Ақынмын алдыңызда әнге басқан,
Атынан туған елдiң шашу шашқан,
Көп сәлем әкеп тұрмын ауылдағы
Қаракөз, қандас бауыр қарындастан,
Асығып тұра шаптым сiз келдi деп
ҚойдыҢ да кезегiне қарамастан,
Жағдайын жақсартсаңыз ауылдардың
Жалғанда хан болмайды сiзден асқан!
Нұрекең рахмет айтып, демалуға кеткен соң, көмекшiсi Иманғали Тасмағамбетов қасында отырған тұлғалы кiсi – Амангелді Шабдарбаевтың президенттi қорғау бөлiмiнiң бастығы екенін, Колбиннiң тұсында Қонаевқа қарсы арыз жазбағаны үшiн қуғын көргенiн айтады. Оның ерлiгiне риза болған ақын:
Қайтпаған КГБ-ның наганынан,
Сол үшiн айырылған погонынан,
Тар жерде Димекеңдi сатпай қалған,
Айналдым Амангелдi табаныңнан!
Басыңнан Амангелдi бақ кетпесiн,
Ақының сөздi қалай нақты етпесiн,
Мәз болып өлең тыңдап отырғанда
Бiр сұлу президенттi ап кетпесiн! – деген екен.
Содан елге келсе, аудан активi президент ауданға келiп қалар ма екен деп күтiп отыр екен. Ақынның әңгiмесiн тыңдап, мән-жайға қаныққаннан кейiн, аудан әкiмi Кеңес Мұқатов: «Бiзге де бiрдеңе айтсаңшы,» – дейдi. Сонда Баянғали:
Айтайын әкiмдерiң құлақ қойса,
Жиналып отыр екен жағып монша,
Президентке өлең айтып келгеннен соң,
Әкiмге айтқым келмейдi менiң онша! – деген екен.
1995 жылдың тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Еңбекшiлдер ауданына келедi. Ол кісіні қарсы алуға дайындалып жатқанда аудан әкімі, түбі кеңащылық Кеңес Шәмшіұлы Мұқатов Баянғалидан: «Президентке не айтасың?» – деп сұрапты. Сонда ақын:
Сіз келеді дегелі,
Біздің елге көп болды,
Күте-күте өзіңді
Елдің көзі төрт болды,
Сізге сойған жылқыны
Әкімдер өзі жеп болды! – десем қайтеді! – деген екен.
«Ойбай, бізді жұмыстан шығарасың, айта көрме!» – депті әкім.
Нұрекең келген соң, Ғабдiсәләм қажы атындағы жаңа мешiтке кiрiп, кiлем сыйлайды, Бiржан салдың басына барып, құран оқытады. Степнякты аралап, аудан жұртшылығымен кездеседi. Кездесу барысында зайыбы Сара Алпысқызының Степняк маңында туғанын айтады. Жұртшылықтың сұрақтарына жауап берiп, Меке мен Мәдинаға барғанын, пайғамбарымыз Мұхаммед ғәләиссәләмнiң қабiрiне тәуәп қылғанын әңгiмелейдi. Ақсақалдардың Еңбекшiлдер ауданына Бiржан сал атын беру жөнiндегi тiлегiн құптайды.
Кездесуден кейiн, дастархан басында Баянғалиға өлең айтқызады. Әуелi Елбасы ақыннан Қырғызстанға қалай барып келгенiн сұрап, содан кейiн: «Елiнде отырмыз ғой, Бiржан атаңның бiр өлеңiн айтшы», – дептi. Баянғали «Темiртасты» айтып берiптi. «Осындай адамды да керегеге байлаған-ау бiздiң қазақ!» – дептi Елбасы мұңайып. Бұдан кейiн Баянғали президенттiң келгенiне арнап бiраз өлең айтыпты:
Ел-жұртың қарсы алып тұр Нұрекелеп,
Келгенiң жатыр үлкен мереке боп,
Нұреке, қадамыңыз құтты болып,
Дарысын бiздiң елге береке боп!
Келген жерiң, Нұреке,
Абылай орда еткен жер,
Қазақтың соңғы көсемi
Кенесары, Наурызбай
Күңiренiп өткен жер!
Аспандағы аққуға
Бiржанның әнi жеткен жер!
Ұрпақтары солардың
Белiн бекем буған жер,
Атаның жолын қуған жер,
Жаңа өзіңiз айтқандай
Апамыз Сара туған жер!
Шүкiршiлiк, аллаға
Жақсы-жақсы менiң де
Жезделерiм көп едi,
Бiрақ-тағы iшiнде
Президентi жоқ едi!
Апамыздың қадiрiн
Патша жездем ұққан ғой,
Бар әлемнiң бөбегiн
Бауырына басатын
Жақсы-жақсы қасиет
Сара апамның бойына
Бiржан жатқан киелi
Топырақтан жұққан ғой!
Бұдан кейiн президент бiрге отырған ел адамдарымен әңгiмелесiп, олардың сұрақтарына жауап бередi. Әңгiме барысында кейбiр басшылардың араққа үйiрлiгi жөнiнде де сөз болыпты. Бiр кезде аудан әкiмi Кеңес Мұқатов пен аппарат жетекшiсi, Баянғалидың жиені Еркетай Жомартов мипалау әкелiп, меймандарды сыйлапты. Сол кезде Баянғали домбырасын алып:
Әкімнiң мипалауы әзiр болды,
Бiр талай о да бiзге әзiл болды,
Қосылып Елбасымен мипалау жеп
Сәнiмiз, ағайындар, қазiр келдi,
Басқаның президентi iше берсiн
Бiздiкi, шүкiршiлiк, қажы болды! – дептi.
Сонда Нұрекең: «Мына жерде арақ құйғызбады деп отырсың ғой,» – дептi күлiп. Бiрге отырған Болат Бекенов, Тасболат Алпысов сынды ақсақалдар, ауыл шаруашылығы министрi Жәнiбек Кәрiбжанов, облыс әкiмi Қызыр Жұмабаев, КНБ, милиция генералдары Мәжит Жандiлдинов, Амангелдi Жармағанбетов және басқалары да: «Ендi не айтар екен?» – дегендей ақынға қарап қалыпты.
Болғанмен кемшiлiгi зор басымның,
Әрдайым жақсылардың жолдасымын,
Арақ пен темекiнi қатар қойған
Мен де, аға, Көкшетаудың молдасымын! – дептi ақын.
Читать дальше