«Бұрын өкiрткенсiң ғой!» – дептi күлiп Нұрекең. Сонда ақын:
Арақтан бұрын ептеп алатынбыз,
Қиялмен әр нәрсеге баратынбыз,
Ол кезде генералға қол жетпейтiн
Қолында сержанттардың болатынбыз,
Далада жатып қалған жерiмiз жоқ,
Күнара КПЗ-ға қонатынбыз! – деп әзiлдеген екен.
«Милициямен онша емес екенсiң ғой», – дептi Нұрекең күліп. Сонда Баянғали:
Арақты мен онша көп iшпейтiнмiн,
Ал iшсем талай қызық iстейтiнмiн,
Өкпем жоқ милицияға, жаяу жүрмей,
Үстiнен ППМ-нiң түспейтiнмiн,
Айбатты арыстандай ақырмаса,
Аруағын аталардың шақырмаса,
Жiгiттi жiгiт деу де қиын, кейде
Сәтi түссе, түрмеге де отырмаса! – дегенде, Нұрекең күлiп жiберiп, ақынның өнерiне риза болып, алғыс айтып, ағалық ақ тiлегiн бiлдiрiптi.
1995 жылдың күзiнде Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға аз уақытқа демалуға келгенде, Баянғали Бурабайға барып, Елбасының алдында өлең айтыпты. Президент әуелi ақынға Бiржан салдың «Темiртасын» айтқызып, содан кейiн: «Мына ағаң– Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдин, Көкшетауға тұңғыш келiп отыр, мына ағаң – КНБ-ның бастығы, генерал-лейтанант Сәт Тоқпақбаев. Бұл кiсiлерге қош келдiң деп, бiрдеңе айтпайсың ба?!» – дептi. Сонда ақын былай деген екен:
Құдайым кез қылсын деп жақсы кезде,
Сөйлейiн бұрылмастан басқа сөзге
Айтамын қош келдiң деп ағаларға
Қош келдiң, Көкшетауға патша жезде!
Орындайын бұлжытпай,
Президенттiң жарлығын,
Премьер-министр көрсетсiн
Елiмiзге нарлығын,
Ақыл, қайрат, жiгермен,
Ағалар, жеңiп шығыңдар,
Заманның мына тарлығын!
Қажыгелдин Әкежан
Премьерлердiң iшiнде
Жаңадан шыққан жас перi,
Алысқанын жығатын
Дзюдоның мастерi,
Сол күшiңдi халықтың
Қажетiне жұмсай бер,
Нұрекеңнiң ләшкерi!
Премьер аға, өзiңе,
Пенсиямызды берсiн деп
Сәлем айтты шалдар да,
Папамыздың айлығын,
Жылдамырақ берсiн деп,
Сәлем айтты балдар да!
Әрдайым әсем әнге сап жүрейiн,
Дау-шардан аулағырақ ақ жүрейiн,
КНБ бастығымен ойнаймын деп
Мен осы бiр бәлеге қап жүрмейiн!
Айналайын, Сәт аға,
Ақындармен алыспай,
Атаның жолын жалғай бер,
Тәй-тәй басқан қазақтың
Мемлекетiн қажымай
Жауларынан қорғай бер!
Қарсы алды өздерiңдi Көкше жерi,
Оқжетпес, Бурабай мен сексен көлi,
Аман бол, ел басқарған ағаларым,
Жақсылыққа бастар деп, өздерiңе
Үмiтпен қарап отыр қазақ елi! – деген екен.
1996 жылдың шiлде айында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президентi Ислам Каримов, Қырғызстан президентi Асқар Ақаев Көкшетауда бас қосты. Үш президенттiң алдында жыр толғаған ақын Нұрекеңдi туған күнiмен құттықтапты.
Нұреке, құтты болсын ер жасы – елу алты,
Өркендеп туған елмен бiрге шалқы!
Сiздерге ақ тiлегiн қосып отыр
Бiр туған қазақ, қырғыз, өзбек халқы!
Ислам аға, қош келдiң
Алдыңнан шықтым әкалап,
Ордалы он сан өзбектi
Ту астына жидырдың,
Бiр арнаға сидырдың,
Ұры менен қарыны
Бiр жарлықпен тидырдың!
Өзбек, қазақ, қырғызға
Туыстықты күй қылдың!
Құрметтi ағаң Асекең,
Ел қырғыздың басы екен,
Қош келдiң Көкше жерiне,
Сұлу сексен көлiне,
Өз елiңдей жарасып,
Шыға бер, аға, әрдайым,
Дархан қазақ төрiне!!!
Қазақ, қырғыз, өзбегiм – туған бауыр,
Бөтен бе сiздiң қышлақ, бiздiң ауыл?!
Тұтасып, бiр-бiрiңе пана болып,
Тұрыңдар, аннан-мыннан соқса дауыл,
Ұрпағым, бөлiнбе деп жатқан шығар
Ташкенде Төле би мен Шайхантауыр!
Бар әлемнiң алдында
Жарқырай берсiн жүздерiң,
Ұзағынан болсын алдыңда
Бұдан да жақсы кездерiң,
Қол ұстасып жасай бер
Қазақ, қырғыз, өзбегiм!!!
Президенттер ақынға алғыс айтыпты. Ислам Каримов ұшып тұрып, Баянғалиды құшақтап: «Тошкенге келиң!» – деп, қонаққа шақырыпты.
Қазақстанның қорғаныс министрi, Совет Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1995 жылы жазда зайыбымен, балаларымен Бурабайда демалғанда, Степнякқа келiптi. Меймандар моншадан шығып, дастархан басына келедi. Ашық терезеден жел соғып тұрғандықтан, Сәкең қақ төрге отырмай, ықтау жағынан отырса керек. Содан әңгiме-дүкен, мәжiлiс қызған кезде, кезек Баянғалиға келiптi.
Қош келдiңiз елiме
Аты аңызға айналған
Қаһарман батыр, қолбасы,
Сағадаттай батырды
Төбесiнен түссе де
Жеңе алмаған фашистiң
Снаряд пен бомбасы,
Жетпiстен жасы асса да
Қылшылдаған капитан
Секiлдi түр мен тұлғасы,
Қаһарманның балдары
Әкенiң жолын жалғашы,
Айналайын ақ жеңге,
Сәкеңдi жақсы бақ, жеңге,
Оңай емес болу да
Қолбасының жолдасы,
Бiле бiлсек Сағадат
Бөгенбай мен Қабанбай
Батырлардың жалғасы,
Тұғырдан таймай сардарым,
Сарбазды сапқа тұрғызып,
Қазақтың елiн қорғашы!
Читать дальше