Ымырт жабылғалы әлдеқашан. Жауын тіптен күшейе түскен еді. Қарсыдан қарауытып көрінген киіз үй қасына келіп тоқтады бұлар. Бәрі үйге кірді. Бұл Ағыбайдың үлкен баласы Аманжолдың үйі екен. Шоңды көріп орнынан ұшып тұрып келіп, қолын берді. Өткен жолы Қояншы-Тағайлардың болысымен келгенде Шоңмен танысып қалған. Сол таныстығын көрсетіп, қолын беріп тұр еді.
Бұрын Ақтау болысында істеген казак-орыс Аманжолды танып Карбышевке айтқан еді сол арада. Ол бұны естіп қатты ашуланды. Әлгі амандасуынан кейін Шоң әдейі әкеп отырғандай көрді. Карбышев орысшалап айтқан:
– Мен бұл үйде жата алмаймын. Басқа үйге барып жатайық.
– Осы маңайдағы ауылдың бәрі Ағыбайдың туыстары. Түн ішінде қайда барамыз, – деді Шоң. – Бәрібір білді. Осы үйге жатайық.
– Ендеше, Ағыбай баласын тұтқындап барып жатамын.
Мына сөзді естіп Шоң сасып қалды.
– Семен Иванович, үй йессін тұтқындап үйінде қалай жатамыз?
– Мені өлтіріп тастаса, сен жауап бересің бе, Шоң Телқозинович?..
– Қандай дұшпан болса да үйіне келіп қонған адамға қазақ ешқашан қастандық жасамайды. Қанына сіңген тәртіп бар сондай.
Карбышев отырып Шоңға айтқан:
– Ендеше, сен бұларға менің Ақмола уезінің бастығы екенімді айтпа!
Шоң бұған келіскен еді. Ағыбайдың балалары әкесіне тартқан тентек екенін білетін. Бұл оязға бірдеңе жасап қоя ма деп, өзі де қауіптеніп отыр еді. Бірақ Шоң ол күйін сездірген жоқ. Карбышевті қасына алып, төрге отырды.
Аманжол үйінің адамдары жандары қалмай күтті. Тамақтарын берді. Карбышев жатқанда қасына Шоңды, бір жағынан жол бастаушы казакты, аяқ жағынан бір солдатты жатқызған еді. Есікке екі әскери адамнан күзет қойып ұйықтаған. Ағыбай баласы көрші үйде жатқан. Ешқандай Карбышев ойлағандай жағдай болған жоқ. Шоңдар таңертең тұрғанда Аманжол Шоңға айтқан:
– Мен тұтқында болғанда біраз орысша үйрендім. Кеше сізбен мына адамның сөзінен Ақмола уезінің бастығы екенін білдім. Бұл баяғы Кенесарының қолынан өлген есаулдың баласы ғой. Бұл сол үшін інім екеумізді Сібірге айдатып жіберді. Соғысса әкелерім соғысты. Біз әкеміз соғысқа аттанар алдында ғана туғанбыз. Біздің қандай кінәміз бар?
Мына сөзді естіп, Карбышев не айтарын білмей қалды. Кінәсін мойындағандай, үнсіз отырып қалған.
– Аманжол, сен бәрін ұмыт. Бұл кісі де әдейі сендерді Сібірге жіберген жоқ. Сол кезде тәртіп солай болған. Сен оны көңіліңе алма. – Содан кейін Шоң сөзін Карбышевке арнап сөйледі. – Семен Иванович, сіз де өткенді ұмытыңыз. Сіздің әкеңіз бен Ағыбай бір-біріне жау болған жоқ. Оларды жау еткен сол кездегі жағдай, саясат. Өткен шаруаны қоздыра беру қажет емес. Оның екеуіңізге де пайдасы жоқ. Қолдарыңызды алыңыздар деді.
Шоң айтып отырған соң Аманжол қолын ұсынды. Карбышев те алды. Бір сәт екеуі де өткенді ұмытқандай болды. Шоң Аманжолға айтқан: «Әкеңнің басына құран оқуға мына болыстар аттың басын әдейі бұрды». Бұл кезде болыстар басқа үйде жатқан еді.
Аманжол мына сөзден кейін басылғандай болды. Содан соң айтқан, Шоңке өткен жолғы берген ақылыңыз дұрыс болды, Түркістанға апарғанда көптін бірі болып жататын еді әкеміз. Қазір ерсілі-қарсылы өткендер әкемнің басына тоқтамай, құран оқымай кетпейді.
Карбышев отырып сұраған еді Шоңнан.
– Сен Шоң Телқозинович, бұрын осында болғанда сондай ақыл-кенес бердің бе?
– Бердім. Оным қате ме?
– Дұрыс жасағансың. Сен бұл жаққа менімен ақылдаспай қалай келіп жүрсің. Соны білгім келіп отыр?
– Ағыбайдың жылына шақырған. Оны сізге айтуды міндет деп ойламадым.
– Шоң Телқозинович, бәрібір сен маған қүні бұрын айтуың керек еді.
– Семен Иванович, кейде қазақ пен орыстардың талап-тілектері жанаспай кетеді. Сонда Ағыбайдың жылына бармасам, шақырып отырған адамдардың ренжиітінін білдім. Ал қазір сіз ренжіп отырсыз. Сондықтан менікі қате десеңіз, ағаттық болса, кешірім сұраймын.
– Сен қу адамсың, Телқозин. Қандай жағдайда болсын ретін тауып кетесің. – Бұл кезде басқа үйдегі болыстар да келіп кірді. Бұл екеуінің арасындағы әңгіменің бәрі қайыра орысшаға ауысып кетті. Карбышев болыстардың естігенін қаламай отыр еді. Келген болыстардың ешнәрседен хабары жоқ еді. Шоң ояздың көңіл-күйі бері қарағанын түсініп айтқан болыстарға:
– Қазір барып, жолай Ағыбай басына құран оқып кетеміз.
Болыстар мынадай сөз айтып отырған Шоңға және оязға қарады. Карбышев айтқан:
– Егер сендер де қалап отырсаңдар, барып құран оқыңдар. Темеш болысы отырып айтқан:
– Шоңкеңнің мұнысы дұрыс.
Мына сөз Шоңннан шығып отырғанын ояз Темеш болысының сөз саптауынан біле қалды. Бір жайсыз күйге түсіп қалғандай болды. Шоң оны біле қалып Карбышевке айтқан:
Читать дальше