Мерген . Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.
Әкім . Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?
Мерген . Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.
Әкім . Тегін?! Әй, қазіргі заманда тегін дегенді ұмытыңдар. Бұ несі ей!
Мерген . Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.
Әкім . Міне қызық! Сонда не? Балхан Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?
Мерген . Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?
Әкім . Хм… Бұл бір бұрын естімеген жәйт екен. Бұнда бір гәп болып жүрмесін.
Мерген . Қандай гәп?
Әкім . Қайдан білейін! Неліктен Балхандай әйгілі әнші, эстрада жұлдызы, қаншама шығындалып, әр ауылға тегін концерт қойып жүреді? Ә?
Мерген . Білмеймін. Алайда ол онша шығындалған да жоқ шығар. Міне, концерттік залды тегін сұрап отыр.
Әкім . (біраз уақыт ойланып қалады) Жә! (екі алақанымен столды соғып қалып) Берейік мәдениет үйін Балханға. Ол бізге күнде келіп жатқан жоқ. Тек байқа – әлгі продюсерің алдап кетпесін. Концертті тегін қоямын деп, сосын билетті шытырлатып сатып жатпасын. Келісім-шартқа отыр, соған «концерт тегін қойылады» деген шарт енгіз. Түсіндің бе?
Мерген . Түсіндім, Басеке.
Әкім . Ал онда басқа сұрақтар болмаса бүгінше осы – Жұмағалидан басқаларың боссыңдар.
Жұмағали орнында қалады да өзгелері кетеді.
Әкім . Әлгі журналист… ол кім өзі? Жергілікті тұрғын ба, әлде келімсек пе?
Жұмағали . Негізі біздің ауданның тұрғыны. Бұрынғы «Жаңа дәуірден». Ал бірақ аталары кірме. Ертеректе Ресейден ауып келген.
Әкім . Бәсе! Бұл неге сонша орыстарға бауыры елжіреп тұр десем. Оларға деген малайлық қанына сіңіп кеткен ғой. Ал жаңағы маған қыр көрсеткен қатын кім?
Жұмағали . Жазира ма? Ол бұл жердікі емес. Кезінде казгудың журфакын бітірісімен жолдамамен келген. Біздің бір тентекке тұрмысқа шығып еді, ол тентегіміз қаңғып жүріп бір бомжды өлтірем деп сотталып кетті. «Оны ұстап берген өзінің әйелі» деседі жұрт. Яғни жаңағы Жазира. Бірақ сол сөздің, не шын, не өтірік екенін мен білмеймін – сотында болған жоқпын, сот облыс орталығында өткен.
Әкім . Өзі жеке меншік газетім бар дей ме?
Жұмағали . Иә. Бұл қатын бай, газеттен басқа да меншік сән салоны бар. Әкесі Алматыда дөкөй бастық болған деседі. Ал қазір бір банк ұстап отырған көрінеді.
Әкім . М-м… Жарайды… біз де осал емеспіз, арқамыздан демеп тұрған дөкөй банкир болмаса да баршылық… тәубә… (пауза) Әлгі жігіт… әгі… Қалкен бе еді?
Жұмағали . Иә, Қалкен.
Әкім . Соның қатыны бар ма?
Жұмағали . Бар. Мұғалім болып істейді. Және де бес пе, алты ма – әйтеуір бірсыпыра баласы бар.
Әкім . Ал жаңағы сұлу, Жазира… сонымен қандай қатынаста? Әлде жақындығы бар ма?
Жұмағали . Ешқандай жақындығы жоқ. Екеуі… қалай деп айтсам екен…
Әкім . Турасынан айтсей! (оң қолының алақанымен сол қолының жұдырығын уқалап) Мынадай жақындықта ма?
Жұмағали . Түсінбедім…
Әкім . Өй! «Ойнастары бар ма?» деймін!
Жұмағали . (мырс етіп күліп жібереді) Қайдан білейін, төсекте жатқан жерлерінде майшам ұстап тұрғам жоқ. Тек біреулердің «екеуі бір-бірімен тәуір» дегенін естігем.
Әкім . (екі қолының саусақтарын айқастырып орынбасарына жақындай түсіп) Иә, иә, айта бер…
Жұмағали . Бітті, бар білетінім осы-ақ.
Әкім . Шамалы екен. (шалқалай түсіп) Мен білсем, ал мен мұндайлардың талайын көргем, мен білсем, сол екеуі сау сиырдың боғы емес. Қай жерде байы жоқ қатын болса, әсіресе сол қатын сұлу болса, және де қалтасы толық болса – сол жерде ойнассыз болмайды. (Жұмағалиға жақындай түсіп) Енді жақсылап тыңдап ал – маған сол қатынды бірдеңе қылып қолға түсіріп алу керек.
Жұмағали . Ол қалай – сіз… сіз де Жазираны ұнатып қалдыңыз ба?
Әкім . (қарқ-қарқ күледі) Өй! Сен өзің қызық жігіт екенсің! Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын – қатын өте көрікті, дидары көз тойдырады. Бірақ маған оның өзі керек емес – … һм… жоқ, мүмкін керек те боп қалар. Тек дәл қазір маған оның ойнасының үстінен түсіп, қылмысын әшкерелеу керек. Маған ол қатынды ең жанды жерінен шап беріп ұстап алу керек. Сонсоң менің жетегіме көнбегенін көрейін. Өзің естідің ғой, не деп кеткенін? «Әкім болмақ түгіл кім болсаң да бағынбаймын» деген жоқ па. Өзің ойлашы – егер мен бір жаман қатынды бағындыра алмасам, қалай мен бүкіл ауданды бағындырмақпын? Сондықтан саған мынадай тапсырма беремін – сол екеуінің былығын анықтап, ойнастарының үстінен түсіп ұстап аласың.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу