– Әлгі сөзді көбейтіп кетті ғой, Кеттебек ешқашан есесін оларға жібермейді. – Әкесінің айтқаны ойынан шықпаған болуы керек, өзінен өзі отырып дауысын көтере сөйледі. Бұл жақтырмағандықтың белгісі еді. Әйімкүл де оны түсініп, үндемей қалды. Шоң түскі тамағын ішіп алған соң өзінің әдетімен біраз дем алып, жазуға кірісті. Жазуға берілгені сондай, әкесінің тапсырмасы туралы ұмытып та кеткен.
Содан сол күні төсекке жатқан соң өзінің әдеті бойынша Әйімкүл Шоңға әкесінің тапсырмасын еске салған. Шоң оны жақтырмаған ыңғай көрсетіп сөйледі.
– Сен де, Телқозы да Кеттебек шаруасынан аулақ жүріңдер. Мен оның шаруасына араласпаймын, – Шоң турасын айтқан.
Осымен әйелімен екеуінің арасындағы сөз де жылдам біткен еді. Әйімкүл де Шоңның енді айтқанын орындамайтынын біліп, бұдан кейін үнсіз қалған. Шоң өзінен өзі жатып ойға берілді. «Күндізгі сөз сарынына қарағанда екі жылқыны басыбайлы берген болған ғой» – енді Шоң ашуы тіптен күшейді. Аралбайлардың бірдеңе өтікізіп қойса соңынан қалмайтын әдеті барын және білетін. Ұйқы ашылып кеткен соң, Шоң жазу бөлмесіне барып жазуға отырды. Содан түннің бір уағында төсегіне келіп жатты. Әйімкүл де атасы Шоңға жөндеп айтпадың деп маза бермейтінін білетін. Таңертең шай үстінде тағы айтқан.
– Шоңке, байқадыңыз ба, көкем кешегі айтқан шаруасына үлкен мән беретін тәрізді.
Сонда да Шоң үндемей отыра берді. Оның мұнысы Әйімкүлдің ойынан шықпағаны болуы керек:
– Шоңке, неге үндемейсіз?
Әйімкүлдің мұнысы көңілінен шықпай тұрса да, ренжіген жоқ. Одан құтылу үшін:
– Оны жағдайға байланысты кейін көремін…
Шоңның бұл сөзі Әйімкүлге ұнамай қалды. Оның мақсаты кайтсе де кешегі атасының айтқанын Шоңға істету болатын.
– Шоңке, қайтсеңіз де көкемнің айтқанын жасап беріңіз, – деді.
Шоң сонда да ештеңе айтпады. Орнынан тұрып, тысқа шығып кетті. Ол шығып кеткен соң Телқозы келді. Әйімкүл оған Шоңның көнбей отырғанын айтқан еді. Телқозы Кеттебекке айтқанын жасататына уәде беріп кеткен. Жылқысын алып отыр, енді сөзінде тұрмады. Әлгі Әйімкүл айтқанынан кейін Шоңмен сөйлесудің ешқандай мәні болмайтынын біліп, Шоң үйінен шыққан соң Кеттебек аулына тартқан. Көз алдында екі жылқы тұр. Келіп Кеттебекке жұмсартып айтқан:
– Жүз көрсе көз ұялады дейді. Мен де біраз айттым, өзің де барып бір сөйлессейші, – деді.
Алдында Ортау болысында сайлау болғанда Кеттебек Шоңға ренжіп біраз сөз айтқан соң, Шоңның жақтырмай қалғанын білген. Содан бері бірталай заман өткен. Екеуі жүздескен жоқ еді. Кеттебек мына Телқозының сөзінен кейін ойға беріліп отырып қалған еді. Шоңға бармасам деп бір ойлады. Бірақ бұл шаруаның соңы өзіне жақсылық әкелмейтінін біліп отыр еді. Кеттебек әрі ойлап, бері ойлап Шоңға баруға бел байлады. Араға екі күн салып өзі келген.
Түс кезі болатын. Шоңдар түскі тамақтарын ішіп жатқан. Қасында бір жігіті бар Кеттебек кірді. Анау-мынау шаруаға оның өзі жүрмейтін. Біреулерді жіберетін. Әкесін екі жылқы беріп жұмсап отырғанынан Кеттебектің мына шаруасы шатағы көп іс екенін, содан кейін әкесін жұмсағанын түсінген Шоң. Кеттебек Шоң көрсеткен жерге отырмай, одан төмендеу барып отырды.
– Кеттебек, жоғары шық, – деді Шоң екінші рет қайталап.
– Шоңке, осы жер де жетеді. – Кеттебек бұрын Шоңды Шоңке деп атамайтын. Бұл жолы басқаша болды. Шоңға «ке» қосып сөйледі. Бұл да өзіне қаратудың амалы екенін Шоң біле қалды. Мына сөз сөйлеу мәнерінен де Қаракесектерге қатты ренжіп келіп отырғанын ұққандай болды.
Аралбайлықтар, көрші отырғандықтан, Ерназарлармен қыз берісіп, қыз алысып, туыс болып кеткен адамдар еді. Бір жағынан сонысын да көлденең тартып келіп отырғанын сезді Шоң. Ертеңгі күні Шоң төрге шық деп айтпаса, қажетті жерінде әңгімеге айналдырып, талай жерде айтып жүретінін біліп, тағы да қайталап айтқан:
– Кеттебек, сенің орның неге төменде болады? Жоғары отыр. Біз құдандалы адамдармыз, – деген сөз Шоң аузынан тағы шыққан соң, болыстың өзіне ықыласы жақсы екенін білді де айтқан жеріне жайғасты.
Кеттебек негізгі шаруасына бармай, анау-мынауды әңгіме етіп біраз отырды. Әкесі айтқан әңгімеден соң болыс өз жағына шығатына сеніп келіп отыр еді. Шоң әкесінің аузынан естіген шаруаға бармаған, Кеттебек де шыдамдылық көрсетті. Шоң оның келген шаруасын ұзаққа созып жібергенін жақтырмай отырған. Мына отырысында шірену, өзін өзі құндау бар екенін ұқты Шоң. Ақыры Кеттебектен тезірек құтылуды ойлап, сөз бастаған:
– Кеттебек жай жүрген жоқ шығарсың, негізгі шаруанды айта отыр, – деді Шоң.
Читать дальше