– Сендер немене, болыс сайлауды ойынға айналдырып алғансыңдар ма?
Герасимов та оған тісін басып жүр еді, өзін адамға санамайтынын Герасимов білетін, ол тұрып айтты:
– Қабай, әлі тойған жоқсың ба, сенің дем алатын уақытың болды ғой.
– Менің жұмысыма кояр қандай кінәң бар, салық жинау жоспарын артығымен орындаймын…
Ол кезде жоғары жақ салық жинауға айрықша көніл бөлетін. Сондықтан әлгі сөзді Қабай әдейі айтып тұрған.
– Саған кояр ешқандай кінәміз жоқ. Мен саған болыстар іріленіп жатқанын айтып отырмын ғой.
– Ендеше сол болысты мен басқарамын.
– Ояз оған тұратын адамды белгілеп қойған. Ол мына алдарыңда отырған Шоң Телқозин.
Бір сәт үндемей отырып қалған болыстар біріне-бірі қарап алды да, жарыса сөйлеп кетті: «Бұл жақта ел басқаратын адам жоқ па, ояз өз адамын неге жібереді?» – деген сөздер жан-жақтан жауып кетті.
– Шоң Телқозин сендерге бөтен адам емес, осы Тоқаның баласы. Сендерден артық бір қасиеті бар. Ол орысша біледі. Жоғарыдан келген бастықтармен сөйлесе алады. Сауатты. Ақыл жағынан да көбіңнен алда тұр.
Мына «ақылы да сендердің көбіңнен алда тұр» деген сөз намысына тиді ме, біреу отырып айтқан:
– Біз өз көңілімізден шыққан адамды сайлаймыз. Қанша орысша біледі деп тықпалағанымен, мұндай адамның бізге керегі жоқ.
– Мен айтып отырмын ғой, губернатордың бұйрығы бойынша болыстар ірілендіріліп жатыр. Ал оған болыс кім болатын ояз шешеді. Ол жаңа болысты басқаруға Шоң Телқозинді қалап отыр.
Қабай ғана емес, көп болыстар өз қызметінен айырылғанын білді. Мынау олар күтпеген жаналық еді. Естері шығып кеткендей болды. Жиналғандар енді ашық реніш білдіре бастады. Әсіресе, болыстықтан айрылғалы отырғандары қатты-қатты сөздер айтқан. Қазақшаға судай және қазақ мінезін жақсы білетін Герасимов орнынан тұрып айқай салды:
– Сіздер немене, губернатор бұйрығына қарсысыздар ма?!
Мынау сөз оларды біраз басып тастағандай еді. Жиналғандар бір сәт үндемей қалды. Герасимов сөзін әрі қарай жалғады:
– Ояз бұл болысқа болыс етіп Шоң Телқозинді ұсынып отыр дедім ғой. Соған дауыс бересіңдер. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ!
– Сіздер де өз қалағандарыңызды болыстыққа ұсына берініздер, – деді Шоң. Бұл сөзді жиналғандардың көніл-күйіне қарай айтып отыр еді ол. Герасимов Шоңның мынасын жақтырмай қалды, ол сөзін әрі қарай жалғады.
– Естеріңде болсын, қазір ояз ешқандай сайлаусыз-ақ губернатормен ақылдасып болысты өзі тағайындайды. Сіздердің алдарыңа ояздың өзі қалаған адамды жіберіп, ақылдасып отырғанына рахмет айтыңыздар. Түсініңіздер!
Әлгі Шоң сөзі себеп болды ма, енді мына айтқан Герасимов сөзіне мән бермей билер бірінен соң бір тұрып, өздерінін тәуірлерін атай бастады. Бәрі айтып болған соң Герасимов қайыра орнынан көтеріліп:
– Естеріңізде болсын, біз бұрынғыдай көп болыс емес, бір-ақ болыс сайлағалы жатырмыз. Сол себепті, мына адамдардың санын азайтыңыздар. Тандаған бір-ақ адамдарыңды кіргізіңіздер – деді. Герасимов бұл сөзді амалсыздан әрі қулықпен айтып отыр еді. Герасимов егер Шоңнан басқа біреуді сайлап барса, Карбышевтің күн көрсетпейтінін білді. Сонда да Шоңның мына айтқанына ешқандай амалы қалмағандықтан, еріксіз көніп отыр еді.
Герасимовтың әлгі айтқан сөзі олардың тілектерінен шықпай отырған. Ояз жіберіп отырған адамға қарсы да шыға алмады, бір жағынан. Ақыры ақылдаса келіп, елдің мықтылары төре болғандықтан, жеңсе осы жеңеді деп Қабайды қалдырды. Өйткені, орыстардың қазақтан гөрі төрелерге жақсы қарайтынын білетін. Жоғары жақтың да төрелерге көзқарасы өзгере бастағанын бұлар әлі білмейтін. Оңаша ақылдаса келіп, дауысқа түсетін Шоң мен Қабайға тоқтаған. Қанша дегенмен Қабай – төре, оның сондықтан да бұл жерде билердің арасында беделі бар еді.
Герасимов тұрып тағы қайталап айтқан:
– Болыстыққа ояз Шоңды ұсынып отыр. Соны естен шығармаңдар. Дұрысқа көшіңіздер. Оны жасамасаңыздар, басқа тәртіп болады. Осыны есте сақтаңдар.
Герасимов аузынан мына сөзді естігенде жиналғандар корқып кетті.
– Ол қандай тәртіп? – деді бір би отырып.
– Омбыдан, Ақмоладан жіберілген өкілдер басқарады.
Дуан орнына ояз басқарғаннан кейін ел арасында болыстарды да орыстар басқаратын тәрізді өсек шығып жүрген еді. Ел арасында тарай бастаған сол сөз көптен бері билердің бастарына мықтап орнап қалғандай еді.
Құлымбет руының би Лау орнынан тұрып:
– Ежелден болыс сайлауын жергілікті жердегі билер сайлайтын. Бұл әуелден келе жатқан тәртіп, қазақтың хандарын да баяғыда солай сайлаған. Заман өзгерген соң, амал өзгереді екен. Орыс жіберіп отырғанымен Шоңнан қашпаңдар. Шоң да бізге бөтен емес қой, кешегі Жанкелді бидің ұрпағы. Соны естен шығармаңдар. Сол жағын да ескеріңдер.
Читать дальше