Шоң кезекті жер дауынан келіп отыр еді, Карбышевтің айтқаны:
– Шоң Телқозинович, сені бір жерге болыс етіп жіберсем қалай қарайсың?
Жер мәселесі жүгірмелі жұмыс. Әрі дау-жанжал көп еді. Шоң сөзге келместен бірден келісті.
– Қайда барғың келеді?
– Жіберсеңіз, өзімнің туған жерім Қараағаш жаққа барғым келеді
– Оның дұрыс. Мен сені бүкіл Нұра бойына жібергім келіп отыр. Әр ру сұлтан кезінде өз алдына бір-бір болыс жасап алған. Оны Ыбырай жалғастырды. Соларды таратқым келеді.
– Сіз мені сонда Нұра бойындағы қай болысқа жібересіз?
– Бүкіл Нұра бойына барасың.
Шоң бір үлкен даудың күтіп тұрғанын білді. Сол күдігін жасырған жоқ, ашығын айтқан.
– Сонда соған рудың байлары мен билері көне қалады деп ойлайсыз ба?
– Сен одан корықпа. Менің айтқаным болады. Қарсы келген билердің әңгімесі менімен болады.
Содан кейін Карбышев өз жоспарын айтқан:
– Мен Нұраның ұзын бойын бір болыс жасағым келеді. Оған сен болыс боласың. Оның атын қалай атасақ екен?
Шоң отырып:
– Нұра өзені Сарыарқаның дәл төрінде жатыр. Жаңа болыстың атын «Сарыарқа» қояйық, – деді.
Карбышев «Сарыарқа» деген сөзді жақсы білетін, көңілінен шыға кетті. Содан кейін өз ойын толықтырып айтқан, «Сарыарқа» болысы мына Нұра іргесіндегі орыстардың Романовка заемкасының ар жағынан басталып, Нұраның ұзын бойымен біраз жерге барады. Басқаша айтқанда, сен өз алдына бір уезд болғалы тұрсың.
Шоңның өзіне жаны ашитын Ерназарлар отырған жерге болыс болып бару ойында болатын. Өйткені, ол жақта өзін колдаушылар көп болатынын білетін.
– Семен Иванович, сіз мені Қараағаш жаққа жіберсеңіз.
– Олай болса оны да косып ал. Бірақ мен айтып отырмын ғой, Нұраның ұзын бойына болыс боласың. Қабайдан бастап менің тілімді алмайтын болыстардың бәрін қуамын.
Шоң Карбышевтің Ыбырайдан билікті өзіне біржола осылай алуды ойлап отырғанын білді. Іштей Карбышевтың мұнысы жергілікті билер арасында шу көбейтетінін де сезіп отыр еді, бірақ қарсы сөз айтқан жоқ.
Карбышевтың пәлен болысты бір болыс етуінде бір сыр жатқанын, барлық болыстарға айтқанын жасатып, айдауында жүргізгісі келіп отырғанын сезді. Соның ішінде өзі де кетіп бара жатыр… Алайда, ояздың айтқанына қарсы шыға алмайсың. Ақыры Шоң келіскен еді.
Осы арада тағы бір қауып бар еді. Шоң анау Алтайдан тараған Қареке, Мұрат, Сармантайлар: «Телқозының мына баласы қызымызды алып қана қоймай, енді өзімізге де билік жүргізуді ойлап отыр» – деп сөз шығаратынын болжаған еді. Сол арада отырып оязға айтқан:
– Анау менің әйеліме ағайындас Сармантай, Мұрат, Карекелерді менің болысыма коспай-ақ қойсаңыз, Семен Иванович, одан біз ұтпаймыз, қайта ұтыламыз, ертеңгі күні бізге билік жүргізгісі келіп біздің күйеу бала әдейі қосып алды дейді. Мен ондай сөз естуге барғым келмей отыр.
Карбышев қазақтар жоқтан барды жасап отыратынын білетін еді. Шоңның мына айтқанына келіскен. Ағайынды үш руды өз алдына бір болыс жасауға ұйғарған еді. Оларға кім лайықты дейсіз деп сұраған.
– Қазір байлық кімде болса, сол билік құрып отыр ғой. Үш рудың арасында байлар көп. Қайсысын айтарымды білмеймін. Ол жағын өзіңіз шешіңіз, – деп, Шоң болыс болуға лайықтысын атап айтпаған еді. Карбышевті өз шешімінде қалдырғысы келген. Ертеңгі күні бұл айтқан адам көңілінен шықпаса өзіне сөз келетінін білген еді Шоң. Содан кейін ештеңе демеген.
Осы әңгімеден кейін Герасимов екеуі жол жүруге дайындалды. Шоң жүрер алдында Карбышевтен сұраған еді:
– Семен Иванович, мен мұндағы шаруамды кімге өткіземін?
Кейбір жұмыстарына көңілі толмай жүрсе де, Карбышев жер мәселесіне байланысты шаруамен Шоңның жүргенін қалайтын. Көңілінен шықпағаны – Темештерге байланысты, тағы бірді-екілі тапсырмасын өз ойлағандай орындамаған еді. Бұл кезде Темештер Қорғалжын көліне жақын жерге үлкен ауыл болып отыра бастаған. Олардың мұнысы ояздың көңілінен шықпай жүрген еді. Мұны Шоңның ақылымен жасап отырғанын сезген. Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруадан болыстыққа ауыстырудың бір сыры да осында жатыр еді. Дегенмен, Шоңның атқарған көп істері көңілінен шығып жүретін. Сонысы үшін болыс етіп жіберуді дұрыс деп тапқан.
– Жер мәселеніне байланысты шаруаны жүргізетін басқа адамды табамын. Қажет болса, өзіңді де шақырып тұрамыз.
Қазақтар арасындағы кейбір орыстар шеше алмайтын, қазақшылығы көп дауды Шоңға қалдыруды ойлаған. Содан кейін мына сөзді айтып отыр еді. Бұл Карбышевтың көп қулықтарының бір екенін түсінген Шоң да. Осы арада Шоңның басына бір ой түсе кетті. Егер жер мәселесіне байланысты шақырып тұратын болса, онда Ақмолаға жиі келіп тұратынын білді. Өйткені, қалада тұрғанды Әйімкүл де ұнатып жүргенін сезетін. Содан кейін Шоң айтқан:
Читать дальше