– Ол кісінің үстінен біреулер арыз түсіріпті. Содан кейін ол кісіге бара алмадым. Оның үстіне біздің ауыл сізге қарайды ғой. Сіз тұрғанда оған қалай барамын?!
Шоңның іші сезе қалды. Кұтжан үстінен арыз жазылып жатса, оны ұйымдастырып отырған Кеттебектің өзі екенін білді. Әйтпесе, Құтжан Аралбайлардың өз арасындағы дауға араласпай қалмайтын. Құтжанға бармай өзіне келіп отыр. Өйткені, Құтжанның көмектеспейтініне Кеттебек сенімді. Әйтпесе, Шоңға келу ойында жоқ еді. Ойламаған жерде Аралбайдың бір байының үйінде Телқозымен кездесіп қалып, орыстың жылқылары туралы сөз шығып кеткен еді. Сонда Телқозыға айтқан, Шоң менің бір тілегімді орындаса сізге мен орыстың денелі, етті екі жылқысын беремін деген. Арнайы ертіп апарып көрсеткен де еді.
Малсақ Телқозы өзі денелі, өзі ірі жылқыға қызығып кеткен. Сол жолы біраз биелерін айғырдан шығарып алуға онымен келісіп кеткен. Сонда Кеттебек айтқан: «Телеке, балаңыз айтқанымды орындап берсе осы екі жылқыны сізге біржола беремін». Осылайша алдында Телкозының аузын алып қойған. Соған сеніп жүр еді. Бірақ алдыңғы күні Телқозы келіп айтқан: «Кеттебек, мен айттым, сен өзің де Шоңның алдынан бір өтсейші». Өз аузыңнан естісін дегені еді. Кеттебектің Шоң алдына баруға онша көңілі тартпай отыр еді. Дегенмен, бармай қалуға тағы болмайды. Қаракесектер Ақмола жаққа арыз беріп жатыр деген сөзді Ыбырайдан соңғы барғанда естіп келген. Бір жағынан намыс кетіп барады. Ақыры амалсыз келген. Шоң Кеттебектің сөзін тыңдап алды да:
– Сол Бәрленнің өзі ме, әлде басқа біреуге көмектесіп отыр ма? – деді. Өйткені, әліде де кінәлі адамының атын туралап атамай отырған Кеттебек.
– Ұйымдастырып отырған сол Бәрленнің өзі. Ар жағын білмеймін, Шоңке, мен сізге неге өтірік айтамын?!
Ақмолаға арыз жазып жатса, бұл оңай шаруа еместігін сезген Шоң.
– Олармен қыз берісіп, қыз алысып, жақсы туыс болып кеткен адамдарсыздар ғой, оны олар неге жасап жүр?
– Маған ерегісіп жасап отыр. Мына іргеде жатқан Тамалардан бір қызды келін етіп түсірдік. Соны біздің қалындығымыз дейді. Соған өздерінше қайтарған амалдары ғой…
Бұл арада бір үлкен шатақтың барын біле қалып, енді Шоң сұраған:
– Айттырып қойған қыз ба?
– Ол жағын білмеймін. Қыз біздің жігітті сүйіп, өзі келді.
– Бұл халық қызық болып барады. Барлық дауды жылқы ұрлаумен бітіреді. Баяғы заман жоқ, енді орыс келді. Олар өздерінше шешеді. Ел арасында осындай дау туғызып жүрген адамды енді Сібірге айдайды. Олар үшін ең оңай жолы сол. Ал біздің қазақ оны түсінбейді.
Мына сөзді естігенде Кеттебектің жүзі өзгеріп кетті. Орыстар талай адамдарды Сібірге айдап жібергенін де білетін. Солар есіне түсіп кетті де сөзі бітіп қалғандай болды.
– Дау, өзің айтқандай, қызға байланысты ғана шығып отыр ма, әлде тағы бірдеңе бар ма?
– Басты себеп сол қызда болып отыр ғой. Басқа ештеңе жоқ.
– Әке-шешесі қалай қарайды екен?
– Бар мәселе сонда жатыр. Ана Қаракесектерден бірдеңе алып қойған тәрізді. Сондықтан олардікін жөн деп отыр олар да.
– Кеттебек, сен бұл дауды ушықтырмай, Қояншы-Тағайлардан барып кешірім сұра. Қыз сіздерге өзі қалап келіп отырса, әке-шешесінің сөзі түк емес. Кешірім сұра.
Мына сөз Кеттебектің намысына тиіп кеткендей болды. Кеттебек ойлады, мына Шоң олардан бірдеңе алып қойған ғой, маған әкесі айтса да, бетін бұрмай сөйлеп отыр. Осында келер алдында Телқозыға барып жолыққанда ол айтқан, Шоң айтқанды жасайды дегендей мән жатқан сөзінде. Кеттебек те Шоңның әкесінің айтқанын орындайтынына сенімді болатын. Бірақ бұл өз ойынан шығатындай сөз айтпай отыр.
– Шоңке, Алтай-Қарпық балаларымыз, пәлен жылдан аталарымыз көрші болып келеді. Менің намысымды Қаракесектерге бермейтін шығарсыз. – Туысқандықты еске салған соң Шоң мынаның әбден қысылып келіп отырғанын түсінді.
– Әрине, өзің айтқандай болса, олардікі орынсыз. Сөйлесіп көруге болады. Ең дұрысы, өздерің барып сөйлескендерің, болмаса билердің отырысына қойыңыздар, оған көнбесе, ояз алдына мен қоямын.
Мына сөзі де Кеттебек көңілінен шықпады. Билер талқысына салса көп билер өзіне қарсы шығатынын біліп отырған. Шоңның әлі иілмей отырғанын білді, дегенмен ояз алдына қоямын дегеніне қуанып қалды. Әлі де Каракесектердің айтқанына кетіп қала ма деген күдігі бар еді, соған орай:
– Қаракесектер мың құбылтып сөйлеуге шебер халық қой. Олар өтірікті шындай көрсетуге келгенде алдына жан салмайтын ел. Сол жағын еске алыңыз, Шоңке.
Бұл сөзі осы шаруаға кірісіп, маған жығып бер дегенмен бірдей еді. Енді Шоң күдігі тіптен күшейді.
Читать дальше