– Семен Иванович, олай болса мен осы қалада тұрып болыстықты басқара берейін…
– Шон Телкозинович, ол болмайтын шаруа. Онда басқа болыстар да қалада тұрып, сен айтқандай жасағысы келеді.
Карбышевтың мына сөзінде шындық жатқанын білді. Осы маңайдағы болыстардың бәрі де қалада отыруға құмар еді. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Тексұрағаны:
– Сонда менің мекен жайым қай жер болады?
– Анау Қабай отырған Көбетей ауылына барып отырсайшы. Сол ара қалаға да жақын.
Ертеңгі күні мына ояз айтқан ауылға барып отырса әкесі де, басқа туысқандары да өздерінің қазақшылығына салып ренжитінін білді. Сонан кейін Шоң:
– Онда мен туған жерім Қараағашта барып отырайын.
Бұған қарсы ояз ештеңе айтқан жоқ. Бұл келісімнің белгісі еді. Кешкісін үйге келген соң барлық жаңалықты Әйімкүлге айтқан:
– Ертең елге жүреміз?
– Неменеге, бастығың айтты ма?
– Бастық та солай дейді. Оның үстіне мынау жүгірмелі жұмыс. Әбден шаршадым. Қараағашқа барып, болыс болып отырамын.
Әйімкүл қала тіршілігіне үйреніп қалған. Шоңның мына айтқанын ұнатпай отыр еді.
– Болыс болу үшін сонда тұру керек пе? Астыңызда жүйрік атыңыз бар, барып-келіп істемейсіз бе?
Шоң Әйімкүлдің қаланы қимай тұрғанын білді. Содан кейін Шоң:
– Сен осы жерде отыра бер. Мен өзім барып-келіп істеймін.
Шоңның «осында отыра бер» деген сөзі Әйімкүл көңілінен шыққан еді.
Шоң Әйімкүлді Ақмолада қалдырып, ертеңіне Герасимов екеуі жүріп кетті. Карбышев болыс сайлауына, бір даулы мәселелердің туындап қалмауын ойлап, Жайықбаев пен Герасимовтің қасына төрт-бес жауынгер ертіп жіберетін бұрын. Шоң қасына ондай адамдарды еріткісі келмеді. Қазақтар орыстың әскери кісілерін жақтырмайтын. Ояз кейбір тіл алмаған билерді Ақмоладағы түрмеге бес-алты күн жапқызып қоятын. Сондықтан да билер болыс өкілінің әскермен жүргенін жақтырмайтын. Шоң оны жақсы білетін. Елді әскермен қорқытуды лайықсыз көріп, Шоң әскер ерітуден бас тартты.
Шоңдар жолай Нұра бойына бірнеше тоқтады. Бірақ, біріне де болыс болғалы бара жатқанын айтпады. Әр рудың билеріне Қарааашқа келгеннен кейін арнайы адам жіберуді ойлаған. Герасимовпен келісіп, бұл туралы жолдағы ағайындас билердің ешқайсына айтпаған.
Ауылына келген соң, ояз болыстыққа ұсынып отырғанын әкесіне ғана айтқан. Өмірінде қазақ үшін болыстан жоғары қызмет жоқ деп санайтын Телқозы есі шыға қуанды.
Нұра бойының болысы болады. Сондықтан болыс сайлауын Шоң Нұра жағасында, Жабағылардың аулында өткізуді жоспарлап қойған іштей. Әкесі көнсе сонда көшіп барып тұру ойы болатын. Мұнда келген себебі, сол тойға соятын малдарды әкесімен келісу болатын. Өйткені, өзінде Жанкелді бабасынан қалған мал болғанымен, бәрін Телқозы билейтін. Шоң сайлауды Жабағылар ауылында өткізгісі келетінін айтқанда Телқозы қатты ашуланып қалды.
– Елдің бәрі өз аулында өткізіп жатыр, сен неге осында өткізбейсің?
– Маған қарайтын болыстың жері Нұра бойында жатыр. Бұл жақта өткізуім дұрыс болмас.
– Сонда біз кімге қараймыз?
– Менің болысыма қарайсыздар. Бірақ шалғайлау жатырсыздар ғой. Нұра бойының сөзқұмар қазақтары соны да әңгіме етеді.
– Етсе ете берсін, сенің болыстығыңа шығынды мен шығарамын. Ана Жабағылар шығарады деймісің. Жиынды осында өткіз.
Әкесінің бұл сөзі жөн екенін білген. Сайлау болған соң біраз шығын болады. Оны көтеріп алатын осында отырған туыстары. Герасимовпен ақылдасты, ол да әкесінің айтқанын қолдады. Ақыры, Шоң келіскен. Нұра бойында отырған Құлымбет, Тілендер, Жабағы, Солтан, Аққошқарларды, тағы басқа бірнеше рулардың билерін шақырды. Бұл Нұра бойында тұратын билердің көптен бері болмаған үлкен жиыны болды. Телқозы да аянып қалған жоқ. Елуден астам киіз үй тігіп билерді қарсы алды. Оларды неге шақырып жатқанын әуелінде айтпаған еді. Билер ояздың өкілі шақырып жатыр деген соң бір кісідей болып келген. Болыстар, билер жайғасқан соң Герасимов отырып сөз бастады.
– Губернатордың бұйрығы бойынша болыстар іріленіп жатыр. Осы Нұра бойындағы болыстардың бәрі бұдан былай «Сарыарқа» атанып, соған кіреді.
Бұл сөз әр-әр болысқа өздерінің тәуірлерін сайлап үйренген билердің көңілдерінен шықпады. Алайда, олар ояз өкіліне қарсы не айтарларын білмей отырып қалды.
Бекәлі кеткелі пәлен жылдан бері болыс болып әбден үйреніп алған, Айтқожа-Қарпық болысын билейтін Қабайдың есі шығып кеткендей болды. Ол Ыбырайға пара берудің арқасында Бекәлі кеткелі болыстан шықпай келе жатқан. Көп жыл болыс болғандықтан ел арасында беделі бар еді. Даусы өктем, қаттырақ шықты.
Читать дальше