– Ер, Нар! Садақтарыңды оқтаңдар! – деді бұйырып.
– Иә, неге?! – деп, аң-таң болған Ер, Нарға:
– Шарап көзелерін атамыз! – деді Би әудем жердегі қос арасындағы қаз-қатар тұрған көзелерге қарата садағын көздеп.
– Ә, иә! – деп, бауырлары түсіне қойып, олар да садақтарын көздеп, үшеуі бірінен соң бірі көзелерді дәлдеп атып, қирата бастады.
Әуелгіде не болғанын түсінбеген Спаргапистің жігіттері аңтар-ылып тұрып қалған. Ең алдымен Спаргапистің өзі есін жиды:
– Әй, сендерді жын ұрған ба?! Тоқтатыңдар бассыздықты! – деп ақыр-ған. Бірақ бауырлар оның айқайына тоқтаған жоқ, көзелердің бәрін жайратып салды.
– Әй, басбұзарлар! – деді Спарагапис ашу-ызадан түтігіп. – Егер жай күндері болса, менің бұйрығымды орындамағандарың үшін үшеуің де өлім жазасына кесілер едіңдер. Дегенімен, сендердің жанқиярлық ерліктеріңді ескеріп, жазаларыңды жеңілдетем. – Жанындағы жасақтарына қарап. – Үшеуінің де қару-жарақтарын жинап алып, аяқ-қолдарына бұғау салып, тұтқындап, үйқамаққа алыңдар! – деп ақырды.
– Дат, тақсыр! – деп Ер сөз сұрайын деп еді, Спаргапис:
– Жабыңдар ауыздарыңды! Көзіме көрсетпей тез алып кетіңдер бұларды! – деп, жасақтарына өктемдікпен бұйырды.
Жасақтар үш бауырды аттарынан жұлып алып, дедектете сүйреп, алып кетті.
– Ал, сайыпқырандарым! – деді Спаргапис сап түзеген әскеріне барлай қарап. – Сендердің жанқиярлық ерліктеріңнің арқасында бүгін шарапатты жеңіске жеттік. Жарайсыңдар! Енді сендерге жеңіс тойын тойлауға рұқсат берем. Парсылардың мол дастарқанын көріп тұрсыңдар ғой. Тойғанша ішіп-жеңдер, күліп-ойнаңдар. Тек, әтте-ең… – деп аз бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. – Бар шарапты әлгілер қиратып, төгіп, рәсуа еткенін қарашы! Амал нешік, енді өздеріңнің жанторсықтарыңдағы қымыз, шалап, шұбатпен ғана сусын басарсыңдар. Ал, жақсылап дем алыңдар! – деп, ер жүрек жауынгерлерін еркіне жіберді.
***
– Енді қайттік?! – деді қызуқанды Ер бауырларына қарап. – Біз парсылардың алдауына түсіп, қоршауда қалып, қырылатын бол-дық қой.
– Оларды қоршауда қалу қаупінен сақтандыратын тек біз едік, біздің де көрген күніміз мынау.
– Бұл жерде Бауыржан атамыздай мықты қолбасшы керек шығар, – деді Ер бауырларына кезек көз тастап. – Александр Бектің «Арпалыс» кітабы естеріңде ме?
Сонда Бауыржан ата Мәскеу түбіндегі қаланы қорғау соғысында батальонымен бірге бес рет немістердің қоршауында қалып, бесеуінде де қоршауды жарып шығады. Соның алғашқысында ол асып-сасудың орнына батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсетіп, қоршауды «ромб әдісімен» тас-талқан етеді. Яғни, соғысқа жарамды сарбаздарды ромб тәрізді сапқа тұрғызады да, ортасына жаралылар мен санитарларды тиеген арбалар мен зеңбіректерді, басқа да ат-көліктерді орналастырады. Сөйтіп, немістердің сақадай сай әскери-техникалық колонналарын күтпеген жерден сына сияқты бұза-жарып өте шығады. Бұл да әскери тапқырлықтың бірі.
– Иә, осы әдісі кейін әскери оқулықтарға енгізіліп, арнайы тактика ретінде оқытылып келеді емес пе.
Бауырлар біршама серпілгендей болып еді, бірақ өз баста-рындағы жау қоршауы естеріне түскенде, қайта қалың ойға беріліп, үнсіз қалды.
Кенет Нар үнжұрғалары түсіп кеткен баурыларын иықтарынан қағып:
– Эврика! Мен таптым! – деп айқайлап жіберді.
– Иә, нені таптың?
Ол жауап орнына қойнынан қойын дәптер, қаламсап алып, алдына қойды.
– Кімде металл теңге бар?
– Менде жүз теңге бар, – деді Би қалтасынан шығарып көрсетіп.
– Бәрекелді! – деді Нар жанары ұшқын атып. – Енді хат жазып, теңгені астына мөр етіп басамыз да, Спаргаписке беріп жібереміз.
– Содан?..
– Содан кейін тағы көре жатармыз.
Нар отыра қалып хат жазды да, теңгенің бетін сиямен бояп, мөр етіп басты. Оны шиыршықтап орап, сыртынан қолорамалымен қаптады да, оны күзетшілердің бірінен «Спаргаписке апарып бер» деп ұстатып жібереді.
Біраздан кейін күзетші қайтып келді де:
– Үшеуің де менмімен бірге жүріңдер. Спаргапистің алдына барамыз, – деді.
Күзетшілер оларды Спаргапистің жорық шатырына алып келді.
– Мына түсініксіз хат қайдан пайда болды? Мұны оқи аласыңдар ма, қайсың оқисыңдар? – деді Спаргапис олар кірген бойда.
– Мен оқимын, – деді Нар алдыға шығып, хатқа қолын созып. Ол хатты алысымен орауын жазып, оқи жөнелді: « Спаргапис! Көк Тәңірдің атынан аян етемін! Тап қазір төрт құбылаға шолғын-шыларыңды жібер. Парсылар сендерді қоршап алды. Олар өздеріңді қойдай топырлатып қырып-жойсын демесеңдер, мына үш елшімнің қол-аяғын босатып, солардың айтқанын тыңдайтын болыңдар. Олар сендерге жол нұсқайды!
Читать дальше