Талшын:Қайдағы нағашы?.. Менде нағашы бар ма еді?
Баймырза:Ілгеріде Қытайға ауып кеткен нағашыларымыз бар деп жүретін едің ғой. Солардың үрім-бұтақтары болар.
Талшын:Қойшы әрі, кісінің жынын келтірмей. Ата сақалың аузыңа түссе де, әзілің қалмайды-ау. Одан да жөніңді айтпаймысың.
Қайсар:Апай, біз…
Баймырза:Бұ балдар әлгі өзің көрген жан алғыш солдаттардан қашып жүрген көрінеді. Демонстранттар. Алаңнан қашып шығыпты.
Талшын:Ойбай-ау, алаңнан қашып шықса, бізде несі бар, үйлерне бармай ма?!
Баймырза:Әй, кемпір, сен де қызықсың-ау, сол үйлеріне жете алмаған соң осында келіп отырған жоқ па? Бізге тамақ асырау үшін келіп отыр деп пе едің?..
Талшын:Кім саған тамақ асырау үшін келді деп отырған. Қой, мен ештеңені білмеймін. Бір рет халық жауының семьясы болғаным жетер осы өміріме, енді тағы қартайған шағымда түрме жағалап жүрер жайым жоқ.
Баймырза:Ойпырмай, енді қоя тұршы, қара аспанды қапылдыра бермей. Әуелі істің мәніне түсініп алсаңшы, жазған-ау!..
Талшын қолындағы пластмасса шелекті алып, ас үйге өтеді де, краннан су ағыып, қолын шая бастайды.
Талшын: Әй, шал, мен ойнап тұрғам жоқ сендермен. Ана балалар үйіне қайтсын. Айттым ғой саған – екінші рет халық жауы болар жайым жоқ деп. Қазір ана жан алғыштар үй-үйді аралап, тінтуден тайынбайды. Сонда не бетімді айтпақпын?.. Жоқ, айналайын, мәмілеңді айтпа маған!..
Баймырза:Кемпір, сен енді айтқан тілді ал. Бұ балдар мен тұрғанда ешқайда кетпейді. Тәуекел.
Талшын:Тәуекелің әлі таусылмаған екен-ау, а. Құдайыңды ұмыта бастаған екенсің, байғұсым. Баяғы 59-жылы Сібірде он жыл отырып келіп, бізбен табысқандағы берген антыңды ұмытқан екенсің…
Қайсар:Қой, аға, біз кетейік. Кешіріңіздер…
Баймырза:Жоқ, кетпейсіңдер. Ана жазалаушылар сендерді қазір құр жібермейді.
Қайсар:Мейлі, аға, бір ыңғайы болар…
Баймырза:Балам, сен өйтіп енді менімен қасарыспа. Шешеңнің қазір ашуы сабасына түседі. Не болса да, күте тұрыңдар.
Ақмарал:Қайсар, сен енді қойшы. Ағам айтып тұр ғой…
Талшын(ас үй жақтан ):Шырағым, ол ағаң айта береді. Не болса да ана баланың айтып тұрғаны дұрыс. Үйлеріңе жетіп алыңдар.
Баймырза:Әй, сен қоясың ба, жоқ па?! Біле білсең, бүгін маған бақ пен бақыт қонған күн!.. Кенесары бабамның аруағын тірілтем деп, сонау Сібірде отырған он жылда «Апыр-ай, бұ қазақтың аяққа тапталған ар мен намысын жақтайтын ерлер қашан туады, не қылған сорлы елміз, ез елміз…» деп, көкірегім шерге толатын еді. Кешеден бері сол сорлы елдің намысын қорғауға бел буған мына балалардай мыңдаған ұл-қызды көріп, төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Бар екен ғой, иә, Жасаған!..» деп, ішімнен мың тәуба айттым жаратқанға түнімен. Сен оны қайдан түсінейін деп едің…
Талшын:Иә, біз нені түсінейік. Бізге ондай түсінік қайда?..
Баймырза:Кемпір, сен мені өйтіп шымшыма. Қазақтың ар-ожданын аяққа таптатпаймын деп, жас жүректері лүпілдеп соққан екі ер келіп отыр отыңның басына. Біле білсең, бұлар бізге келген – құт.
Талшын:Құт па, жұт па – оны бір Жаратушының өзі ғана біледі. Сен менің өйтіп тілімді қышытпа, білдің бе!.. Қазақ-қазақ дегенде көкірегің қарс айырылады. Сол қазақтың намысын жыртып, он жыл түрмеде, айдауда жүргенде солардың біреуі артында қалған жесірін мына мені мен ана қызыл иек, аш құрсақ шиеттей үш бала-шағаңа қол ұшын беріп пе еді? Соларды енді екі көзінен қанды жас ағызып, иттей тістелеп жүріп, кәмелетке жеткізген сол сенің айта беретін қазағың ба еді, әлде мына мен бе едім? Елуінші жылдың аяғында түрмеден арып-ашып келгеніңде саған қызмет тауып бермек түгіл, кеңсенің есігінен сығалатпай қойған төрелер де сол сенің айта беретін қазақтарың емес пе еді? Енді бүгін келіп… О, несі, жүдә, көсемси қалғаны.
Баймырза:Олар қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен атқамінерлер ғой. Сен қарапайым халық пен билік үшін ар-иманын сатып жіберетін белсенділерді шатастырып тұрсың.
Кенет терезенің алдынан овчаркаларын арпылдатып, бес-алты солдат жүгіріп өтеді. Сырттан: Ддержите! Не упускайте! Бей!.. Пни! Не жалейте!!..» деген үн естіледі. «Апа!.. Апажан!…» деп, құлындағы даусы шырқырап шыңғырған қыз баланың дауысы түн тыныштығын тіліп өтеді. «Ах, ты дикарь, тебе надо было пасти овец, а не демонстрировать тут свою грамотность!..» деген қырылдай шыққан, тістенген, ызалы үн де естіліп жатады.
Читать дальше