Қиял Әлемі
Ертегілер
Рустем Серікұлы Сауытбай
Редактор Малике Абитаевна Шағырбаева
© Рустем Серікұлы Сауытбай, 2018
ISBN 978-5-4490-1423-8
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Сарқан тоғайындағы Байыр деген жотаның басында, тышқандар отбасында Тоқашай деген қыз тышқан дүниеге келіпті. Әжесі тоқаш пісіріп жатқан кезде туғандықтан есімін Тоқашай деп қойған екен. Оның көздері бақырайған, құлақтары салбыраған болса да өте сүйкімді болыпты.
Тышқан әке-шешелері оны өте жақсы көреді екен. Ол тоқаш жегенді қатты ұнататын. Өсе келе өзі сондай батыл және əуесқой болады. Әке-шешесін:
– Ай неліктен домалақ? Сиыр қалайша көк шөп жеп, ақ сүт береді? Аспандағы жұлдызды алып берші, – деп мазалай берді.
– Мынау не? Ол қалай? Неге? – деген сұрақтарды көп қоятын. Әкесі тіпті кейбір сұрақтарына жауап таба алмай, сасқалақтап қалады екен.
– Қызым, біз түгіл адамдардың өзі сиырдан қалай ақ сүттің шығатынын білмейді, – деп əкесі, шашы болмаса да, басын қасып қалады екен. Әке-шешесі ерінбей, барлық сұраған нәрселерін түсіндіретін.
Тоқашайдың өзі қып-қызыл, құйрығы жалбыраған Рүшен деген тиін досы болады, Тоқашай оған әрқашан «мен сұрмын, сен неге қызылсың?» деп тиіседі екен. Екеуі бір-бірлерінің құйрықтарын тартып ойнайды екен. Рүшен екеуі бұтақтан қайық құрастырып, арықтағы ағып жатқан сумен саяхатқа шығатын. Бірақ алысқа бармайды екен, өйткені жақын жерде екі аяқтылар, яғни адамдар тұрады.
Көк шығып, гүлдер гүлдеген уақытта Тоқашай мен Рүшен екеуі тоқаш жеп жатады.
– Алақай! Бүгін түнде тосын сый болады, – дейді Рүшен.
– Қайдағы сыйлық? Кім әкеледі? – деп таңдана сұрайды.
– Тоқашай білмейсің бе, осы айдың жиырма бірінде аспаннан әр жануарға сыйлық түседі. Итке – сүйек, сиырға – шөп, құстарға – бидай, маймылдарға – банан, тышқандарға – бидай сияқты, – деп Рүшен көкірегін көтеріп қояды.
Сол түні Тоқашай қатты уайымдап ұйықтай алмайды, сыйлығын ойлап, асыға күтеді. Түннің бір уақытында айнала тып-тыныш бола қалады. Тоқашай мөлдіреген көздерін жоғары қарай көтеріп, сыйлығым қашан болады деген қиялға беріледі. Жан-жағындағы көршілері, достары және ата-анасы тәтті ұйқыға беріліп түс көріп жатады.
Тоқашай бір мезетте күткен сәт боларын сезеді. Қолдары қалтырап, жүрегі қатты соға бастайды. Өз көзіне өзі сенгісі келмейді, жаңа туып келе жатқан айдың оң жағынан жұлдызға ұқсас жарық нүкте пайда болады. Бірақ ол жарық нүктенің түсі көгілдір екен. Ол жарық нүкте бірте-бірте Тоқашайға жақындап, үлкейе түседі. Тоқашай қорқып, теректің артына тығылып қалады. Жарық нүкте жақындап келіп, сайдың арғы жақ бетіне барып қонады. Тоқашай кідірмей, жүгіріп барып көктен түскен қаптың ішін ашады. Қаптың ішінде арпа, бидай, сұлы, тәтті-дәмділер мен ойыншықтар бар екен. Тоқашай қуанып кетіп, тойып жеп алады.
Таңертең тұрғанда әр жануардың бас жағында өз тосын сыйы дайын тұрады. Бірақ оған ешкім таңғалмайды, әркім өз ісімен жүріп кетеді. Тоқашай болса, бұл сыйлықтарды жануарларға жіберген кім екенін қатты білгісі келеді. Соны ойлағаннан маза тауып отыра алмайды. Бірінші кезекте әке-шешесінен сұрайды:
– Әке, әке, бізге мына сыйлықтарды кім дайындады? – дейді Тоқашай құлақтарын тікірейтіп.
– Бұл баяғы заманнан келе жатқан дәстүр, кімнің дайындағанын ойламаппыз-дағы, – деп үн қатады әкесі. Үйден жауабын ала алмаған Тоқашай далаға аттанады. Қоржынына толтырып тоқаш салып алып, әке-шешесінен рұқсат алып, сұрағының жауабын іздеуге шығып кетеді. Ең алдымен, досы Рүшенге соғып, көптен бері екеуі дайындаған кемесіне бірге отырып кетеді. Бірінші кезекте сиырға барады.
– Сиыр тәте, бізге сыйлықтарды кім дайындады? – дейді ауыздарын аңқитып.
– Мөөөөө, білмеппін кішкентайларым, сендерге ол не үшін керек, сыйлықтарыңды алып тыныш отыра бермейсіңдер ме? – дейді күйіс қайырып тұрған ала сиыр.
Сиыр сұрақтың жауабын білмеген соң, олар «мысықтың жүрмейтін жері, кірмейтін тесігі жоқ қой» деп мысыққа барады.
– Мысық әпке, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды тышқан мен тиін.
Мысық ойланып тұрып:
– Миияяяу, білмеймін, еш ойланбаппын, – дейді.
Мысықтан да жауап ала алмаған екі дос енді қойға барады. Қойлар отар болып жүреді, көп естиді деп үміттенеді. Қойдың қасына барған соң:
– Қой аға, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай қатты үміттеніп.
Сол кезде қой бір маңырап:
– Мәәәәәәә, маған бәрібір, әйтеуір қарным тоқ, көйлегім көк, – деп жауап қатады.
Читать дальше