– Бұл орыстарыныз қызық көрінеді. Малдарды бізге қарай жаймаңдар дегенді шығарып жүр.
– Жаймаңыздар десе, жаймаңыздар!
– Сен болыс болған соң соларды жақтан отырсың ғой.
– Менің сіздерге айтып отырғаным, орыстармен дау қазаққа ешқандай пайда бермейді. Түбінде солардікін дұрыс деп шығарады бастықтар. Леке, бізде ешқандай күш жоқ, билік соларда. Ал әділін айтсақ, орыстар да тыңдайды. Олай болмаса, біздің сөзіміздің оларға бес тиындық құны жоқ. Не істесек де солармен келісіп істеуіміз қажет. Орыстармен жанжалға бармау керек. Біз одан ұтпаймыз, ұтыламыз. Басқа амал жоқ.
– Шоң, бауырым, оны кімге айтып отырсың? Төрінен көрі жақын маған айтып отырсың ба?
– Осы отырғанның бәріне айтып отырмын. Әр ру адамдарының өз жағдайын ойлап сөйлейтін заман өткен. Енді бір Тоқа болып, тіпті бір қазақ болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып өмір сүрмесек болмайды. Заман соны тілеп отыр.
– Шоң бауырым, бұл айтқан сөзің дұрыс. Дегенмен, заман өзгерген сайын жастар да өзгеріп бара жатыр ғой деймін…
Шоң бұл сөзді өзіне арнап, әдейі реніш білдіріп сөйлеп отырғанын түсіне қалды да:
– Заман өзгерген сайын адам да өзгереді. Уақыт талабы сондай… Ол үшін ешкімге кінә қоюға болмайды.
– Сен міне, орысша оқыдың. Соған орай осылай сөйлейсің ғой.
– Мен орысша оқығаннан емес, жағдайға байланысты айтып отырмын.
– Мына Жолтабарлар балаларды Ақмолаға орысша оқуға береміз деп қоймайды. Сонікі дұрыс па?
– Міне, Леке, іргеңе орыстар келіп кірді. Олардың тілін білген жақсы. Орыстармен олардың өз тілінде сөйлессек, жақсы ұғыса білеміз. Сонда дау да азаяды, онсыз болмайды.
– Жастардың бәрі сендей саналы емес. Өздерін ұмытып, сол орыстарға қызмет етіп кете ме деп қорқамын.
– Қолдан келер басқа дәнеңе жоқ. Біздің тіршілігіміз орыстармен байланысып кеткендей. Баяғыда мені оқуға жібергенде Жанкелді әкем айтқан: «орыс дұшпаның, соңдықтан оның тілін білген де жақсы» деп, орыстын да жақсы жағын үйренуге маған өсиет қалдырған еді. Сол сөзді басшылыққа алып келемін ылғи.
– Бұл айтқаның дұрыс, Шоң. Жаратушы саған өміріңді ұзақ етсін. Кейінгілерді дұрыс жолға бастай бер.
Әңгіме түннің бір уақытына дейін созылды. Талай әңгімелер айтылды. Шоң әкесі Телқозыдан естіген еді. Ол мынадай әңгіме еді: Баяғыда Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, Қоңырқұлжаның малдарын айдап әкетіп бара жатқанда жолда кездескен жылқыларды қосып алып отырады екен. Байлар малдарын сай-салаға қуып, тыға бастағанда, Лау жылқыларын тықпайды. Қайқаң көлінің жағасында жатқан екен. Алса алсын депті. Кенесары жылқыларды айдап алмастан бұрын ол малдың кімдікі екенін біліп отырады екен. Сонда шапқыншы мұның Лау мырзаның жылқысы екенін айтқанда, «Олай болса оның жылқысына тимендер. Оның малы – көптің малы» – деген екен Кенесары. Шоң отырып сол жайында Лаудан сұрады:
– Сонда Кенесары сіздің жылқыларыңызды неге әкетпеді?
– Мен біздің елден Кенесарыға көмектесуге баратын болған адамдарға бір-бір жүйрік аттан берген едім. Соны ол барғандардан естіп, сол жақсылығым үшін жасаған болуы керек…
– Әділ болған болды ғой онда…
– Ел оны қатыгез, жауына да, досына да мейірімі жоқ дейді. Ол бос сөз. Ол жағдайға қарай іс жасайтын.
Мен бірде Қайқаң жағасында отырғанмын. Түс ауа Кенесары келді. Дастархан жасап, тамақ әзірлеттім. Сөйтіп отырғанда, Нұра жағасында балық аулап жүрген бес орысты ұстап алып келді оның адамдары. Қасындағы татар тілмашы арқылы қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқандарын түгел сұрады. Мен ол орыстарды білуші едім, балық аулап ішкі Ресейге жіберетін. Кенесары отырып менен сұрады: «Лау, мына кісілерді не істейміз», – деді.
Менің жаным ашып кетті де «Сұлтан, мен бұларды білемін. Ешкімге зияны жоқ, балық аулап жүрген орыстар» – дедім. «Олай болса, жіберіңдер», – деді ол. Бұл да әділдік емес пе? Тек айтқаны, орыс жерінде өзендер көп, балықты содан барып аулаңдар деді. Сол күні күн бата Кенесарылар оңтүстікке қарай жүріп кетті. Арада үш күн өткен соң орыстың бір бастығы келіп тұр. Қасында мен босаттырған орыстың бірі бар. Кенесарыны конақ еткенді біліп келген болуы керек, маған тиісе бастады. «Ол патшаның жауы, сен оны үйіңде неге қонақ етесің?».
«Мен оның кімге жау екенін білмеймін. Үйіме келді. Қазақ тәртібімен қонақ еттім. Міне, сен келдің. Сені де қонақ етемін. Отыр!» – дедім. Ол отырмады. Қасына ерген, мен босаттырған орыстан сұрады.
Әлгі орыс бастығынан қорықты ма, менің айтқаным жалған деп айта бастады. Қаным қарайып кетті. Қасындағы татар тілмаш жағдайды айтып, зорға түсіндіріп, әрең құтылдым. Бұл орыстардың да жақсылыққа жамандық жасайтыны бар екен. Соны білдім. Сонда әлгі орыстарға жаман ренжідім.
Читать дальше