Бұл құмыраға шарап құяр болар,
Бұл құмыраға көздің жасы толар…»
— Хан жезде, — деп Ақбала кенет Хақназардың қара санынан бұрай шымшып алды. — Тіпті езу тартып, тіл қатар емессіз, нағыз Күлмес хан өзіңіз болдыңыз ғой.
Сан еті ду ете түссе де, қыздың сөзі бәрібір құлағына кірмеді. Балдыздың бұдан да қияңқы еркелікке хақы бар… Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.
Ақбала тағы да сыңғырлай күлді.
— Жауға шапқанда жолбарыстай батыл деуші еді, әлде Сарайшықтың қыз-қырқынынан жүрексініп отырсыз ба? Жүрексінбеңіз… Кісі жейтін әдетіміз жоқ…
Қыз сөзін енді ғана еміс-еміс естіді. Енді ғана өзінің қай жерде отырғанын есіне түсірді.
әлсірей ыдырап құлаған Алтын орданың орнына қазір Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары пайда болған. Бір кезде Батый хандығының кіндігі санал- ған, сан мемлекеттің сауда жолдары түйіскен, тас дарбазаларынан шығыс пен батысқа хан әмірлері тараған Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласы мүлде күйреп, оның орнына осы Сарайшық шаһары салынған. Бір кезде бұл да Каспий теңізі арқылы өтіп келіп, батыс пен шығыс саудагерлерінің бас қосатын үлкен сауда кіндігіне айналып еді. Ал қазір бұл — Жайық жағасындағы Үйшіктен жиырма шақырымдай жерде жатқан шағын ғана жай шаһар.
Алтын Орда әлсіреп бітуге айналғанда, негізі Маңғыт руынан құрылған Ноғайлы қауымы сол Сарайшықты өзіне астана етті. Ал қазіргі кезінде Ноғайлы хандығының бір бөлегі Астраханьға, бірі Қазанға, бірі Өзбек Ордасына, қалғандары Ақ Ордаға ауып, бет-бетімен ыдырауға айналған шағы. Тек Ноғайлы деген жалпы ел аты мен әлі де болса сауда-саттығы мол Сарайшық шаһары қалған-ды.
Осы Сарайшық шаһарына екі сана қолмен бұдан бір апта бұрын Ақ Орда ханы Хақназар келген. Сонау ит арқасы қияннан қалың әскермен сапар шегуге Ақ Орда ханы мәжбүр болған.
әкесі Қасым Әбілқайыр мен Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сейхұн дарияның төменгі жағы мен Қаратал, Сайрам, Талас, Шу өзендерінің бойын ғана алып қойған жоқ, ол қазақ хандығына Жетісу, Еділ, Ақ Жайық бойын да бағындырмақшы болды.
Осы саясатты көздеген Қасым мен Астрахань хандығына қарай бейімделе түскен Ноғайлы елінің көп жұртын өз шеңберінен босатпаймын деген оймен, 1523 жылы Сарайшыққа келіп, сондағы бір айқаста қаза тапқан. Содан кейін-ақ Бұхар ханы Абдолла мен Моғолстан ханы әбдірашиттің бірігуі арқасында қазақ жері талан-таражға түсті. Көптеген рулар Арқа жеріне қарай ойысты.
Міне, Хақназар Ақ Ордаға осы кезде хан болды. Көп жерін Бұхара, Моғол хандарының басып алғаны аз болғандай, дәл осының алдында ғана Жәнібектің кенжесі Жәдіктен туған Шағай сұлтан Абдолламен тіл тауып, Түркістан уәлиетінің күншығыс жағын бөліп алып, Бұхара хандығына қарап кеткен.
Хақназар Ақ Ордаға ие болғаннан бері де он бес жылдай уақыт өткен. Бірақ осы он бес жыл Хақназарға оңайға тимеді. Бөлшектеніп кеткен қазақ хандығын, әкесі Қасымдай, қайта біріктіруге кірісті. Бұл істің сәтті болуына бір себеп қазақ елінің негізгі жауы Қытай боғдыхандары өзара қырылысып, қазақ жерін шабуға қолы тимеді. Соны пайдаланып Хақназар қырғыз бен қарақалпақ туыстарды да өз туының астына жинай бастады. Нелер қан төгіс шайқас, арпалыс, қырғындар өтті халықтың басынан. Әсіресе, Сейхұн дария бойындағы қазақ шаһарларын қайтарып алу, ғаламат ауыр тартыстарға айналды.
Бұдан бұрын әлсіреп қалған Шайбани ордасы, осы ұрпақтан шыққан Абдолла сұлтан Бұхар әміршісі болғаннан бері қайтадан туы көкке өрлеп, күшейе түскен. Бірақ, Шайбани ордасының тым дәуірлеп кетуіне арасындағы алауыздық көп қырсық етті. Алауыздықтың негізі — Ташкент әміршісі Бабасұлтан мен Абдолла арасындағы таластан туған.
Бұл таласқа қазақ хандары да жан сала кіріскен-ді. Абдолла жағында Шағай, Бабасұлтан жағында Хақназар. Абдолла мен Бабасұлтанның таласы, бір жағынан Хақназардың қазақ хандығын күшейтуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Шағай сұлтанды өзіне қарсы қойып, бүкіл қазақ елін біріктіруге үлкен зиянын тигізіп келді.
Бұның үстіне Хақназар қол астына енген қырғыз, қарақалпақ елдерінің арасындағы өзара тартыс, дауы да Ақ Орданың күшеюіне әжептәуір кедергі болды. Оң қырғызға жататын Сарбағыш, Солты, Бұғы, Саяқ, Черін, жер ыңғайына қарай қазақ ханына қосылса, Сол қырғызға кіретін әдігене, Жәдігер, Базыс, Бағыш, Түнғатар, Сары тәрізді рулары біресе Шығыс Түркістан ханы әбдірашитке, біресе Ақсақ Темір ұрпақтарының жағына шығып, бірігіп ел болуға көп бөгет етті.
Читать дальше