– Бұл сен бе, Батыра? – деді ол көздерін сығырайта.
– Иә, – деген жылдам жауап естілді де, артынан есіктің «тырс» етіп жабылған дыбысы шықты. Батыраның басқан әрбір қадамы тарсылдай естіліп, ол үстелдің жанына жақындап, бетіндегі бірнеше кітапты кішкене ысырып, қолындағы шамын оның үстіне қойды.
– Неге қараңғы бөлмеде отырсың? – деді ол бос орындықтардың біріне жайғаса.
Бірақ Ерұлан оның қойған сұрағына мән берген жоқ, санасында тек көрген түсі «неліктен қайталана береді екен, бұл бір белгі ме? Әлде кездейсоқтық па?» деген сұрақ бір сәтке де маза берген жоқ. Батыра сұрағына жауап естімеген соң:
– Эй… Ерұлан, сен мені тыңдап тұрсың ба? Ойланып кетіпсің ғой, – деп оның жүзінің алдында қолын былғады.
– А, кешір, иә, – деп терең тыныс алып, – түнделетіп жайша жүрсің бе? – деді ол Батыраға қарап.
– Иә, досымның келгенін естіп, қал-жағдайын біліп кетуді ұйғардым, көріп тұрғанымдай, бәрі жақсы сияқты, – деді Батыра Ерұланға күлімсірей. – Денсаулығың қалай? Сұлу қалай? – деді ол.
– Бәрі жақсы, өзіңнің жұмыстарың қалай? – деді.
– Қалай болушы еді… – деді Батыра терең тыныс тартып, – бәрі сол күйі, ешқандай жаңалық жоқ, – деді ол. – Мені қоя берші, сен өзің әлі қағаздарыңды ақтарып отырсың ғой деймін, қызықты бірдеңе таптың ба? – деді Батыра үстелде жатқан кітаптардың бірін қолына ала. Ерұлан «жоқ» дегендей басын шайқады.
– Сұрақтарыңа жауап тапты деп үмітенемін, – деді ол кітаптың үстінен Ерұланға көз тастай.
– Жоқ, мына кітаптардың басым көпшілігінде олар туралы жазылмаған, ал жазылғандарының өзінде, олардың ұзақ өмірінің сыры – Құдайдың берген сыйы деген сөздермен ғана шектелген, бірақ неге? Құдды баланы алдап отырғандай, – деді ол ойлана.
– Досым… Сен жауабы бар сұраққа, жауап іздеп отырсың, неліктен олардың ұзақ өмір сүретініне, сен соншалықты килігіп қалдың? – деді Батыра қолындағы кітапты қайта орнына қоя.
–«Бәрі белгілі» деп ойлайсың, алайда менің білетінім – біз ештеңені білмейміз. Сонда саған қызық емес пе? Хан мен оның әулетінің және олардың айналасындағы билеушілердің ұзақ өмірінің құпиясы неде екені? Олар да біз сияқты қарапайым адамдар, бірақ олардың ұзақ өмірі қарапайым адамға тән қасиет емес, мен осы уақытқа дейін көптеген қолжазбалар мен кітаптарды қарап шықтым, ең ежелгі дегендерін де көрдім, бірақ, бір қызығы, Тарын ханға дейін ешкім олай ұзақ өмір сүрмеген, олар бір құпияны жасырып отырғандай… – деп ол ойлана Батыраға қарады, – ешқандай жазба жоқ… – деп тағы бірдеңе айтпақ болды да, кішкене кідіріп, – Оның үстіне мына аяқасты пайда болған сәбилердің ауруы күдікті, жаңа туылған балалар дұрыс тыныс ала алмайды, ал ең қызығы хан артынша аурудың алдын алу үшін дәрігерлер мен сарбаздарды жіберді, құдды аурудың пайда болатынын білгендей, бірақ бұл ауру бұрын-соңды біздің хандықта болмаған, ол қайдан пайда болды және неге тек жаңадан туылған сәбилер ауырады? – деді Ерұлан. – Мұнда бір шикіліктің бары анық, – деді ол бір нүктеден көз алмай.
– Ерұлан, олар – Үстемділер, олар – ұзақ өмір сүрушілер, олардың қаны бөлек; шыққан тектері бөлек, сондықтан олар ұзақ өмір сүреді, ал біз… ал біз ондай емеспіз, оның үстіне таққа Тарын келісімен адамдардың өмірі түбегейлі өзгерді және жақсы жағына қарай, Тұран хандығы бұрын-соңды болмаған гүлдену шағында; ешқандай соғыс жоқ, қылмыс аз, олар әділ және дана, сондықтан олардың ұзақ ғұмырын қазбалаудың да керегі жоқ, өзің де білесің бұл әрекетің өлімге тең екенін.
Ал ауруға келер болсақ, қазір одан қандай да бір қауіп төніп тұрғаны шамалы. Тарын хан оның да алдын алуда, ол дер кезінде дәрігерлер мен сарбаздарды жіберіп, барлық сәбилерді аман алып қалып жатыр, барлығы қалыпты өтуде… – деп Батыра Ерұланға көңілі толмаған адам сияқты сөйлеп отыр еді, аяқасты оны Ерұлан бөліп жіберді:
– Барлығы қалыпты өтуде дейсің бе? Жоқ барлығы қалыпты емес, сен тек көз алдыңда болып жатқан дүниелерді көріп тұрсың, менің ойымша ханның адамдардың арасына дәрігерлерді жіберіп, елде туылып жатқан балаларды бақылауда ұстап отыр және мұның себебі ол ерекше бір сәбиді іздеп отырғандай көрінеді.
– Не… Не сандырақтап кеттің? Сенің ойыңша ол ауруды өзі таратты деп ойласың ба?
– Иә!
– Мұның енді шектен шығушылық! – деп ол үрейлене сөйледі. – Бұл сөзіңді менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын, сен жақында әке атанасың одан да уақытыңды Сұлуға арна… – деп ол тоқтап қалды да, Ерұланға мұқият көз тастады. – Досым, сен осы ойыңды тастасаң қайтеді, ә? Бұл қауіпті, қазбалап қайтесің, мен саған қаншама уақыттан бері айтып келе жатырмын, бізге мұны білуге тиым салынған, – деп Батыра орнынан тұрды.
Читать дальше