Тұр екен өзіне-өзі сұқтанып-ақ,
Ақын ғой жолы даңғыл, жұтқаны бақ.
Шалқып жүр Орта жүзді еркін шарлап,
Бір өзі қанша қызға сырттан ұнап.
Өзі де жан екен-ау өте көсем,
Шынымен, шынымен-ақ кете ме есем?
Жо-жо-жоқ, бойдағы бар зарды ақтарып,
Қайтсем де не жеңемін, не теңесем.
Ақындық, алыстағы от-елес ең,
Дəрмен бол, тəуекел деп төтелесем.
Алыстан ат арытып келген Салға
Апырмау, қалай ғана кетеді есем.
Тұрса да тілім қышып, сөйлегім кеп,
Бастағы тежей берем ой легін көп.
Айтсам ба, адымымды ашырмастан
Кіріптар жесір етіп қойды елім деп.
Несі сəн күле алмасаң жарып көңіл,
Сен де бір – қайыршы мен ғаріп те бір.
Тордағы торғайдай ғып шырылдатып,
Биікте бір самғатпай налытты өмір!
О, мейлі, тағдыр мені азаптасын,
Айтар да тарих əлі қазаққа сын.
Бар ма екен қызыңда арман басқа жұрттың
Еркекпен тең ұстаған азат басын.
Ары өтіп, бері өткенде Əріп ақын,
Соны айтып, ағынан бір жарылатын.
О-дағы көп күрсініп, күңіреніп,
Тірліктен тірек таппай тарығатын.
Самғап та кетпеген соң көсіле бір,
Ақын ғып жаратты екен несіне өмір?
Шынымен мына Салдың жоқ па мұңы,
Болмаса қыр көрсеткен сесі ме құр?
Шалқиды, шамырқана шарықтайды,
Асаудай бойына қол дарытпайды.
Сұңқардай саңқ-саңқ етіп тоқтады-ау бір,
Жүрекке от, көкірегімде жағып қайғы…
* * *
Жалғасты айтыс əрі…
Ел тынды іштен.
Түп-түгел топырласып,
Серпілді істен.
Бір-бірін бастырмалап кетті ақындар,
Сахара көрмеген бір еркін күшпен.
Айғайды кезек-кезек асырып ап,
Сырт көзден өз міндерін жасырып-ақ.
Толассыз, тоқтамастан сілтеседі,
Бірінен бірі түсіп басымырақ.
Бір-бірін басып-жаншып кетер ме деп,
Жатты жұрт даурығыса көтермелеп.
Шалғайда шұрқырасқан жылқылардан
Басқадай құдірет жоқ етер бөгет.
Сапырып, сары қымызды құрақ ұшып,
Елпілдеп, ептілер жүр шын-ақ ұшып.
Сауымы өтіп кеткен құлындар да
Елеңдеп, желісінде тұр алысып.
Ақындар домбырасын ұрып қатты,
Бір-бірін тұтқиылдан іліп-қақты.
Алыста ат тұсаған ақсақал да,
Аңырып, ауыз ашып тұрып қапты.
Талайдың маңдайынан бақ тайғанап,
Тура сын талайларға жақпай да қап,
Мелшиіп, меңірейген біреулер де
Аңқиып қала берген қақпай қабақ.
Айтыстан айнала бір тарап айбар,
Жер шұқып, жасып қалған бар ағайлар.
Дірілдеп Ешкіөлместің тауы да үнсіз,
Балбырап, балқып тұрды қарағайлар.
Меңіреу көкірек бар ұқпаған қай,
Сұңқылдап, бұлақ жылап-сықтағандай.
Бозторғай тас төбеде безілдейді
Біржан мен Сара сөзін құптағандай.
…Ұмыт боп ел біткеннің дерті мүлде
Ұйыған осынау бір елтіп үнге.
Бұлбұлдар көмекейін бүлкілдетіп,
Бақалар балпылдайды жер түбінде.
Тигендей мүлгіп тұрған баққа дауыл,
Кесек сөз бір-біріне атқан ауыр.
Əйтеуір үнсіз мүлгіп, тілсіз күлді
Ешкіөлмес етегінде жатқан ауыл.
Қияли тартты Сара қашыққа ұшып,
Жанардан манағы бір қашыпты шық.
Соңғы рет сөйлеп қалсам дегендей-ақ
Бір тұста Біржаннан да асып түсіп.
Біржанның бірінші монологы
Ерекше көзге түсер жұрт ішінде,
Бір мін жоқ жан екенсің түр-түсіңде.
Табиғат бөлек етіп жаратыпты-ау
Сымбатын, сыңғырлаған күлкісін де!
Бала екен бұлбұл қонған таңдайына,
Тағдырдың кез боларсың қандайына?!
Сорың боп жармасар ма жаман біреу,
Бақпысың бір жігіттің маңдайына?
Ортаңнан оқшау тұрған дара тұлғаң,
Құр емес қыз екенсің ар-ақылдан.
Жұлдыз ба деп те қалам жарқыраған
Бар қазақ аспаны үшін жаратылған.
Өлеңді тал шыбықтай иіп кейде,
Қайтеді –
сорғалай ма, биіктей ме?!
Самғаған көктің қыран құсындай ма,
Немесе қырдан қашқан киіктей ме?
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.