Әлсен іштей женіліп қалғанын сезді де ләм деген жоқ, үндемей келе жатты. Бұлар келгенде дағдылы әдетімен Қожамжар есігінің алдына көлеңкеде отыр екен. Бұлар аттан түсіп келіп сәлем берді. Әуеліде «іргемізге әкеп орыстарды қоныстандырды» деп, Шоңға Қожамжар ренжіп жүрген анау кездері. Соңғы кезде ғана оның көніл-күйі жақсарған. Содан ба, сәлемдерін дұрыстап алды Қожамжар:
– Өңкей мықтылар жиналып қалыпсыңдар ғой.
– Ағасы неге олай дейсіз? – деді Әлсен. Мына сөзді кекетіп айтып отырғандай көрінген оған. Тура Әлсен ойының үстінен дәл түскендей етіп жауап берді:
– Ешқандай артық сөз жоқ, осы өсіп келе жатқан Тоқа жастарының ішінде қазір сендерден мықтылары жоқ.
Мына сөзді дуалы шалдың аузынан естіп Әлсен мен Каспақ бір жасап қалғандай болды. Әлсен жүзінде әлі де бір таңқалыс бар еді. Шал шын айтып отыр ма, әлде кекету ме – анғара алмай тұрған. Әкесі Шөміш мен Қожамжар бірімен бірі күндес адамдардай еді, содан біріне-бірі тиісіп отырмаса көңілдері көншімейтін. Сол екі шалдың арасындағы қылық балаларына да көшкендей еді. Әлсен реті келсін-келмесін Қожамжар баласына тиісіп-қағытып жүретін. Дегенмен Түсіп өзін салмақтырақ ұстап оның айтқан сөздеріне беріліп, дауға бара бермейтін. Жауапты ретімен беретін. Бірақ оған Әлсен тоқтай қоймайтын. Әлгінде Жабағылар аулына барғысы келмей тұрғаны содан еді. Әлсен Қожамжарды сынағысы келіп:
– Ағасы, мені ояз шақырып, Ақмолаға бара жатырмын, – деді.
– Жайша ма?
– Ояз жайдан жай шақырмайды. Мына Қаспақ екеуін би етпек ойы бар.
Қазір менің баламды би етпейсің деп көңіл-күйін бұзып жүрген Қожамжар айтып салып шу көтереме деп қорқып қалған. Ертенгі күні өткізе алмай келсе мына Қожамдарға да, басқа елге де мазақ боларын Шоң білді. Сондықтан асығыс сөйлеп қалған Әлсеннің сөзін жақтырмай қалған.
– Бұл босқа сөйлеп тұр. Базарға мал құнын білгелі бара жатырмыз, – деді Шоң. – Бұл Шөміштің баласы бет алды сөйлей береді.
– Орыстар да тамағынан өткізгенді жақсы көреді дейді ғой. Бұл Шөміштің баласы солай ретін табады.
Әлсен мына сөзге ренжіп қалды, бірақ онысын сездірген жоқ. Алдына дізерлеп отыра қалып, бата сұрады.
– Ендеше дұрыстап батаңызды берініз! – Бұл да оның Қожамжарды сынаудың бір түрі еді. Ол ойланған жоқ, батасын берді.
Әлсен әкесімен ыңғай араздасып, дауласып жүретін шалдың мына сөзіне риза болды. Шоң Әлсеннің бұл қылығына мән бермегендей, сырттау тұрған еді.
– Бұл не тұрыс, үйге кіріңдер. – Қожамжар үйіне конақ келсе ол оның беделіне, дәрежесіне, үлкен-кішілігіне қарамай мал сойғызатын еді. Сол әдетіне басып:
– Мына жітіттерге мал сойыңдар, – деп кіші баласы Жүніске нұсқау берді.
– Қожеке, біз Ақмолаға асығып жүріп барамыз, Түсіп қайда, соны алып кетпек ойымыз бар. Амандық болса, жатарға мына Құлымбеттер аулына барып қонбақ ойымыз бар, – деді Шоң. Жұма базарына дер кезінде жету керек. Сіздер биыл мал сатпайсыздер ма? Мына жолдан Лаудың баласын да ертіп кетпек ойым бар, Түсіпті де серік етіп ала кетсек деймін.
– Жарайды, олай болса өздерің білесіңдер. Менің сендермен біраз әңгімелесетін ниетім бар еді.
– Қожеке, асығыс Ақмолаға жүріп бара жатырмыз, келесі жолы арнайы келіп сөйлесемін, – деді Шоң.
Дегенмен, әлгінде Әлсеннің би болуға бара жатырмыз деген сөзі ойынан шықпай тұр еді, шыдай алмай, Қожамжар Шоңнан сұрады.
– Мына Шөміштің баласы би болмақшы. Ал мына інің ше? – Бұл кезде Шоңның іздеп отырған адамы Түсіп те келіп қасында тұр еді.
– Бұл Әлсен сізге ойнап айтады. Біз жай базардағы мал құнының нарқын білгелі бара жатырмыз. Әлгінде айттым ғой, Әлсеннің би боламын деген сөзді Қожамжар көзінше айтқанын ұнатпай қалған. Күні бұрын жария еткен Әлсеннің әлгі қылығын жақтырмай тұр еді. Бір жағынан ертеңгі күні өтпей қалса, Шоң өткізе алады деп айту үшін де мына сөзді Әлсен әдейі айтып тұрғанын сезді. Бұл Әлсеннің өзінше қулығы екенін Шоң түсінді. Сосын әңгіме бетін басқа жаққа бұру үшін:
– Түсіп, біз мына үшеуіміз базар нарқын білгелі бара жатырмыз. Сен барасың ба? – деп Түсіп қарады. Ол әкесіне қараған.
– Бар, биыл біраз мал сатылуы керек. Мына орыстар жерді тарылтып жіберді ғой.
Шоң Қожамжардың орыстарды еске алып, сөзді ұзатып жібергелі отырғанын білді де:
– Ал, Қожеке, рұқсат болса біз жүреміз…
«Жолдарың болсын» айтып Қожамжар қала берген еді. Түсіп бұлармен бірге кеткен. Былай шыққан соң Түсіпке не себепті Ақмолаға апара жатқандарын туралап, ашық айтты. Түсіптің кәдімгідей көзі күлімдеп, қуанып қалды. Жабағылардың ішінен өзін таңдап алып әкетіп бара жатқан Шоңға риза болған. Ол әлгінде әңгіменің шет жағасын естіген Шоңның ойыны ма, шыны ма, әлі де біле алмай келе жатқан. Өйткені, оның шыны ма, ойыны ма, түсініп болмас, қулыққа толы сөздері мен мінезі көп екенін білетін. Әлгінде әкесіне базар нарқын білеміз деп, енді айтып келе жатқаны мынау. Ол қуанып қалды, алайда сол күйін сездірмеуге тырысты. Бірақ та оның көңіл-күйі неге көтеріліп қалғанын үшеуі де сезіп келе жатыр еді. Шоң сөзін жалғады:
Читать дальше