– Жол бастаушы Шырақтың түр-келбеті, киген киімдері қандай?
– Оның басында – ақ киіз қалпақ, үстінде – шоқпыт шапан, бет-аузы тілік-тілік. Әскер-сарбаздардың арасынан бірден байқалады.
– Ал, бауырлар, – деді Би. – Мұны аяқ-қолын байлап, осында қалдырайық та, дереу іске кірісейік.
– Иә, іске кірісейік. Бүгінгі күн – Шырақтың басына қауіп төнетін күн. Оны өлім аузынан, парсылардан арашалап алуымыз керек.
Үшеуі әдеттегідей жұдырықтарын түйістірді.
***
Шырақ батырдың жол көрсетуімен келе жатқан парсылардың қалың қолы алдан көрінген биік жотаға сілікпелері шығып әрең көтерілді.
Жотаның биігінен айнала атырапқа көз салып еді, түстігі мен терістігі, шығысы мен батысы – төрт құбыласы түгел иен жатқан құлазыған даланы көрді. Қанша тінтіп тіміскілегенімен, айнала төңіректен өзен-көлдің белесін, елді мекен, адам тұрағының елесін де көре алмады. Мұны көргенде Дарий патшаның төзімі таусылып, жерге тізерлей шөгіп, көкке қарап қарғанды. Ал оның Ранасбат атты сенімді қолбасшысы қылышын қынабынан суырып, Шыраққа тұра ұмтылды. Сонда Шырақ оған тәкаппарлықпен қасқая қарап тұрып:
– Уа, жеңіс деген осы! – деп шаттана дауыстады. —Мен ата-бабалар-ымның жерін жаулап алғысы келген Дарий патшаның қанқұйлы қолын жалғыз өзім шөлге қамап, дымын құртып тұрмын. Сендерді жан-жақтар-ыңнан елсіз, сусыз ен дала, қу медиен қоршап тұр. Төрт құбылаларың бетпақ дала, қай жаққа жүрсеңдер де, елді де, суды да таппайсыңдар. Жеті күнге дейін шөл даладан көз ашпай-сыңдар, аптап ыстық пен шөл азабынан көресілеріңді көресіңдер. Ал менде ешбір арман жоқ. Кіңдігімді кескен туған жерімде қаным төгілетіні үшін, сүйегім осы арада жерленетіні үшін бақыттымын! – деді көздері ұшқын атып.
Ашуға булығып, қаны қарайған Ранасбат алдаспанын жарқ еткізіп, Шыраққа көзі қанталай қарады. Өздерін осындай бейшара халге түсіргені үшін, оған зәрлене қарап, табанда жеп қоярдай айбат шекті.
– Ә, қара құзғын, көресіні сенен көрдік қой! Бізді қинаған, адастырып қу шөлге әкеп тастаған бұл жауыздығың үшін өзің де қиналып өлесің. Мына тырбиған аяқ-қолдарыңды қазір шауып тастаймын, осы жерде өзің-ақ күнге қақталып, майың шыжып өлесің, – деп, алдаспанын көтеріп, Шырақты шауып тастамаққа ұмтыла бергенде, «Су-су! Дарий патшаға су әкеле жатырмыз, жол ашыңдар, жол ашыңдар!» деген дауыс шықты. Бәрі сол дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, қалың әскер екі жаққа қақ айырылып, бөшкелі арбамен су әкеле жатқан сарбаздарға жол берді.
– Дарий патшаға су әкелдік, – деді сарбаздар бөшкелі арбаны Дарий мен Ранасбаттың алдына әкеліп бір-ақ тоқтатып. Арбадан секіріп түскен үш сарбаздың бірі бөшкенің аузынан шұбатылып шығып тұрған түтікшені Дарийдің қолына ұстатты. – Уа, патшам, мына бөшке толы «зәмзәм суы». Асықпай, дәмін сезініп сораптап ішсін деп, әдейі түтікпен беріп отырмын. Қанып ішіңіз, тақсыр.
Еріндері шырт-шырт жарылып, бар есіл-дерті бір жұртым суға зар болып келе жатқан Дарий көздері тұманытып, еш нәрсенің парқына бара алмастай еді. Ол түтікті жалма-жан кезерген аузына салып, суды құмығып жұта бастап еді, қақалып-шашалды да қалды.
– Байқап, асықпай ішіңіз, патшам. Бөшкедегі су бәріңізге жетеді.
Аузы кезеріп, құрғақ еріндерін тілдерімен жалаған әскерлердің бәрі Дарий патшаның аузындағы түтікке ашкөздене, тағатсыздана телміреді. Тіпті Ранасабат та «су» деген сөзді естігенде, есі ауысып, өлтірейін деп тұрған Шырақты ұмыта арбаға ұмтылды. Ал бұл кезде әлгі үш сарбаз бір шетте елеусіз қалған Шырақты жетелеп ерткен күйі жұрттың арасына сіңіп кетті. Олар қалың әскердің арасынан сытылып шыққан бойда сайда жайылып жүрген аттардың бірнешеуін ұстап алды. Әрқайсысы бір-бір атқа қарғып мініп, сай табанымен құйғытып шаба жөнелді. Олар сол бойда өздерінің бұрынғы жайларына келді де, қаңтарулы тұрған аттарын жетекке алып, ары қарай тоқтамастан тартып отырды.
– Мені өлімнен құтқарып алғандарыңа алғысым шексіз, – деді Шырақ жүйіткіп бара жатып, жанындағы үш батырға. – Бірақ оларға бір бөшке суды тастап кеткендеріңе түсінбедім. Мен оларды елсіз, сусыз шөлге қаңтарып, діңкелетіп, сілікпесін шығарып, көздерін тұздай құрту үшін әкелген жоқ па едім!
– Шырақ аға, – деді Нар жұмбақ жымиып. – Онда бір бөшке су жоқ. Бөшкенің аузына бекітілген бір тостаған су ғана бар. Ал бөшкенің іші толған құм.
– Біз бөшкенің аузын темір қалқанмен жауып, шынжырмен құрсап, құлыптап кеткенбіз. Дарий мен Рансбат қалқан астындағы суды жіңішке түтікше арқылы сарқып ішеді де, суы таусылған соң, оның қақпағын аша алмай әуреге түседі. Ал біз сол уақытта ізімізді суытып үлгереміз.
Читать дальше