Көмекбай дәл осы кезде қабырғадағы киімілгішке курткасын іліп жатып, әйеліне ерекше бір «мағыналы көздермен» тағы бір оқшырая қадалып өтеді.
Көмекбай.Осы әдетіңді қашан қояр екенсің сен?! Мен бірдеңе айтсам әйтеуір есебін тауып «әбизателні» қарсы шығудан өзге білерің жоқ. Осы үйдің еркегі кім өзі – мен бе, сен бе?
Рысты.Ойбай, сен ғой, сен! Аяқ астынан не боп қалды? Енді түсіндіріп айтсаңшы былай…
Пауза. Көмекбай сәл-пәл ентігін басып, төрдегі құрақ көрпенің үстіне барып, малдасын құрып, шоқиып отырады.
Көмекбай.Ашытпа көже бар ма?
Рысты шоландағы сырлы шелектен бір сапар кесе ашытпаны әкеп, күйеуіне ұсынады. Кесені ұсынып жатып Көмекбайдың бет-жүзін көзінің астымен тағы бір мұқият бажайлай шолып шығады.
Рысты.Ал сонымен?
Көмекбай.Сонымен болса әлгі Ниетәлі «сболышпен» біржолата ат құйрығын кесісіп келіп отырмын. Әнеукүнгі мен коорперативке өткізген 2 машина картоп пен 6 тонна асқабаққа, 3 машина қауын-қарбызға – бәріне 120 мың теңге беріп қарап тұр беті былш етпей!.. «Бары осы-ақ па, әлде…» десем, «Бары – осы, қалғаны транспорт шығынына, «перекупшиктерге», әлгі алыпсатарларға, салыққа, пәлен-пәштуанға кетті» дейді. Енді айтшы, өзің – кісіні тірідей тонау емей не осы?! Кеттім боқтап-боқтап! Құрысын бүйткен кооперативі де, серіктестігі де. Шығам бәрінен. Жалпы, бұл ауылдан қарамызды батырмасақ, бір күні аштан өлеміз. Кету керек. Түсіндің бе?
Рысты.Жоғарыдағы бастықтарға, әлгі кім еді… Әкімдерге шағымданам, арызданам демедің бе?
Көмекбай.Айтпады деймісің!.. «Қайда барсаң, онда бар, олардан зорларына бар!» дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтынын білмейді деймісің о қу. Бәрін біліп отыр. Қысқасы, осымен сөз бітті – көшеміз!
Рысты.( Ернін сылп еткізіп ). Қайда шырағым-ау?! Жиделібайсынға ма?
Көмекбай.Бас ауған жаққа!.. Бала-шағаға нан табатын бір кәсіп іздеп кету керек. Айтып тұрған жоқпын ба мен саған қазақтың жалпақ тілімен соқырға таяқ ұстатқандай түсінікті етіп, әйтпесе, бұл түрімізбен бір күні аштан өлеміз.
Рысты.Ол жақта бізге біреу жұмысын дайындап, тосып отыр ма екен сонда?
Көмекбай.Әй, осы сен үнемі маған неге осылайша қарсы шығасың, а-а?! Осы үйдің еркегі сен бе, жоқ, әлде мен бе?! Айтшы!..
Рысты.Жоғ-ау, енді өзің емес пе… Қыстың көзі қырауда жылы орнымызды суытып, шиеттей бес баланы шұбыртып қайда қаңғырмақпыз? О жаққа барғанда бізге дайын тұрған үй-жай, қора-қопсы, отын, тамақ-су қайда?.. Ниетәлімен келіспесең, шықсаң шық сол серіктестігінен. Жеке шаруа, әлгі не ет… иә, фермер бол қайтадан.
Көмекбай.Жеке шаруа, фермер боп та көрген жоқ па едік кезінде. Күнімізді көре алмаған соң кірмеп пе едік әлгі Ниетәлі иттің құрған серіктестігіне. Қайда барсаң да көретін күнің сол – тірідей тонау!.. Кетеміз ана «Майлыбасқа». Теміржолға жұмысқа кірем. Стансасының бастығы неміс көрінеді. Сол неміске барып паналамасақ, мына түйені түгімен жұтатын қазақтар бір күні мына бізді де жұтып қояды. Қазақтан сен ешқашан әділет таба алмайсың, білдің бе?!
Рысты.Теміржолда жұмыс бар ма екен? Өткенде Әлайдар: «Шойынжолда да қысқарту жүріп жатыр екен, біраз кісі жұмыссыз қалыпты» деп отыр еді ғой.
Көмекбай.( Арыны басылған жуастау үнмен міңгірлеп ). Енді былай бірдеңе қылармыз…
Рысты.Қой, шырағым!.. Көшсең, өзің көше бер. Мен мына жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Ұшпаққа шығатын болсақ, «Екпіндіден» көшіп келдік қой осы «Кеңтүпке» осыдан жеті жыл бұрын. Сонда да «Ойбай, «Кеңтүпке» барамыз, туып-өскен жер, ағайынның ортасы, шаруашылықтары да дүркіреп тұр» деп, желпілдеп едің. Сонда да «Екпіндінің» бастықтарымен ұстасқансың осылай. Осы сен жайыңа қарап жүре алмайсың ба басқа жұрт секілді тып-тыныш.
Көмекбай.Мен олармен әдейі еріккеннен ұстасып жүр ме екем? Солардың өздері емес пе кісіге күн көрсетпей жүрген. Айтшы өзің, жүз жиырма мың теңге деген не мына қымбатшылық заманда. Сені мен менің екі айлық шайлығымыз. Ал жылдың қалған он айында немен күн көреміз?!
Рысты.Онда солармен, бастықтарыңмен, арпалыс та жүр осылай! Сөз бітті, точка, нүкте!.. Мен жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Көшу оңай дей ме екен? Жайына қарап жүрмей, үнемі осы істейтіні – басын бір дау-дамайға тығады да жүреді. Жүр ғой осы ауылдың сенен басқа адамдары әп-әдемі болып тып-тыныш.
Көмекбай.Сонда мына тап көз алдыңда жасалып жатқан әділетсіздіктерге, алаяқтықтарға, жемқорлыққа көзімізді жұмып жүре беруіміз керек пе бәріміздің? Адамшылық қайда, имандылық қайда? Әлде олардың бізге көк тиынға керегі жоқ па? Бүйте берсек, бұл ауыл бір күні сен айтқандай, әп-әдемі болып ішінен шіріп өледі. «Ауруын жасырған өледі» дегенді естуің бар шығар. Білдей онжылдықты бітірген сауатты адамсың ғой.
Читать дальше