Төңкеріс
Пиесалар
Қайыркелдi Руспаев
© Қайыркелдi Руспаев, 2017
ISBN 978-5-4483-7802-7
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Кейіпкерлер:
Ғабдуррахман – шейх, «Әл-хизб» партиясының жетекшісі.
Асқар – мешіт имамы.
Жамал – Асқардың зайыбы.
Гүлнәр – Асқардың қызы, бойжеткен.
Берік – Асқардың ұлы.
Иван – Гүлнәрдың жігіті.
Мария – Иванның шешесі.
Лариса – Иванның қарындасы.
Халел – ҰҚК қызметкері.
Қази, оның хатшысы, сарбаздар, жендеттер, шейхтың көмекшілері және қылмыскерлер мен куәгерлер.
Қала тұрғындары, стадиондағы тұтқындар мен күзетшілер.
Қалалық бау-бақша. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.
Иван . (қарындасына ұмтыла) Лариса, сенбісің? Гүлнәр қайда?
Лариса . (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.
Иван . Неге? Сен оған менің хатымды бердің бе?
Лариса . Бердім, бердім!
Иван . Ал ол не деді?
Лариса . Ол келмеймін деді.
Иван . Неге?
Лариса . Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.
Иван . Неге келмейді? Қандай себеппен?
Лариса . Қолым тимейді дейді.
Иван . Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?
Лариса . Демалып жатыр.
Иван . Демалып?! О не деген сөз өзі?!
Лариса . Білмейсің бе? Демалып жатыр дегені – дем алып жатыр. Не түсінбейтіні бар?
Иван . (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаңшы. Жөніңді айт – Гүлнәр қайда?
Лариса . Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол…
Иван . Не? Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?
Гүлнәр . (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.
Иван . Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)
Гүлнәр . (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып шығып орындыққа отырады, Иван да оның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.
Иван . (Ларисаға) Лариса, бар, үйге кет!
Лариса . Кетпеймін.
Иван . Бар дедім ғой!
Лариса . (одан алыстап отырып, басын шайқайды) А-а! Бармаймын.
Иван . (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!
Гүлнәр . Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.
Иван . (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткенсоң орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше…
Гүлнәр . Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.
Иван . Неге себеп жоқ! Меніңше… меніңше, біздің екеуміздің болашағымыз… қалай десем екен… меніңше, біздің болашағымыз өте бұлыңғыр.
Гүлнәр . Неге сен солай ойлайсың?
Иван . Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?
Гүлнәр . Папаммен бе? Не жөнінде?
Иван . Екеуміз жөнінде.
Гүлнәр . (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?
Иван . Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?
Гүлнәр . Мамам бәрін біледі.
Иван . Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?
Гүлнәр . Қалай деп айтсам екен… сен білесің ғой, папам да, мамам да сені өте жақсы көреді. Алайда, бұл мәселе жәй мәселе емес.
Иван . Неге? Осыны сен өзің ойлап таптың ба?
Гүлнәр . Жоқ. Бұл мамамның сөзі. Ал мәселе неде? Мәселе папамның имам болғанында.
Иван . Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса не?..
Гүлнәр . Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы – имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?
Иван . Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін – ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)
Гүлнәр . (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, папам қарсылық білдірмес. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу