– Өзің бір көрімдік алатындай сөйлейсің. – Әлсеннен Нартай біраз үлкен болса да оның қылықтарына қарай ретті жерінде кейде өзінің мінезіне салып еркін сөйлейтіні бар еді. Қазір де соны жасап тұр еді…
Нартай Әлсеннің сөз төркінін қайда бұрып бара жатқанын білді де жым болды. Нартай ана бір жылдары аулының бір қызын Тілендерге әкеп беріп соның ақысына жігіттен үш жылқы алған. Соны реті келгенде Әлсеннің Нартай өзі қарындасын әкеп беріп, ақысына жылқы алды деп мазақ етіп жүргенін естіген. Қарындасы мен күйеу баласының көзінше айтса ұят болатынын ұғып тұр еді ол да.
Сол орайда Тіленмен әзілдесудің қиын екенін түсінді. Қазір сол ойына түсіп кетті де, мына Азна Шоң көзінше бірдеңе айтып қоятынын ойлап, жым болды. Дегенмен Әлсен аузынан шыққан сөзді басуды ойлаған:
– Әлсен, көрімдік ешқайда қашпас, сөзді көбейтпесейші, – деп қоя салған. Осының аузын қалай жабамын деп жүрген Нартай тағы қайталап айтты. – Жиенімізге бермеген көрімдікті кімге береміз?
Мына сөзден кейін Әлсен де тоқтаған. Осы жолы қайтсе де Нартайға айтқанын жасататынына сенімді еді. Осыдан кейін екеуінің арасындағы етек алып кете жаздаған сөз басылып қалғандай еді.
Бір күні келіп әкесі Шоң алдында сөз бастаған еді.
– Мына Қояншы-Тағайлар Кеттебекке біздің жылқыларымызды ұрладыңдар деп өтірік жала жауып жүрген көрінеді. Сен солардың болысымен сөйлесіп көрші…
Шоң білетін, Аралбайлардан Ортау болысына болыс болған Кеттебек еліне жақпай болыстықтан шығып қалған еді. Қазір туыстарымен ренжісіп, Шоң ауылына жақын жерде іргелес отыратын.
– Көрші отырған олардың дауы баяғыдан бері бар. Ол үшін мен жүре бермеймін, өздері шешіп алады. Ел арасында сәл бірдеңе болса мен шапқылай беремін бе осы? Ана билері отыр. Соларға неге жүгінбейді?
– Кеттебектің аталары пәлен жылдан бізбен көрші отырған ел. Екіншіден, мен тілек етіп отырмын. Барып барлық жағдайды біліп қайт. Әрі-беріден соң бұл – сенің міндетің. Кеттебек ауылы саған қарайды.
– Ана Құтжан биді неге жібермейді?
Кұтжан өзін Шоңнан артық санап жүрген Аралбайдың биі еді. Және Ыбыраймен құдандалы болатын. Кіші баласы Әліммұсаға оның қызын алып берген. Енді келіп оның туысы Кеттебек туралы әкесі мынандай сөз айтып отыр. Мұнда бір мән жатқанын Шоң біле қалды да, мен оның шаруасына араласпаймын деп бірден айтқан. Сонда да әкесі болмады:
– Шоң, оның Қояншы-Тағайлар алдында сендей беделі бар ма, соның бәрін есептеп келіп саған тоқтап отыр ғой олар да.
Шоң мынау бір шатақ шаруа екенін сезді де:
– Мен ондай шаруаға бармаймын. Қалай шешсе олай шешсін! – деді.
Телқозы бұдан кейін сөз бітті дегендей, үндемей кетті. Әңгіме осымен біткен сияқтанды. Шоң болыс болып келгелі әкесі бөлек шығарған. Шоң өз алдына отау болып Қызылағашта отырған. Әкесімен бірге Малай тұратын. Балаларының ішіндегі өзінің тілін алғыш Малайды әкесі басқа балаларынан жақсы көретін. Балалары өз алдына үй болып кетіп жатқанда, әкесі Малайды жібермей қасында қалдырған.
Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.
– Ана әкең қайда бара жатыр?
– Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.
– Жайша ма? – деді Шоң.
– Ол жағын білмедім…
Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.
– Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, – деді.
– Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. – Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.
Читать дальше