жылы шыраймен қарсы алады. Сөйтіп, орыс пролетариатының өкілі Иван Васильевич пен қазақ еңбекшілерінің достасуы дәл осылай басталады.
Деевтің Қарсақпайдағы ағылшын концессионер қоғамында қызмет істейтін большевик Прохор Иванович Холмецкиймен танысуы оның біріншіден революциялық қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе, екіншіден Қарсақпай, Байқоңыр кеніндегі астыртын ұйымның негізін қалауға, сондай-ақ оған қазақ шахетрлері Жүсіп Жанбосынов, Нұрмағамбет Саусақов, Қапланбек Бәтешев секілді кешегі жалшы жігіттерді тартуға толық жағдай жасайды.
Осыдан былай қарай Жанбосыновтың бүкіл өмірі мен күрес жолы жаңа бағыт алады.
Жанғалин Мүктар Омарұлы(1910, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, №2 ауыл – ө.ж.б.) 1923 жылға дейін анасының қолында болған. Әкесі Омар Жанғалин Ташкентте мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазан төңкерісінен кейін Перовскі (қазір Қызылорда) қаласында панасыз балалар оқитын мектеп-интернаттың меңгерушісі болған. Күзектен 1921 жылы қайтыс болған. Сол уақытта мұғалім отбасы ретінде шешесі мен балаларына мемлекеттік пенсия тағайындалған.
Жаңғалин 1932 жылы қаңтарда Қазақ педагогикалық институтының тарихи-экономикалық факультетін бітірген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша Қарсақбай жұмысшы қалашығына келеді. Фабрика-зауыт мектебінің директоры болып тағайындалады. Сонымен қатар кен-металлургия техникумы директорының міндетін қоса атқарады. 1935 жылы мамырда Қарсақбай мемлекеттік мыс балқыту комбинаты директорының көмекшілігі қызметіне жоғарлады.
1935 жылғы тамыздан қазақ өлкелік партия комитеті насихат бөлімінің қарауында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Маркс. Энгельс. Ленин институты қазақ бөлімшесінде қызметкер, Қазмембаспасының, ҚазКСР министрлер кеңесі жанындағы архивтер басқармасының директоры. ҚазКСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.
Жанділдинов Мәжит Мырзамсейітұлы(1947—2010) – Қарсақбайдың генерал-майоры. Ташкент темір жол транспорты инженерлері институтын (1969), КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебінің жанындағы шет тілін менгерген басшы кадрларын дайындайтын екі жылдық курсты Москвада тәмамдаған. Институт бітіргеннен кейін Қазақ Темір жолының Семейдегі №2 жол дистанциясында электромеханик болып еңбек етеді. 1972 жылдан мемлекеттік хауіпсіздік органдарында қызметте. 1980—1981 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасында болып, міндетін атқаруда ерлік, жүректілік, шешімділік, бастамашылдық, айла керліктің үлгілерін көрсеткен. 1987 жылы Мемлекеттік Хауіпсіздік комитетінің облыстардағы басқармаларының бастығының орынбасары, 1992 жылы Жанділдинов ҚР Ұлттық Хауіпсіздік Комитеті Қарағанды облысы басқармасының бастығы. 1997 жылы отставкіге шыққан. Мемлекеттік марапаттары бар.
Жанділдинов Мәжит
Жанділдинов Мырзамсейіт(1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы – 1981, Алматы). Қарсақбай фабрика-зауыт оқуы мектебін бітірген. Қарсақбайда кеніште, темір жолда, «Қызыл кенші» газеті редакциясында, аудандық комсомол органдарында қызмет атқарған. Семей, Гурьев, Жамбыл облысы бойынша КСРО мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті басқармаларында бастық болған, полковник. Ленин, Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдермен марапатталған. Семей қаласында оның есімі берілген көше бар.
Жанділдинов Сейіт(1904, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Білеуті ауылы – 1987, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай мыс қорыту зауытының «Кентас алаңында» 1934 жылы жүк тиеуші, аға жұмысшы болып істеген. 1938 жылы кен алаңына бастық, 1957 жылы кен алаңы кентасты уату-транспорт цехы болып қайта құрылғанда цехтың техникалық жетекшісі, көп ұзамай бастығы болып тағайындалды. Жанділдинов кәсіпорынның бұл буынының бірқалыпты өнімділікпен, сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Зауыт ұжымы арасында үлкен беделге ие болды. Жанділдинов басқаратын цех өндірістік тапсырманы үнемі 135—170% асыра орындап отырды. Социалистік жарыста жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1940,1946,1958) марапатталған. Еңбек Қызыл Ту орденінің (1953), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарының иегері.
Читать дальше