Баянғали Әлімжанов
Қорасан қарақшының қолмергені
Поэма
Абақты,
Алты қадам
Арлы-берлі,
Ауырлық
Қайысқандай нардың белі,
Жалғанды
Жалпағынан басқандарға,
Сезілген
Дүниенің тарлығы енді.
Арасы
Алты қадам
Төр мен есік,
Көкірек қысылады
Келген бөсіп,
Торлаулы
Терезенің ар жағында,
Тұрлаусыз
Уақыт ойнар желдей есіп,
Құдайдың
Құдіретіне күмән бар ма,
Ұрыға,
Қарыға да берген несіп,
Алты адым
Арлы берлі
Қас қағым сәт…
Шамасы
Осындай жол
Көр мен бесік.
Жастықпен
Біреу түссе басы айналып,
Бел байлап
Біреу қылмыс жасайды анық,
Өшігіп
Өмір бойы өтсе біреу,
Біреулер
Өкінеді кеш ойланып,
Азапты
Адымдарды есептесең,
Жер шарын
Шығар екен неше айналып?!
Төрт тарап
Тұтқын үшін төрт қабырға,
Телміріп
Келетіндей көп сабырға,
Көңілі
Күллі әлемді кезетіндей,
Үгіліп үнсіз үміт…
Жоқ дабыра!
***
Қамауда
Қырық адам,
Құжынаған,
Тыным жоқ
Шыбын жанға ызыңдаған,
Қырықтың бірі қыдыр
Деген қайда,
Кім қане,
Қан мен жаны бұзылмаған?
***
Бұлар да
Кеше кісі саналыпты,
Жамандық
Жылдар бойы жамалыпты,
Сыя алмай
Дүниеге жойқындарың,
Ақыры
Қараңғы үйге қамалыпты.
Қамауда
Қилы тағдыр топтасыпты,
Қейбірі
Талай мәрте соттасыпты,
Сыр шертіп,
Шер тарқатып жатқанда жұрт,
Жас жігіт
Шайнайды үнсіз ақ қасықты,
Кәдімгі жастарға тән
Төбелесте,
Мастықпен
Он тоғызда от басыпты.
Ауылдан,
Ақ самалы аңқылдаған,
Доп қуса
Ертелі – кеш алқынбаған,
Балтабай,
Орта бойлы, шымыр, шапшаң,
Серпінді,
Жас қайыңдай солқылдаған.
Қап-қара
Қайғы тұнып көздеріне,
Күрсініп,
Тұншығардай өз деміне,
Кей-кейде қайраттанып,
Қайрап өзін,
Жұрттың да
Құлақ түрер сөздеріне,
Тағдырлар
Кейде жынды, кейде мұңды
Сыяр ма
Пенделердің безбеніне!?
Бір мұжық,
Әкесімен ішкен арақ,
Мас болып,
Жанжалдасып, іскен қабақ,
Аузынан пергенде әке,
Қызыл қан боп,
Сау еткен
Тісін бала іштен санап,
Десанттың
Өткір құрыш қанжары екен,
Қолына
Жанталаста түскен жарақ,
Әкесі қашқан кезде,
Қас жауындай,
Артынан
Лақтырыпты күшпен қадап.
***
Кірш етіп
Жон арқасын тесіп өткен,
Құлаған
Байғұс әке осы бетпен,
Әйтеуір
Тірі қапты емханада,
Түрмеге
Түскен бала есі кеткен.
Тентек су
Сорлатпаған кімді тұсап?
Сөйлейді,
Айыққан соң, мұңды құсап:
– Апырмай,
Қайда,
Қалай лақтырсаң да
Ұшымен
Қадалатын жынды пышақ!
Жұрт оған күледі кеп:
– Неткен пышақ!
Әкеңді
Өзі қуып жеткен пышақ,
Өкпесін
Тесіп өтіп, қан жұтқызған
Көргенсіз,
Бетіменен кеткен пышақ!
Осылай
Есер ұлды оспақтайды,
Өкініп,
Ол шекесін тоқпақтайды,
Сойқанды
Кешіріпті әке жылап,
Тергеуші
Істі бірақ тоқтатпайды,
Сілтеген
Суық қару сұмырайды
Бес жылға
Қалай ғана соттатпайды,
Алайда,
Шын әділет сорлы әкеге,
Баласын
Сірә, бұлай жоқтатпайды!
Ашумен
Талай маңдай жар соқпап па,
Ақылмен
Болмай ма оған салсақ ноқта?
Тұрақта
Сөзге кепті екі жігіт,
Жолыққан
Тау текедей тар соқпақта,
Жолға да
Көшедегі таласамыз,
Қайтер ек,
Қатарласып қонсақ таққа?
Үлкені
Кішісіне келген қырын,
Кішісі
Қайдан білсін оның сырын:
– Сен кімсің, әй, боқмұрын, —
Дейді зекіп,
-Өтетін
Мына жерден менен бұрын?
Бұр былай,
Босат маған дереу жолды,
Үлкеннің
Жолын кесу – жаман ырым!
– Күн сайын
Көріп жүрміз біз мұндайды,
Шегіну
Менен гөрі сізге ыңғайлы,
Сәл шегіне тұрсаңыз,
Кетем өтіп,
Қалады
Жол сізге, – деп жымыңдайды.
Үлкені
Қып-қызыл боп кеңірдегі:
– Кет, былай
Тапап өтем сені! – деді,
Қарамай
Кішісі де бет-жүзіне,
Лақтырды
Күл-қоқысын көңілдегі!
Қаһарға мініп үлкен
Бұра тартқан,
Көлігін
Апыл-ғұпыл тұрақтатқан,
Кішкентай
Айбалтасын алып шығып
Басынан
Бозбаланың бір-ақ шапқан!
Осылай
Бейтаныстан жаңа көрген,
Қапыда
Қанға батып қала берген,
Ес-түссіз
Үш күн жатып есіл жігіт,
Ақыры
Амал бітіп, арам өлген!
Қоздырып
Жастық оты делебесін,
Жан бар ма,
Көрмеген ер төбелесін,
Бірақ та,
Шектен шығып, қан төгуге
Барады дәті қалай,
Неге,
Не үшін?!
Кесіпті
Қанішерге сегіз-ақ жыл,
Дегендей,
Тағы да қан төге берсін!
Читать дальше