Асқар . Ол қай партия айтып тұрғаныңыз?
Ғабдуррахман . «Әл-хизб» партиясы.
Асқар . Әл-хизб? Ондай партия бар ма еді?
Ғабдуррахман . Бар. Енді бар деп есептеуге болады. Бірақ бұны бізден басқа ешкім білмейді. Міне, көрдіңіз бе, біз сізге ең маңызды құпиямызды ашып отырмыз.
Асқар . Сонда не? Партияңыз құпия партия ма? Тіркеуден өтпеп пе еді?
Ғабдуррахман . (мырс етіп) Қандай тіркеуді айтып отырсыз?
Асқар . Қандай тіркеу болушы еді? Заң бойынша кез-келген ұйым әділет министрлігінде тіркеуден өтуге тиісті. Тіркелмеген партия заңсыз саналады.
Ғабдуррахман . Бізге ондай тіркеу қажет емес. Ал заңды-заңсыздығына келсек… біздің мемлекетімізде қазір бәрі заңсыз. Өйткені сіздің заң деп отырғаныңыз заң емес. Аллаһтың бір-ақ заңы бар – ол шариғат заңы. Біз сол заңға жүгінеміз, сол заңды құптаймыз, сол заңмен өмір сүреміз, және сол заңды мемлекет заңы ету үшін күресеміз.
Асқар . М-м… Бірақ біздің мемлекет – зайырлы мемлекет, ал шариғат заңын қабылдау үшін бүкіл мемлекет жүйесін өзгерту керек. Ата заңымызды өзгерту керек.
Ғабдуррахман . Міне, сол мемлекет жүйесі мен ата заңды өзгерту үшін біз осы партияны ұйымдастырдық.
Асқар . Сонда қалай оларды өзгертпексіздер?
Ғабдуррахман . Тәсілдер көп. Мәселен, мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікті қолға алып мемлекеттік жүйені де, заң жүйесін де өзгертуге болады.
Асқар . Төңкеріс?! Сіз мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырайын деп жүрсіз бе?
Ғабдуррахман . Иә, ол да мүмкін. Бірақ әзірше мұндай мақсат біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ. Біз жаңа ғана құрылған ұйымбыз. Партия әлі жас, қатарымыз әлі аз. Ал мемлекет билеу үшін мыңдаған жақтастарымыз болуы керек. Ал сол жақтастарымыз шариғат заңын білуі тиіс. Осында отырған жігіттердің өзі сол заңды дұрыс білмейді. Ал менің барлығына қолым тимейді, мен ұйымдастыру жұмысынан шыға алмаймын. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызға шақырып отырмыз, осы жігіттерге ұстаз болыңыз деп ұсыныс жасап отырмыз. Сіздің діни біліміңіз жоғары, сіз бәлен жыл Мәккә-Мәдинада дәріс алдыңыз, енді шариғатты сіз білмесеңіз кім білмек?
Асқар . Жігіттер, сіздер қауіпті жолға түсіпсіздер. Әрине, мен бізде ислами мемлекеттің құрылғанын қолдаймын. Бірақ шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатуға қарсымын. Бұл жол үлкен қантөгіске апарып соғады. Мемлекеттік жүйені, заңды өзгерту бейбітшілік түрде жүзеге асқаны жөн. Және де сол заңға біртіндеп көшу керек, ең алдымен қоғам сол заңмен өмір сүруге дайындалып, дағдылану керек. Қазіргі біздің қоғам шариғат заңымен өмір сүруге дайын емес. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанда да біздің халқымыз дайын емес. Және де халықты сол үшін айыптауға да болмайды. Шариғат заңынан аластатылғанына бір жарым, екі ғасырдай уақыт өтті. Ақиқатына жүгінсек, қазақ жерінде шариғат заңы толық түрде ешқашан қолданылған да емес. Және де біздің мемлекетімізде басқа ұлт өкілдері, басқа дін ұстанған миллиондаған адамдар бар. Оларға шариғат заңымен өмір сүр деген дұрыс бола ма?
Ғабдуррахман . Шариғат заңы орнағаннан кейін сол ұлт өкілдері, басқа дін мүшелері сол заңға бағынғысы келмесе өздерінің ата мекеніне, отанына қайтсын. Біз ешкімді еріксіз ұстамаймыз. Жалғыз олар емес – қазақтың ішінде мұсылман болғысы келмейтін кәпірлерді де ұстамаймыз. Бірақ қазір қай қазақтан сұрамасаң – мұсылманмын дейді. Ал сол мұсылман қалай өмір сүріп жатыр? Сіз өзіңіз білесіз – біздің қоғамымыз ислам дінінің қағидаларынан мүлдем алыс жерде жүр. Біздің халық айдалада адасып жүр. Әбден азып-тозып, жынойнаққа, күнәға белуарынан батып, не оңын, не солын білмейді. Қыз келіншектеріміз көшеде тыр жалаңаш жүр деуге болады, отандастарымыз әбден жабайы түрге айналудан аз ақ қалды. Енді осылай бір он жылдан кейін көшеде, жұрттың көзінше бір-біріне, мал құсап артылып жатса ғажап емес. Бұл масқараны тоқтату керек. Қалай? Мен, шариғат заңын қабылдап, қатал болса да әділ жазалардың күшімен тоқтатқаннан басқа жол көріп тұрған жоқпын.
Асқар . Иә, сіздің айтқаныңыз орынды болар. Алайда адам, қай ұлттың өкілі болмасын, қандай дін ұстануын өзі шешуі керек. Және де қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Сондықтан сіз партияңызды қазіргі заң бойынша тіркеп, халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, ашық сайлау нәтижесінде билікке келгендеріңіз жөн. Ешқандай қарулы көтеріліссіз, қан төгіссіз, мәселен, партияңыздың мүшелерін мәжіліс депутаттығына сайлап, парламент көпшілігін құрып, заң өзгерту арқылы мемлекеттік жүйені өзгертуге болады. Ал қоғамның бұзылғанына келсек… қоғамды, адамдарды дұрыс жолға күшпен, зорлықпен түсіре алмайсыз, оларға тиісті тәрбие беру керек, Алланың жолын көрсету керек, содан кейін олар өздері де сол тура жолға басады.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу