Тапанша гүрс етіп оқ атып шейхың қолынан еденге құлап түседі. Асқар шалқасынан түседі; Ғабдуррахман бір-екі секунд теңселіп тұрады да, ол да сылқ етіп құлап түседі. Біраз уақыт тыныштық орнайды. Ашық қалған есіктен Халел кіреді, оның қолында атуға дайын тапанша. Оның соңында көмекшісі.
Халел . (сұлап жатқан шейхті көріп) Шейх Ғабдуррахман?! (көмекшісіне) Көрдің бе, біздің жанымыздан сып беріп өте шыққан адамның кім екенін? (столды айнала беріп Асқар мен Иванның мәйіттерін көріп тізерлей кетіп тамырларын басып олардың өтіп кеткеніне көзі жетіп алақандарымен бетін сипайды да орнынан тұрады) Аллаһү акбар! Қайтып кетіпті. Өкінішке орай біз шейхті танымай қалдық.
Көмекшісі . (жерде жатқан шейхтің ұялы телефонын көріп оны алайын деп еңкейе беріп) Мынау не? Шейхтің соткасы ма?
Халел . (қатал үнмен) Тиме! Еш нәрсеге тиме. (көмекшісін ығыстыра телефонды зор абайлықпен, екі саусағымен алып столға қояды) Мен білсем, әлгі жарылғыш миналарды іске қосатын пульт осы телефон. (көзімен бөлмені шалып өтіп) Иә, бұл жерде болған оқиғаның астары енді түсінікті. (телефонды бұзып батареясын алып тастайды) Шейх стадионды жармақшы болған тәрізді, ал мына жігіт оған қарсы шыққан. Алайда шейх оқ атқанда мүлт жібермейді, ал мына жігіттің тәжірибесі жоқ. Ал имам… ол кісі де шейхті тоқтатпақшы болған, ол оны тоқтатты да… алайда, өзі де оққа ұшты. Жарайды, болған іс болды. Енді уақыт тығыз… (ұялы телефонын алып шығып орталықпен байланыс жасайды) Орталық! Орталық! Байланыста – «Ақ сұңкар». Стадиондағы жарылғыш миналарды іске қосатын пульт біздің қолымызға түсті де істен шығарылды. Шейх Ғабдуррахман мерт болды. Жоқ, біз емес, – оны имам Асқар атып тастады. Жоқ, ол кісі де қаза тапты. Имам Асқар ерен ерлік көрсетті, мыңдаған адамдардың өмірі үшін өзінің өмірін пида етті. Иә, иә! Біз енді қаланы азат етуге арналған жоспарымыздың екінші тарауына кірісеміз. Қалаға шабуылды бастамай тұра тұруды өтінемін. Иә! Құп болады! (телефонын сөндіріп, көмешісіне) Ал, мен кеттім! Сен қазір мешітке тарт! Намазхандар таң намазына жиналып жатқан болар. Оларға имамның қазасын естірт, ақсақалдар келіп мәйіттерді оң жаққа жатқызсын. Содан кейін гарнизонға кел, мен біздің офицерлер мен сержанттарды көтере берейін.
Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді.
Біраз уақыттан кейін Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса келеді.
Гүлнәр . (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, столдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!
Жамал . О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Мынау қан ғой!
Гүлнәр . (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)
Жамал . Гүлнәр! Не болды? Асқар… (столды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)
Лариса . (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Манағы сөздерім үшін кеш мені… а-а…
Жамал . Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)
Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да егіліп отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.
Жамал . (басын көтеріп залдағы көрермендерге) Адамдар! Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған шейхтердің азғыруына еріп кетіп, бейбіт тұрмыстарыңнан айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді: «мұсылман – кәпір» демей, «ақ – қызыл, бай – кедей» демей, «жоғарғы нәсіл, арийец – төменгі нәсіл, құл» демей, «орыс – қазақ» демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар…
Жамал күйеуінің мәйітіне басын қойып егіледі. Осы кезде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.
Шымылдық
Кейіпкерлер:
Қалкен – журналист, ақын.
Басар – аудан әкімі.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу