Жамал . (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше – шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай ғана жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың? Қазіргі қоғам – дамыған, демократиялық қоғам.
Асқар . Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?
Жамал . Әлбетте! Біздің заң – ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Егер қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты…
Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір алыс гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.
Асқар . Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазалауынан қорықпай, Алланың сотынан, жазалауынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс да тиылушы еді. Сонда шариғат заңы тек иманы жоқтарға, шайтанның арбауына түскендерге, іблістің олжасы болғандарға ғана қолданылар еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен тайдыруға тырысып бағудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.
Жамал . Е, онда несіне мазасызданасың?
Асқар . (ол терезе жаққа қарайлап қояды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Ысмаиловты кезіктіріп қалдым. Полковник – біздің әскери гарнизонының қолбасшысы, генерал Жақыповтың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орынына Ысмайыловты тағайындап кеткен. Енді біліп жатырмын – полковник Ысмаилов партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахман шейхтен кейін екінші адам екен.
Жамал . Ғабдуррахманың кім өзі?
Асқар . Ол партияның жетекшісі, рухани лидері. Полковник Ысмаиловтың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.
Жамал . (ол да терезе жаққа қарай алаңдай бастады) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (телевизорды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)
Асқар . (оның жанына келіп тұтқаны қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, қалған «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін? Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан тайдыру…
Осы кезде сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып жіберіп кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғалап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреулердің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу