Ілияс Есенберлин
АЛМАС ҚЫЛЫШ
(КӨШПЕНДІЛЕР — 1)
Оқырмандарға сөз
Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар. Кітап жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылса да, бұл жолғы басылымның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде алғаш рет жүзеге асырылуы назар аударарлық оқиға болып отыр. Осы арқылы аса көрнекті жазушының шығармашылығын қастерлеушілер мен бағалаушыларға, біздің тарихымызды қымбат көретін барша жұртшылыққа бұл шығармаға жаңаша — ежелден азаттыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріледі.
Бүгінгі таңда трилогияны қайта оқи отырып, егемендік алу ісіне біздің бабаларымыз — Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар, Наурызбай, Қобланды, Бөгенбай батырлар, Төле би, Асанқайғы, Бұқар жырау сынды даналар қаншалықты зор үлес қосқанын ерекше түйсініп, пайымдайсың… Олар, олардың серіктері мен ізбасарлары өз отанын шексіз сүйді, оның болашағына сенді, осынау көкейкесті мұратқа жету үшін аянбай күш-қайрат жұмсады.
Трилогияның тағдырында да оны жаратушы, бірнеше мәрте жала мен жазалауға душар етілген адамның тағдырына ұқсастық бар. Идеологиялық және цензуралық талай кедергілерден өткен соң, тек тәуелсіздік жылдарында ғана, бұл кітап шын мәнінде қалың оқырман қауымның қолы жететін игілікке айналды. Атап айтқанда, ол мектептердің оқу бағдарламасына енгізілді, ендігі жерде жастар одан рухани мықтылықтың, адамгершілік пен отаншылдықтың үлгісі мен тағылымына мөлдір бұлақтан су ішкендей қана алады.
Ал енді аға ұрпаққа келетін болсақ, кітапты қайталап оқып шыққаннан кейін олар өздері осыдан біраз ғана бұрын байыбына бара алмастай көрінген көкейтесті сұрақтардың көпшілігіне жауап таба алады. Олардың ең бастысы, менің ойымша, жеке және ортақ мүдделері Үйлесім тауып біріккен халық, өзін түлетіп өсірген жерге адал берілген халық тауды қопарып тастауға, ең қиын проблемаларды шешуге қабілетті екендігін түйсінуде болса керек.
Кітап шығару ең қиын кезеңін бастан кешіріп отырған қазіргі күнде, Ілияс Есенберлиннің шебер қатталып, талғампаздықпен безендірілген трилогиясы жарық көруінің өзі тәнті етеді. Бұл көп ретте «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясында, қазақтың «Астана-моторс» компаниясында, «Эксон» компаниясының Қазақстан өкілдігінде жұмыс істейтін адамдардың өнер мен тарихқа немқұрайды қарай алмай, оған іңкәрлік білдіруінің арқасында мүмкін болды.
Мен оларға шын жүректен ризалығымды айтамын.
Ал қымбатты оқырмандар, сіздерге болса, «Көшпенділердің» беттерімен қызықты әрі пайдалы саяхат жасауға тілектестік білдіремін.
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев
БІРІНШІ БӨЛІМ
І
Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»
Әбілқайыр ірбіз [1] І р б і з — ескі түркі тілі — леопард.
терісінің үстінде аунап түсті.
«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын [2] Е р а т — ескі түркі тілі — әскер деген мағынада.
да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»
Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы… Ол қайтадан оқи түсті:
«Егер ұрыс кезінде осы он адамның біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі кейін қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе бәрі де жойылады: қысқасын айтқанда, бәрі бірге шегінбесе, өз бетімен шегінгеннің бәрі тегіс өлтіріледі. Осы айтқандай, он адамның бір-екеуі жауға қарсы ұмтылып, өзгелері тұрып қалса, тұрып қалғандар тегіс құртылады. Ал, осы онның біреуі, не одан көбі тұтқынға түсіп, өзге жолдастары, оларды құтқармаса, құтқармағандардың бәрі де өлтіріледі». Әбілқайыр қайтадан ойға кетті. «Шыңғыстың қай ұрпағын ойлаған мақсатынан басқаның тағдыры тоқтатқаны бар? Тоқтатып көрген емес. Ондай оқиға панднамада да [3] П а н д н а м а — хандарға, ел басқаратын сұлтандарға арналған насихат кітабы (ескі түркі тілі).
Читать дальше