Рысты.Өлсе, өмірем қапсын. Сенің не шаруаң бар-ей онда? Айтшы!.. Ақыр аяғында енді жұрттың дұрыстап «спокойно» өлуіне де мұрша бермессің сен. Сен бе, сенен бәрі шығады! Қыршаңқы!..
Көмекбай.Мейлі, не десең, о де. Мен бәрібір шындықты айтпай тұра алмаймын. Өйткені мен айтпасам, солармен бірге мына біз де өлеміз іштей іріп-шіріп. Бүткіл қоғам іріп-шіріп, сасып кетеді.
Рысты.( Тұлданып ). Сасыса, сасысын! Көппен көрген ұлы той.
Көмекбай.Бұл – құлдардың психологиясы. Ал құлдар мен құл иеленушілердің қоғамы әлдеқашан тарихтың бір қойнауында қалып қойған. Тіпті одан кейінгі феодализм дәуірінің де қарасы батқалы қашан. Ал, сені мен біз қай ғасырда өмір сүреміз, айтшы? XXI ғасырда! Дүние жүзіне демократия мен плюреализм кең қанат жайған гуманистік ғасырда!
Рысты.Әй, қойшы, сен осы «демократия-семократия» деп осы үйге апта сайын буат-буат болып келетін де жататын ана газет-журналдардан жаттап алған қияли сөздеріңмен адамның басын қатырмай! Осы газет-журналдар деген де бәле болып жабысты осы үйге! Ана Астана мен Алматыдағы еріккен журналистер қайдағыны қайдан тауып алып жазады да жатады. Шаршамайды екен өздері. Тамақтары тоқ, көйлектері көк болған соң, ерігеді ғой деймін. Тыныш жатқан елді дүрліктіріп!…
Рысты бірте-бірте өз позицияларынан айрыла бастағандықтан, үн-түнсіз қалған Көмекбайға төне түседі.
Рысты.Үсті-басы май сасыған мына тракторшыға – cаған – не керек, а, газет-журнал? Газет-журналды ана екі астанадағы – Оңтүстік пен Солтүстік астаналардағы – кім еді әлгі, жазушылар мен журналистер, академиктер мен сакадемиктер, ғалымдар оқысын! Олар сол үшін ақша алады үкіметтен. Ал саған не жоқ, ә?! Саған сол үшін ана жазушылар мен академиктерге төлегендей ақша төлеп жатыр ма біреулер?!
Айтқышын өзінің! «Пұлымберизм», «пұлымберизм» деп аузы жып-жып етеді ғой кісінің жынын келтіріп. О немеңнің мағынасы немене өзі? «Пұлымды бер», яғни, «ақшамды бер» деген сөз бе?
Көмекбай.Иә, сенің ойың тек сол ақша ғой. Ол қандай жолмен келіп жатыр – адал жолмен бе, арам жолмен бе – оған ешқашан басыңды қатырмайсың. Ал плюрализмге келетін болсақ, пікір алуандығы деген сөз ол. Былайша айтқанда, бастық Ниетәлінің айтқан сөзіне қара шаруа Көмекбай да, Рысты да өзінің қарсы уәжін айтуға хұқылы деген сөз. Әне, сонда ғана әлгіндей пікір алуандығынан қоғамда, мемлекетте шындық, әділет салтанат құрады.
Рысты.Атаңның басы! О заман да, бұ заман дүниеде қашан, қай қоғамда шындық пен әділет орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалып еді осы, а-а?! Сен оқыған тарихты мен де оқығам мектепте. Әне, оныншы класты бітірді деген аттестатым жатыр ана көк сандықтың ішінде ешбір кәдеге жарамай. Сенің кесіріңнен!..
«Қарындас, қарындас!..» деп ізімнен қалмай қойған соң, мен байғұс жыланға арбалған торғайдай сенің ізіңе еріп жүре беріппін ғой ештеңенің байыбына бармастан. Әйтпесе, тым жақсы бір жігіттер болған сөз де салған, көз де салған. Әйел деген қыз кезінде ақымақ болады екен ғой.
Көмекбай.Солай ма?!
Рысты.Иә, дәп солай!..
Көмекбай.Кімдер олар саған әрі сөзін, әрі көзін салып жүрген?
Рысты.Оны не қыласың?
Көмекбай.Білейік те біз де. Қанша айтқанмен сенімен жиырма жыл бірге тұрып жатырмыз ғой.
Рысты.Қойш әрі, кісінің басын қатырмай!
Көмекбай.Айпақшы, сенің жаңағы «атаңның басы» дегенің не сөз? Енді мені қойып, аталарыма ауыз салайын дедің бе? Олардың қандай жазығы бар?
Рысты.«Прямой» жазығы бар.
Көмекбай.Ал…
Рысты. Ал болса, дұрыстап тыңда, ал дейді ғой маған! Егер олар ештеңені бүлдірмей, жайларына қарап жүргенде бар ғой, тап сен секілді газет оқығыш, телевизор көргіш қияли, мәжігүн біреу келмейтін еді мына күнәһар өмірге. Сонда менің де, мына үйдегі шиеттей бес баланың да милары қатпас еді бүгінгідей.
Көмекбай.Айтатыныңды айтып болдың ба?
Рысты.Айтып болсам не қылайын деп едің?
Көмекбай.Ендеше маған 700-800 теңге бере тұр.
Рысты.Оны не қылмақшысың?
Көмекбай.Ішім алай-түлей болып барады бүгінгі мына Ниетәлі екеуіңнің маған жасаған қорлықтарыңнан кейін. Дүкенге барып, бір бөтелкі алып, шер тарқату керек. Біреумен.
Рысты.Көк тиын жоқ менде. Осы үйге сенің ақша әкелмегеніңе неше ай болды? Міне, бақандай үш ай балалардың жәрдемақысымен ілдәлап отырмыз. Шертарқату дейді ғой маған!.. Сенің-ақ шерің тарқап болмайды екен осы! Сылтаумен ана дүкенші қатын Зибашпен кездесуге асығып бара жатсың ғой өліп!.. Мен егер үстеріңнен түссем бар ғой бір күні, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып қолдарыңа берем! Көр де тұр жұртты көзінше масқараларыңды шығарам! Сосын халықтың бетіне қалай ұялмай қарар екенсіңдер?! Тек қор болғанда үстеріңнен түсе алмай жүрмін ғой мысым құрып.
Читать дальше