Бұл адамының аты – жөні Петр Константинович Карпов екен, былай шыққан соң әлгі адам өз өмірінен біраз хабар берген. Осылайша Шоң қонағының өз аузынан өмірі жайлы біраз мәлімет алған. Содан екеуі жақсылап танысып алды. Карпов Шоңнан бұл жақтағы ауа райы туралы сұрады. Ептеген өкпе ауруы бар еді, содан қорқып келе жатқанын да жасырған жоқ. Шоң оның қазақ аулына келуінің тағы бір сырын білгендей болды. Кейбір орыстың өкпесі ауыратын мықтылары Ақмолаға келіп, қазақтарға өзен жағасына бірнеше бие байлатып, жаз айларында жатып қымыз ішетінін білетін. Содан Шоң оның қойған сұрағына байланысты жауап берген.
– Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық болады. Суығы Сібірден бір кем емес екенін, орыстардың өз аузынан естіген еді Шоң.
Мына сөзді естіп ол қорқып кеткендей болды.
– Мен байқап келе жатырмын, киргиздардың көбісі киіз үйлерде отыр екен. Ондай суықта қалай тұрады?
– Жақсылап жан-жағын дұрыстап жапқан киіз үйлер жылы үйден кем емес, ортасына от жағады да отыра береді. Киргиздар көшпелі халық қой, тіршілігі соған үйренген.
Қонағы оның мына сөзіне не сенерін, не сенбесін білмеді. Карбышев алдында айтқан, бұл кісі жалған сөйлемейді, дұрысын айтады деген. Алайда, қонағы күдігін де жасырмады.
– Мен тәрізді ауру адамдарға қиын болатын шығар. – Қонағы жолай жылы үйлерді көріп келе жатқан, соны көрсетіп, мына үйлерде сонда кім тұрады деп сұраған еді.
– Ал байлар жылы үйлер де салып алады. Бір сөзбен айтқанда, орыс ағайындардан көріп, солардың тұрмысына да ыңғайланып келеді. Енді бір он жылдан кейін келсеңіз, қыс айларында киіз үйде отырған қазақтардың бәрінің жылы үйге көшкенін көресіз. – Бұл сөзді де Шоң өзінің ішкі есебімен айтып отыр еді. Қазақтардың орыс тұрмысына көшкенін мына білімді адам ана жақтағы мықтыларға жеткізетіне сенімді еді. Бұлай сөйлегенде қазақ тұрмысын жақсартуға көмегі тие ме деген үміті де бар еді. Карпов отырып айтқан еді:
– Мені бұл жақта ұзақ мерзімге қалдыра ма деп қорқамын. Бұл жақтың тұрмысына үйренбеген адаммын ғой.
– Бұл жаққа талайлар сіз тәрізді келіп, мерзімінен бұрын қайтып кеткендері көп. Сізге де соны жасауы мүмкін.
– Сіздің айтқаныңыз келсін. Санкт-Петербургте мені талай жұмысым күтіп тұр. Соған асығамын. Әйтпесе, бұл жақта сіз тәрізді адам тұрғанда маған жақсы жағдай жасалатынына сенемін.
– Петр Константинович, мұнда өзі үйіңдей сезінесіз. Барлық жағдайды жасаймын. – Шоңның өзі де осындай білімді адам кездескеніне қуанып келе жатыр еді. Ресей өмірінен біраз жаңалық еститініне сенімді болатын.
Қаладан шыққан соң Шоң бір жерден қымыз ішіп алайық деді. Бұл жаққа жер аударылумен бірге емделу үшін де келе жатқанын білген Шоң ауыл шетіндегі кішкентай қоңыр киіз үйге бұрғызды аттың басын. Бұл Ағыстардың ішіндегі Таймас атты би болатын. Бұлар келгенде ол есік алдында отыр еді. Шоң пәуескеден түсіп келіп шалдың қолын алды.
– Таймас аға, денсаулық қалай?
– Құдайға шүкір, отырмын ғой…
Шоңның қасындағы орысты көріп, «Бұл бірге жақсылық оймен келе жатыр ма, әлде жамандық оймен жүрген орыс па» – деп сұрады.
– Таймас аға, оны өзім де білмейін…
– Білмесең неге ертіп жүрсің?
– Ояз тапсырған, содан кейін мен не істеуім керек?..
Шал сәл үндемей қалды да, кемпіріне қымыз алғызды. Кемпірі үлкен екі шараяқты толтырып қымыз әкелді. Шоң әуелі қасындағы серігіне берді. Екіншісін өзі алды. Таймас отырып, «Шоң, бүгін осында қон, мал сойғызайын» – деді.
– Ағасы, асығып барамын, тағы бір реті келгенде келіп қонармын. – Шоңды Таймас шалдың айтқан әңгімелері қызықтыратын. Қазақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін. Сан рет қона жатып естіген. Бір ғажабы, бұл үйдін кемпірінің қолынан шыққан қымыз ғажап дәмді болатын. Шоң екі-үш рет Әйімкүлді Таймастың кемпіріне ертіп келіп қымыз дайындауды үйреткен еді. Шоң қонағына қазақ қымызының дәмін осы үйден көрсетуді ойлап әдейі алып келген.
Қымыз ішкен соң олар жүріп кеткен. Былай шыққан соң Шоң сізге қымызы ұнады ма деп сұраған конағынан.
– Қандай екенін білмеймін. Денсаулыққа жақсы болатыны туралы дәрігерлер айтқан соң, іше беремін. Карбышев әкелген қымыз ащылау еді. Ал мына үйдікі тұщылау ма, айыра алмай қалдым. Дегенмен, дәмді екен.
– Бұл кісінің бәйбішесі қымыз ащытуды біледі. Сондықтан жақсы. Ал үй иесі аристократ адам. Бұл уезде бұдан өткен аристократ жоқ!
Карповке Карбышев киргиздардың барлық аристократтары ақ киізбен жабылған үйлерде тұрады деген. Ал мына болыс ақ киізді үлкен үйге апармай, лашыққа әкелді. Көңілін мазалап кеткен сұрақты қойды.
Читать дальше