Үйде бұлардан басқа тағы екі кісі бар. Бірі төрде отырған қара сұр жүзді, қияқ мұртты, жасы отыздарға жаңа жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр. Екіншісі — босағада тері тулақ үстіндегі алпамсадай қаба сақалды, қоңыр беті күн мен желге күйіп әбден тотығып кеткен мосқал кісі. Бұл — Ораз атты құл.
Түркістан қаласын қорғау кезінде сұлтан Уәлидің он үш жасар баласы әбілмансұр жау қолына түскен-ді. Оны шынжырлап Хиуа базарына құлдыққа сатуға апарған жерінен бері қарай осы Ораз құл алып қашып, құтқарып еді. Қазір әбілмансұр мен Ораз құлдың Ұлы жүз Төле бидің түйесін бағып жүрген шақтары. Екеуінің де аты-жөнін ешкімге ашпай, құпия ұстаған жайлары бар. Әбілмансұр өзінің қазіргі жағдайына намыстанып, сұлтан тұқымынан екенін жасырса, құл қожасының дегенінен аса алмаған.
Барлауға шыққан Әбілқайыр мен Бұқар жырау бүгін серіктерінен көз жазып қалып, бір сайда жеке отырған осы түйешілердің лашығына кеп аялдап еді.
Бұқар жырау Ораз құлмен бірге далаға шығып, қазанға ас салысып кірді. Қазір шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері. Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. Бірақ қырағы жырау туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым түйеші емес екенін іштей сезіп отыр. Ал бала жігіттің беті бүлк етпейді, құпия сырын мүлдем терең тығып тастағандай. Кенет ол жырау ойын оқып қойғандай, есік алдында отырған Ораз құлды иегімен нұсқап:
— Бұл кісі маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам — деді. — Сан ажалдан қағып келген періштем, Жәбірейілім…
Бұқар ағат сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды.
— Ол қамқорлық қасиеті маған аян…
— Қалайша?!
әбілмансұрдың өткір сұрғылт көздері, самай тамырға қадалған алмас қандауырдың ұшындай, Бұқар жыраудың бетіне қадала қалды.
Бұқар жыраудың бойы шымырлап кетті.
«Бәтшағардың көзі қандай өткір еді… Шағатын жыланның көзіндей селт етер емес қой…»
Ораз ас қамдасып жүрген адамы даңқы қазақ қауымына аян Бұқар жырау екенін білген соң әбілмансұрдың ата-тегін толық ашпағанмен, өздерінің Хиуадан қалай қашып шыққандарын айтқан-ды. Жыраудың «Ораз құлдың қамқорлық қасиеті маған аян» деуі осыдан еді.
Бала жігіттің көзқарасынан шошынып қалған Бұқар енді іштей қобалжи бастады. «Ауыздан шыққан сөз — атылған оқпен тең, сорлының обалына қалмасам нетсін. Шыңғыс ұрпағы өздеріне кір келтіретін, құпияны білетін адамдарды аямайтын еді, бейшараға зақым келтіріп жүрмесе жарар еді».
Жырау әбілмансұрға жалтарма жауап бергенше, бұлардың сөзін Әбілқайыр бөліп жіберді.
— Сонымен бұл күйге біз қалай жеттік, Бұқар аға? — деді бұрын бастал- ған әңгімені қайта сабақтап. — Қасым ханнан кейін халықтың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинайтын ұл тумағаны ма?..
Бұқар жырау ойлана жауап берді.
— Неге тумасын, талай ұл туды ғой… Бірақ ел басын біріктіру оңай ма… Қасым хан кезінде де Ақ Ордаға Ноғайлы елі, Жетісу бойы тегіс кірмеген-ді. Сыр бойының қалалары біресе Мұхамед-Шайбани ордасына, біресе қазақ еліне алма-кезек ауысып, ел арасы талан-тараж болуы біткен бе?.. Амал не, есіл ерлер арманына жете алмай кетті ғой.
— Ел бірлігі үшін жанын құрбан етіп кім шықты?
— Халықтың өзі.
— Халық қашан да бар ғой. Хандардан кімді атар едіңіз?
— Хақназар, Тәуекел…
— Хақназар туралы әркім әр түрлі айтады. Анығын өзіңізден бір естиін деп едім, — деді Әбілқайыр. — Сол аталарымыз жайында сөз қозғай отырыңыз.
«Ораз құлдың айыбын қалай жеңілдетемін» деп отырған Бұқар жырау бірден келісе кетті.
— Онда тыңдай бер. Хақназардың түбіне жеткен баяғы алауыздық пен Шайбани тұқымы Абдолла болатын…
Қараша үйде отырғандардың көз алдында жырау әңгімесі ғажайып суреттерге айналып, тізбектеліп өте бастады…
— Жалғанда өкініштен ауыр қасірет бар ма екен? Күшің жетпей, жаудан жеңілсең, — бұл өлім. Күшің жете тұрып жауыңды босатып жіберсең — бұл жомарттық. Ал артынан сол жауыңнан қастық көрсең — бұл өкініш. Өлімнен де ауыр өкініш! — деп бастады жырау әңгімесін…
Он екі қанат ақ боз үйді басына көтерген қыз-бозбаланың ду-ду сөздері де, дүркін-дүркін күлкісі де Хақназар ханның көңілін бөлер емес. Оң тізесін баса шынтақтай отырған кіші балдызы, ақ тотыдай сыланған ерке-шора Ақбаланың сыбырлай айтқан әзілі де құлағына кірер емес. Тек босағада тұрған кісі бойындай құмыраға оқта-текте көзі түсіп кетеді де, ондағы кестелі көне нақылды ойлана оқиды.
«Бұл құмыраға алтын құяр болар,
Бұл құмыраға күміс салар болар.
Читать дальше