«Таңдаулы,
Озық ойлы біз азданбыз,
Түнекте
Жол көрсетер шырағданбыз,
Біз үшін
Ұлт деген жоқ, дін деген жоқ,
Мировой
Космополит гражданбыз.
Санатқа
Патша қоспас пақырларды,
Қайтеді
Байлар санап бақырларды,
Айласын
Асырады ақылдылар,
Айдап сап
Бір-біріне батырларды.
Ұшпаққа
Шығарады кейде лебіз,
Дөкейге
Жағар сөзді дей береміз,
Құртам деп
Мына сендер бір-біріңді,
Жүргенде,
Біз үндемей жей береміз.
Біз жеттік
Ақыл-ойдың озығына,
Бұлар мәз
Бізден қалған тозығына,
Кеп тұрған
Алданғысы аңқау елді,
Апырмай,
Алдамаудың өзі күнә!
Өзгеге
Білінбейді ізіміз де,
Сүйкімді
Күллі жұртқа түріміз де,
Тағдырға
Алғыс айтып отырамыз,
Жегізіп
Қойған үзбей сізді бізге!»
Осындай
Құрдым ойлы, жылмаң, жылым,
Ар жағы
Жықпыл- жықпыл, бұлдыр, бұлың,
Бух деген
Бір ғаламат отыр мұнда,
Маңына
Үйірілген аңғал құлын!
Жөн сілтеп,
Жауап берсе сұрағына,
Жанына
Жақындайды жырағы да,
Ерітіп тәтті тілмен,
Үйіреді,
Түрмелік
Тәрбиенің құралына,
Қояды
Бастан сипап барлығын да:
«Сендердей
Елдің ерке ұланына,
Қарайтын
Болса егер де қамқорлықпен,
Түрменің
Түбіне әкеп тығады ма?!»
Болғанмен тілі – балдай,
Ойы – заһар,
Қауқар жоқ
Оған қарсы тұрар мұнда,
Не болмақ
Улы қоқыс төге берсе,
Бастаудың
Мөлдір тұма бұлағына,
Тағылық
Тәжірибе тағылымын,
Тығындап
Құя берсе құлағына,
Байқамай
Құрығына ілігеді,
Даланың
Құлын түгіл, құланы да!
Не түрлі
Қитұрқысын сот пен заңның,
Сараптап,
Шоттап құнын төккен қанның,
Жұмбағын
Меңзеп қойса, тоқтайды жұрт,
Сөзіне
От пен судан өткен жанның!
Бес жігіт бір ауылда,
Содыр, сойқан,
Қорқаудай қорқынышты
Бұжыр, бойшаң,
Добалдай қол-аяғы,
Өңкей палуан
Жүріпті
Елді үркітіп қойқаң, қойқаң!
Оларға
Қарсы тұрған еркі мықты,
Ерді алдап
Қазандыққа келтіріпті,
Қапыда,
Ебін тауып қарағұстан,
Сүйменмен
Бір-ақ соғып өлтіріпті,
Денесін
Пешке тығып, көсеп қойып,
Қарт ойнап,
Арақ ішіп отырыпты.
Күлі мен
Сүйектерін қалған-құтқан,
Ауылдың
Шет жағында қарға тыққан,
Ештеңе
Болмағандай ойнап, күліп,
Соғымда
Қуырдақ жеп, арақ жұтқан.
Іздейді ел
Бес күн бойы азаматын,
Адақтап
Құда, жекжат, жамағатын,
Балалар
Ойнап жүріп, бас сүйегін,
Тауып ап,
Елге айтады жаманатын!
Жұрт шулап,
Бүкіл аудан дүрлігеді,
Қармаққа
Қылмыскерлер ілігеді,
Сүйменмен
Соққан жігіт мойнына алып,
Өлтірдім
Ерегесеп мұны деді,
Прокурор,
Полиция, сарапшылар,
Айғақтап,
Айтқан сөзін тізімдеді,
Біреуі
Күйінді ме, өкінді ме
Асылып,
Дымы шықпай, үйінде өлді,
Орманда
Қашып жүріп енді бірі,
Қаңтардың
Аяз қысқан түнінде өлді,
Тікелей
Кісі өлтірген қаныпезер,
Түрменің
Отыр міне, түбінде енді.
Қайғысыз,
Қарт соғады, қарқылдайды,
Тамақты
Опырады, тарқылдайды,
Дұшпанды
Елге шапқан жеңгендей боп,
Сөйлесе,
Батырсынып жарқылдайды,
Кім білсін неге екенін,
Тек әйтеуір,
Бух оған
Ақыл айтып балпылдайды:
«Қорқпағын,
Болмаса айғақ, куәларың,
Шындықты
Мойындамау- бұ да дарын,
Табандап
Тұрып алсаң, түк қылмайды,
Тек қана сыр бермесін
Шыдап арың,
Құдайдың
Жазуымен болса бәрі,
Сендердің
Жоқ,-дейді Бух, – кінәларың!
Сондықтан
Мойындама,
Мойындама!
Тергеу, сот,
Құр әншейін ойын ғана,
Әуелде
Шындығыңды айтып қойсаң,
Құрдымға
Кеттім-ау деп уайымдама,
Мәжбүрлеп
Айтқызды деп, бас тартсаңдар,
Тоқтайды,
Білем істің, жайын, бала,
Жабыңдар
Бәрін өлген екеуіне,
Жол осы,
Құтылатын дайын ғана!»
Осылай
Жігін тауып, түбін жайғап,
Берген соң,
Айтар сөзін бірыңғайлап,
Қанішер
Сот болғанда өп-өтірік
Өлтірген
Мен емес деп тұрды сайрап!
Қорқытып,
Полицайлар ұрды деді,
Тергеуді
Теріс жолға бұрды деді,
Өлтірген,
Өртеген де ана екеуі,
Куә боп
Мен амалсыз тұрдым деді,
Әуелде
Мойныма алдым қорққанымнан,
Айтамын
Енді сотта шынды деді,
Ақыры,
Адвокаттар әлгіні ақтап,
Жауызға
Бар-жоғы алты жылды берді,
Осынша
Өтірікке жол беретін
Біздің сот
Сонша сорлы, жынды ма еді?!
Заң қайда,
Ешкім жалған айта алмайтын,
Әр кімнің
Ырғауына шайқалмайтын?
Айналып
Кетер ек қой әділ соттан,
Әуелгі
Айтқан сөзден қайтармайтын.
Читать дальше