Ерекше ілтипатпен өздеріңнің туғандарың – Зәрдаш пайғам-бар.»
– О, Тәңірім! – деді қолбасшылар көкке қарап, таң қала тізе бүгіп.
– Иә-ә! – деді Спаргапис хатты қайта қолына алып, оған үлкен мән бере үңіліп. Содан кейін оң жағында отырған қолбасшысына былай бұйырды:
– Орхан батыр! Төрт құбыламызға шолғыншы жігіттерңді жібер! Тышқан құсап жорғалап, құс болып ұшса да, төңіректі тезірек барлап келсін!
***
Ымырт қараңғысында шолғыншылар бірінен кейін бірі қайтып келіп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Қоршауда қалыппыз!» деп айтып жатты. Спаргапис Ер, Би, Нарды бұғаудан босатты да, қару-жарақтарын қайтып берді.
– Иә, жігіттер, айтыңдар, қалың қоршауды қалай бұзып өтеміз?
– Тақсыр, ол үшін былай етеміз, – деді Би. – Бар әскеріңізді сапқа тұрғызасыз да, оларға: «Біз қоршауда қалдық», – деп шындықты айтасыз.
– Иә, сонымен?
– Қоршауды түн қараңғысында Темірқазықты бетке алып терістік бағытта бұзып өтеміз. Сол жауапты жорыққа қару-жарақ-тарыңды сайлап, жақсылап дайындалыңдар! – деп әмір бересіз. Кейін үш-төрт тұтқын парсының қашып кетуіне жағдай жасайсыз. Олар қандастарына барып қосылып, біздің жағдайымызды баяндайды да, барлық күшін терістік бағытқа шоғырландырады. Ал біз алдымызға қалған тұтқындарды саламыз да, қоршауды әскер қатары селдіреген түстіктен, дария бағытында бұзып өтеміз. Тақсыр, біздің жоспарымыз – осы. Ал, сіздің алып-қосарыңыз бар ма?
– Өте тапқыр, мықты жоспар екен! – деді Спаргапис толқып, қуанғаннан алақандарын ысқылап. – Ешқандай алып-қосарым жоқ! Дәл өздерің айтқандай іс жүргіземіз! – деді де өзі Ер, Би, Нарды кезек-кезек бауырына алып, құшырлана қысты.
Сонымен қараңғылық үйіріле жіберген шолғыншылар қайтып келді. «Парсылар негізгі күштерін терістік бағытқа шоғырландырып жатыр. Ал түстікте әскер күші селдіреп қалған, – деп баяндады олар. Осы мәліметті алысымен Спаргапис қалған тұтқындарды алдыға салып, қолын түстікке, дария бағытына қарай бастай жөнелді.
Парсылар шынымен-ақ алда келе жатқан тұтқын-жерлестерін көріп, олардың «атпаңдар, біз – өздеріңбіз!» – деген парсы сөздерін естіп, өз қосынымыз келе жатыр деп, қамсыз қалған еді. Олардың артынша лап қойған Спаргапистің қолына парсылар жарытып қарсылық көрсете алмай, босқа қырылды. Спаргапистің жасағы қоршауды осылайша бұзып-жарып өтіп, сақтардың негізгі қосынына көп шығынсыз келіп қосылды. Сол күні Тұмар ханым мен аман-есен оралған ұлы – Спаргапистің қосынында шынымен-ақ алғашқы жеңіс тойы тойланып, Ер, Би, Нарға сол тойдың бас қаһармандары ретінде үлкен құрмет көрсетіледі.
Дегенімен, басты ұрыс-қимылдары да, негізгі жеңіс реті де әлі алда еді.
***
Келесі күні Тұмар ханым Кирге шапқыншысын жұмсап, былай дегізеді: «Қанқой, Кир! Сен менің ұлымды алдап қолға түсірмек болып едің, арам ниетің жүзеге аспады. Тәңірім бізді қолдады. Менің ұлым сенен айласын асырып, сенің аузыңды аңқитып, қоршауыңнан сытылып кетті. Енді менің мына ақылымды ал. Сен сақтардың күші мен айла-әрекетіне құрық бойлата алмайтыныңды ұқтың ғой. Енді есен-аманыңда жөніңді тап! Егер үйітпесең, соғысамын десең, Көк Тәңірі атымен ант етіп айтайын, қаншама қанға тойымсыз болсаң да, сені адам қанына мәймілдете тойғызбай қоймаймын! Соны ұғып ал!»
Бірақ Кир әйел падишаның бұл сөзін құлаққа ілмеді, «Соғысқа дайындала бер!» деп жауап жіберді.
Тұмар ханым болса, Кирдің өзі айтқан ақылға тоқтамасын білді де, бар әскерін жинап, парсыларға қарсы шеру тартып шықты. Бұл бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген соғыс болды. Ең алдымен қарсыластар алыстан бір-біріне жай оқтарын қара нөсердей жаудырды. Сақ сарбаздары Кирдің әскерін екі жағынан қоршай торуылдап, жақындап барып, улы жебелерді зуылдата атып, кері шегініп кетіп отырды. Алдыңғы лектегі парсылардың жаяу әскерінің қатары сирегенде, Кир патша атты әскерін майданға қосты. Тұмар ханым да Орхулан бастаған атты әскерін шығарды. Бұл соғыс кешкі ымыртқа дейін созылып итжығыспен аяқталды.
Таң сыз бере басталған келесі күнгі соғыста Кир арбалы әскерін жапты. Арбалардың доңғалақтарына өткір жүзді шалғылар бекітілген еді. Тұмар ханым оларға қарсы аттылы садақшыларын жіберді. Олар епті қимыл-әрекеттерімен арбалардан қашқақтай жүріп, ысқырма жебелерімен жау әскерін баудай қиып, парсылардың зәресін ұшырады.
Келесі кезекте парсылар қалқан-қамалды, найзалы ауыр әскерімен сақтарды таптап өтпек болды. Тұмар ханым оларға «Үлкер жәрік» соғысын салды. Екі жақтан үш жүз-үш жүз адамнан топтасқан атты әскерлер бірінен кейін бірі шауып барып, нөсерлетіп садақ атып, қайтып кетіп жатты. Осылайша бірнеше мың адам топ-топ болып бірінен соң бірі кіріп, парсының жаңғақтай мықты шымыр әскерінің быт-шытын шығарды. Кир шыдай алмай өзінің ең сенімді атты әскерін майданға жаудырды. Тұмар ханым да қыр астында жасырынып тұрған ұлы Спаргапистің қолын шабуылға шығарды. Біздің қаһармандарымыз Ер, Би, Нар да сол жасақпен бірге қылыш, алдаспандарын жарқыратып, парсыларды ығыстыра бастайды. Кир сақтардың барлық қолының айқасқа араласқанын көріп, ең мықтылардан құралған өз қолымен ұрысқа кірісіп кетеді. Тың күш сақтарды ығыстыра бастайды. Осы кезде Тұмар ханым бар дауысымен айқайлап:
Читать дальше